$ 447.4  477.55  4.76

2018 жылы Қызылорда облысына 66 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды

Бұл туралы бүгін облыс орталығында өткен өңірлік Инвесторларды тарту және Қызылорда облысының инвестициялық климатын жақсарту жөніндегі кеңес отырысында айтылды. Өңір басшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен жиынға «Қазақ Инвест» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев және оның орынбасары Біржан Канешев, инвесторлар мен жергілікті кәсіпкерлер және осы салаға жауапты мамандар қатысты.

Айта кетейік, экономика секторларына инвестиция тарту – Мемлекет басшысының Үкімет алдына қойған негізгі тапсырмаларының бірі. 2014 жылы жарияланған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасында да Елбасы өңірлерге инвесторларды тартуды облыс әкімдеріне қатаң тапсырған болатын.

ҚР Президентінің осынау тапсырмасы әр өңірде әрқалай атқарылып жатқаны белгілі. Өйткені, облыстардың географиялық орналасқан аумақтарына байланысты өнеркәсіп орындары, ауыл шаруашылығы нысандары әрқалай салынған. Ал, Қызылорда өңіріне келетін инвесторлардың дені күріш пен балық шаруашылығы арқылы кәсібін өрге сүйретсем деген кәсіпкерлер. Бұдан бөлек, аймақтағы шыны зауытын салуға Қытайдан ірі инвестициялық компанияның келгенін де жақсы білеміз. Мұның бәрі – облыстың капиталын толықтыратын қосымша қаражат және жаңа жұмыс орындары. Мәселен, биыл қаңтар-мамыр айларында Қызылорда облысының негізгі капиталына 66 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылып, кәсіпкерлерге қызмет көрсету процесі автоматтандырылғандықтан техникалық шарттарды алу мерзімі бір айдан 3 жұмыс күнге дейін қысқарыпты.

Одан бөлек, Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жобасы аясында қызылордалық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының негізінде инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолдау фронт-офисінің ашылуы жоспарлануда. Бүгінгі жиында осы инвесторларға жасалатын дағдайлар туралы кеңінен сөз қозғалды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Елбасының Жолдауынан туындайтын міндеттердің бірі – инвестицияларды экономикаға тарту екенін атап өтіп, өңірде инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.

«Облысымызда барлық қызметтерді бір жерден алуға мүмкіндік беретін бірыңғай Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Орталықтың жұмысы толықтай автоматтандырылған, сондықтан техникалық шарттарды ұсыну мерзімі 1 айдан 3 жұмыс күніне дейін қысқарды. Біздің тәжірибемізді басқа аймақтар да енгізуде. Аймаққа «зәкірлі» инвесторларды тарту мақсатында 2018 ж. қаңтар-мамыр айларында 11 роуд-шоу ұйымдастырылып, нәтижесінде шетелдік инвесторлармен 3 меморандумға қол қойылды», - деді аймақ басшысы.

2018 жылы 5 айында негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 15,4 пайызға өсіп, 65,9 миллиард теңгені құрады.

Одан бөлек, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында кез келген сыбайлас жемқорлық оқиғалардың алдын алу мақсатында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Инвесторларды сыбайлас  жемқорлыққа қарсы қолдау» жобасы әзірленді.

«Қызылордалық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының негізінде инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолдау фронт-офисінің ашылуы жоспарлануда. Жобаның мақсаты – инвесторларды сыбайлас жемқорлық көріністерінен барынша қорғау. Болашақта кез келген инвестор Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында қызмет алу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қорғау пакетін де алатын болады», - деді облыс әкімі.

Облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Абзал Мұхимов осы жоба туралы баяндама жасады. Естеріңізге сала кетейік, маусым айының басында Астанада «Инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолдау» жобасы қолға алынып, отандық және шетелдік инвесторларды парақорлық тәуекелдерінен қорғау және әкімшілік кедергілерді төмендету шараларын жүзеге асыратын фронт-офис ашылды. Болашақта мұндай фронт-офистер бүкіл республика бойынша ашылатын болады.

Кеңес отырысы барысында аймақта инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың мән-жайы талқыланып, облыс әкімдігі мен «Қазақ Инвест» АҚ арасында әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары