$ 448.15  483.46  4.86

БҚО: төрт жылда 9 мың тоннадай ет экспортталды

БҚО ет экспорттауда республика көлемінде алдыңғы қатарда келеді. Облыс Ресей, Армения, Иран, Тәжікстан секілді шет мемлекеттерге ірі қара мен қой еттерін тірілей және мұздатылған күйде экспорттауда.

Ақ Жайық өңірі аумағынан шет елдерге жөнелтілген еттің басым бөлігі қажетті құралдармен жабдықталған 11 бордақылау алаңында дайындалады. Бүгінгі таңда облыстың 8 ауданында 15 мыңға жуық ірі қара және ұсақ мал бордақылануда. Алдағы уақытта олардың саны арта түспекші. Мәселен, қазір Ақжайық ауданында 1500 бас малды бордақылауға арналған алаңның құрылысы жүріп жатса, Зеленов және Теректі аудандарында 3000-5000 бас ірі қара малын бордақылау алаңдарын салу жоспарлануда.

– Өткен жылы 2000 тонна сиыр етін және 90 тонна қой етін экспорттау жоспарланса, бұл меже 86,8 пайызға орындалды. Экспортаушы кәсіпорындардың қатарында «Батыс Марк Ламб» ЖШС, «Зира ЕТ» ЖШС, «Кублей» ЖШС-лар бар. Шет мемлекеттерге 1,8 тонна сиыр еті мен ет өнімдері, 505 тоннадан астам немесе 5,6 еседен көп қой еті жөнелтілді. Бұл - еліміз бойынша ең жақсы көрсеткіштердің бірі. Биылғы жылы 2 мың тонна сиыр етін, 180 тонна қой етін экспорттау межесі белгіленіп отыр. Күні бүгінгі көрсеткіш бойынша сиыр етін экспорттау жоспары 53,3 пайызға орындалды. Сонымен қатар 338,2 тонна қой еті шетелге жөнелтілген болса, оның 231,5 тонна марқа еті Иран Ислам Республикасына экспортталды. Жалпы соңғы төрт жыл ішінде өңірімізден шамамен 8000 тонна сиыр және 720 тонна қой еті экспортталды,-деді БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Есенғалиев.

Экспорттаушы елдердің қатарын ұлғайту мақсатында «Кублей» ЖШС Қытайға ет жөнелтуге өтініш бергененін айта кеткен жөн. Өткен жылдың мамыр айында Қытай елінен келген сарапшылар Батыс Қазақстан ет комбинатының жұмысымен танысып, жоғары баға берді. Қазіргі уақытта бұл бағытта жұмыс жалғасуда.

Ернар ХАЙДАР

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары