$ 444.32  473.33  4.76

Мал терісін кәдеге жаратуда

Күні кешеге дейін Ақ Жайық өңіріндегі ауыл-аймақтарда да малдың терілері пайдаға жарамсыз болып жататын. Қазір мұндай олқылық жойылды. Оған Оралдағы «ПОШ Руно» зауыты айтарлықтай үлесін қосуда.

Былтыр индустрияландыру картасы аясында ашылған бұл тері өңдеу зауытының негізгі шикізаты - облыста өсірілетін ірі қара мен ұсақ малдардың терісі. Айта кетейік, мұнда ірі қара малының терісінің әр келісі 150 теңгеден қабылданса, қой-ешкінің терілері көлеміне қарай 50-100 теңгенің аралығында даналап алынады. Жылқы малының да терісі қабылданады. Ірі қараның ішінде бұқаның терісі қымбатырақ бағаланады.

Өңірдегі және жақын облыстардағы мал сою бекеттерімен келісімге келген өндіріс орны тұрғындардан да мал терісін қабылдайды. Ақшасын қолма-қол төлейді. Мұнда сиыр, жылқы, қой мен ешкі терілерінен иленген «вет-блю» жартылай дайын өнімі өндіріледі. Зауыт тәулігіне 700 ірі қараның, 2400 ұсақ малдың терісін өңдеуге қауқарлы. Жалпы, мұндағы өндіріске күніне 25 тонна тері керек.

- Облысымызда мал шаруашылығының даму қарқыны жақсы болғандықтан, шикізат жеткілікті. Өңіріміздегі шикізаттың сапасы жақсы. Біздің зауыт өнімін экспорттауға бағдарланған. Сондықтан сапаға баса мән береміз, - дейді зауыттың коммерциялық директоры Аслан Мырзағалиев.

Қазір тері өңдеу зауытында 50 шақты адам жұмыс жасайды. Жоба толық қуатымен іске қосылған кезде қызметкер саны 100 адамға дейін көбеймекші. Таяуда мұнда «вет-блю» жартылай дайын өнімді одан әрі өңдейтін құрылғы іске қосылды. Сонымен қатар теріні наппа, велюр, күдері, өңі қашалған былғары түрлері дайын болғанша өңдеу жобаланып отыр.

Өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында былтыр аталмыш зауыт жанынан аяқ киім тігетін фабрика да ашылды. «As and Ar Collection» деп аталатын бұл фабрика өз жұмысын итальяндық технология бойынша ерлер аяқ киімін тігуден бастады. Мұнда Түркиядан келген аяқ киім тігу шеберлері батысқазақстандық мамандарға аяқ киім тігудің қыр-сырларын үйретуде. «As and Ar Collection» брендімен шығатын аяқ киімдер Оралдағы түрлі сауда нүктелеріне шығарылған. Негізгі шикізат «ПОШ Руно» тері өңдеу зауытында дайындалатын терілер болғандықтан, аяқ киім жергілікті өнімнен жасалған деп айтуға әбден болады. Ал етіктің табаны, баулары Түркиядан сатып алынуда.

Алдағы уақытта аяқ киімді жақын шетелге экспорттауды жоспарлап отырған фабрика басшылығы батысқазақстандық мал терілерінен жасалатын өнім түрлерін көбейтуге мүдделі. Ал бұл өз кезегінде ел, соның ішінде облыс экономикасының дамуына үлес қосары сөзсіз.

Ернар ХАЙДАР

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары