$ 446.49  475.38  4.79

Егістікте қызу еңбек науқаны басталуда

Былтыр батысқазақстандық диқандар дәнді дақылдардың әр гектарынан 14,7 центнерден өнім жинады. Бұл - еліміз тәуелсіздік алғалы облыста қолжеткізген ең жоғары көрсеткіш. Егін шығымы биыл да жаман болмайтын сияқты.

Ағымдағы жылы өңірде 283,6 мың гектарға дәнді және 53,6 мың га. жерге майлы дақылдар егілді. Қазір күздік дақылдарды ору жүріп жатыр. Әр гектардан орта есеппен 11,5 центнерден өнім алынуда. Ең жоғарғы өнімділік Шыңғырлау ауданында. Мұнда күздік бидай гектарына 19 центнерден беруде, екінші орында зеленовтықтар (17 ц/га) келе жатыр. БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Қуанышқали Есімовтің сөзіне қарағанда, бұл көрсеткіш әрбір шаруашылықтың дақылдарға жасаған күтіміне байланысты. Яғни күзде, қыста, көктемде жерлерін дұрыс дайындап, жақсы тұқым сеуіп, тиісті агротехникалық шаралар қолданғандар, жоғары өнімділікке қолжеткізуде. Ал оған жете мән бермегендердің жағдайы мәз емес. Мәселен, Орал қаласының маңындағы шаруашылықтар гектарына тек 3 центнерден өнім алып жатыр.

Ақ Жайық атырабының ауа райы, яғни климаты күрт континенталды болғандықтан облыста жыл өткен сайын майлы дақылдар егістігінің көкжиегі кеңейіп келеді. Мәселен, 2014 жылмен салыстырғанда оның көлемі 75%-ға артты. Соңғы жылдары мал шаруашылығының қарқынды дамуына байланысты жемге сұраныс жиеледі. Сол себепті мал шаруашылығын жем-шөппен қамтамасыз ету үшін 170 мың гектарға жуық мал азықтық дақылдар егілді, бұл екі жыл бұрынғы көрсеткіштен 17%-ға артық.

- Облысымызда дәнді дақылдардың сапасын арттыру мақсатында көп жұмыс атқарылуда. Мәселен, Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының мамандарымен жазғы бидайдың 4 тұқымдық түрі шығарылып, жергілікті жерге аудандастырылды. Арпаның «Жайық 1» және «Жайық 2» сұрыптары сынақтан сәтті өтіп, жоғары өнімділігін дәлелдеді. Қазір олар көбейтіліп, еліміздің басқа өңірлеріне таратылуда. Сондай-ақ ерте пісетін жүгерінің «Тұран 150СВ», «Тұран 170СВ», «КиЗУРАКС 150СВ», «Деркөл 150СВ» шығарылып, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарында аудандастырылды. Ал ноқаттың «Юбелейный», «Волгорадтық 10» сияқты ескі сұрыптарының орнына «Ерсұлтан» және «Деркөл» атты жаңа түрлері шығарылып, көбейтілуде. Жалпы бұл бағытта ТМД елдерінің ғылыми зерттеу ұйымдарымен арадағы әріптестік аясындағы жұмыстар да өз жемісін беруде. Мәселен, Ресейдің «Сібір майлы дақылдар тәжірибе станциясы» ҒЗИ 2011 жылдан бері майлы зығырдың экологиялық сорттарын сынау жұмыстарын жүргізіп, зығырдың 12 түрінің ішінен облысымызға ең тиімдісі ретінде «Бирюза» сұрпын анықтады. Ал «Краснокут селекциялық тәжірибе станциясы» ҒЗИ-мен 2012 жылдан бері жаздық бидайдың, ноқаттың, көпжылдық шөптердің сынау жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар Беларуссияның Витебск аймақтық ауыл шаруашылығы институтымен, Украинаның В.Юрьев атындағы өсімдік шаруашылығы институтымен де бірігіп жүзеге асуда. Мұның бәрі облысымызда өндірілетін дәнді дақылдардың сапасы жоғары, экологиялық жағынан таза әрі бәсекеге қабілетті болуына септігін тигізері сөзсіз,-дейді Қуанышқали Есімов.

Ернар ХАЙДАРОВ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары