$ 446.49  475.38  4.79

Баптай білсең, жер жомарт

Ақ Жайық атырабының климатының күрт континенталдығына қарамастан жыл сайын жақсы егін жинап жүрген шаруашылықтар жоқ емес. Солардың бірі - Зеленов ауданындағы «Авангард» ЖШС.

Ауданда ең бірінші болып егінге орақ салған Железнов ауылдық округіндегі «Авангард» ЖШС бүгінгі таңда 110 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру бағытында биыл мемлекеттен 55 млн. теңге демеуқаржы алған. Серіктестіктің иелігінде 21 052 гектар егіс алқабы бар. Оның 5712 гектары күздік, 3816 гектары жаздық бидай, 1458 гектары арпа, 222 гектары бұршақ, 414 гектары судан шөбі, ал өзгесі күнбағыс алқабы.

– Өткен жылдары күздік бидайдың өнімділігі жақсы болды. Бұл дақылдың түсімі биыл да жаман емес. Таяу күндері күздік бидайды себе бастаймыз. Егіс көлемін жылдағыдан 30 пайызға ұлғайтуды көздеп отырмыз. Биыл майлы дақылдардан жылдағыдан мол өнім жинаймыз деген үміт бар. Жиым-терім жұмысы аяқталысымен Теректі ауданындағы май зауытына тапсырамыз деп жоспарлап қойдық. Биыл 3600 гектарға майлы дақылдар ексек, осы бағыттағы егістік көлемін алдағы уақытта 8000 мың гектарға ұлғайтпақшымыз, – деді серіктестік басшысы Серік Ихсанов.

Таяуда БҚО әкімі Алтай Көлгінов осы шарушылықта болып, диқандармен кездесті. Майлы дақылдар мен күздік бидайдың егістік көлемін арттыру қажеттігіне тоқталған облыс әкімі жаңғыртудан кейін қайта іске қосылған Теректі май зауыты диқандар үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.

– Бұрынғыдай жиылған өнімді өткізер орын іздеп сабылмайсыз. Зауытта шикізатқа сұраныс бар, сондықтан мүмкіндікті тиімді пайдаланған ұтады. Ауыл шаруашылығына жаңа технологияны кеңірек енгізу керек. Ол үшін мемлекет барлық жағдай туғызып отыр, – деді Алтай Сейдірұлы.

Айта кетейік, әртараптандыру бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Зеленов ауданында егіс көлемі 235,9 мың гектарға жетті. Оның ішінде дәнді дақылдар 143,9 мың га, майлы дақылдар 31,7 мың га, мал азығы дақылы 56,9 мың га, бау-бақша өнімдері 3,4 мың гектарды құрайды. Қазіргі таңда орақ түскен 52 157 гектардан 62 884 тонна дәнді дақыл жиналды. Күздік бидайдың өнімділігі 14,7 центнер болса, шабылып жатқан жаздық бидайдың өнімділігі гектарына 7,4 центнерді құрап отыр.

Ернар ХАЙДАР

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары