$ 443.85  474.3  4.8

«Демеудің» жобасы үздік танылды

Оралдағы «Демеу» мүгедектерді қолдау қоғамының төрағасы Біржан Қожақов бүгінде өзінің пысықтылығы мен жомартылығымен көпшілікке танымал.

«Демеуліктер» ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына өздерінен де бір тарту болсын деп республика бойынша сал (ДЦП) ауруымен ауырып, төсек тартып жатқан сырқат балаларға арнап әр облысқа екі вертикализаторды тегін жасап берген еді. Айта кетейік, бұл вертикализатор деген аппарат - сал ауруына шалдыққан балалар үшін таптырмас құрал. Буынын ұстай алмайтын сәбиді әртүрлі қалыпқа бейімдеп, өздігінен отыруға, тұруға жаттықтыратын мұндай қондырғылар Қазақстанда мүлдем жасалмайды. Ресей, Германия, Түркия, Италиядан шығатын аппараттардың бағасы 250 мыңнан 1,3 млн. теңгеге дейін барады.

Біржан туғаннан мүгедек емес. 2001 жылдың қысында жол полициясында қызмет етіп жүріп, екі аяғын қатты үсітіп алыпты. Біраз жерге барып емделді. Саратовтағы клиникалық аурухана, Алматыдағы Сызғанов институты, Орал ауруханалары... Болмады. Гангрена басталып-ты... Алты операция өтті. Сөйтіп, 30 жасар зіңгіттей жігіт айналасы төрт-бес айдың ішінде екі аяғынан айырылып, төсекке таңылды. Артынан арбаға отырды. Қолы шебер жігіт қарап отырмай, ағаштан бұйымдар жасай бастады. Сөйтіп шағын цех ашып, жиһаз жасауға ден қойды.

– Мүгедек сәбидің жағдайын менен артық кім түсінеді?! Орал қаласының жанындағы Көшім балалар үйіне барғанда жаным түршікті. Жыл он екі ай, күн мен түн төсекке таңылған балалардың халін көргенде жүрегім қарс айырылып кете жаздады. Сонымен көп ізденіспен, ма-мандар мен дәрігерлердің кеңесінен кейін вертикализаторды жасай бастадық. Оларды мүгедек жандар жатқан интернаттарға апарып, сынақтан өткіздік. Бәрі ойдағыдай болған сияқты,-деді Біржан Морякұлы.

Таяуда «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауының өңірлік кезеңі қорытындыланып, жеңімпаздардың есімдері белгілі болды. Олардың ішінде біздің де кейіпкеріміз бар.

Мүмкіндігі шектеулі адамдарға, қоғамдық бірлестіктерге қолдау көрсетуді және халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлжуаз бөлігінің өмір сүру деңгейін жақсартуды көздейтін республикалық байқау биыл елімізде алтыншы рет өткізілуде. Байқау өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бастамашыл әлеуметтік жобаларды қолдау мақсатында ұйымдастырылады. Биылғы сәуір айынан басталған байқау өңірде екі кезеңде, алдымен аудандық, қалалық деңгейде өтіп, одан іріктелгендері өңірлік сайыста бақ сынаған. Облыс бойынша 28 қатысушыдан өтінім түсіп, олардың тоғыз жобасы іріктеліп алынып, өңірлік қазылар талқысына түсті. Жобалардың әлеуметтік маңыздылығы, сол жобаларды

іске асырудағы нәтижелерінің болуы, мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс орындарын ашу сынды талаптарға сай келу жағы ескерілген. Байқау комиссиясының шешімімен «Демеу» мүгедектерді қолдау қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Біржан Қожақов «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» республикалық байқауының өңірлік кезеңінің жеңімпазы атанды.

– Мүгедектерді жұмыспен қамту, оларға жұмыс орындарын ашу бағытындағы жобам үздік деп танылды. Әзірге Сырым және Бөрлі аудандарындағы мүмкіндігі шектеулі жандарды өз ісіме баулып, үйреттім. Алда басқа аудандардан да адамдар тартсам деймін. Қазақтың дәстүрлі жиһаз жасау өнерін, әсіресе, бесік, сандық жасауды үйретемін. Сондай-ақ, соңғы екі жылда сал ауруымен ауыратын балаларға қажетті аппараттың 34 түрін жасап шығардым. Биыл аутизммен, Даун синдромымен науқас ұл-қызға 15 құрылғы ойлап, жасап шығардық. Енді соларды іске асыруға дайындалып жатырмыз, – дейді Біржан Қожақов.

Енді ол алдағы қазан айында өтетін республикалық байқауда облыс намысын қорғайтын болады.

Ернар ХАЙДАР.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары