$ 447.4  477.55  4.76

БҚО-да шаруашылықтар қысқа дайындалуда

Ақжайық ауданының Жаңабұлақ ауылдық округінде бүгінде 70-тен астам шаруа қожалығы бар. Осы қожалықтардағы 4 мыңнан астам ірі қара, 2 мыңға жуық жылқы, 20 мыңдай қой-ешкі қыстаққа кіреді деп жоспарланып отыр.

Ауыл әкімі аппараты мамандарының айтуынша, бұл былтырғыға қарағанда біраз көп. Дегенмен де, төрт түлікке тиісті мал азығы дайындалып, қора-қопсылар жөнделді.

Ауылдағы іргелі шаруашылықтардың бірі - «Сұлтан» қожалығы. Көздіғара қыстағындағы бұл қожалықтың меншігінде 8 мың гектардан астам жер бар. 2015 жылы үшпәтерлік жаңа үлгідегі үй салып, электр желісін тартқан. Мұндағы пәтерлерге малшылар қоныстанған. Үйде барлық жағдай жасалғанын айта кету керек. Заманға сай электронды құралдар, телевизор, «Отаu TV» «тәрелкесі», үй телефоны бар.

Бұл шаруашылық - ауданда малды асылдандыруға нық қадам жасап жатқандардың бірі. 455 ақбас тұқымды ірі қара болса, соның 128-і бұзау. Қазір 11 асыл тұқымды аталық табын ішінде жүрсе, 52 аталық бөлек бағылуда. 233 жылқының 101-і құлын. Биыл осы малдар үшін 3000 дана тайланған шөп дайындаған. Бұл көктемге дейін толықтай жетпекші.

Қысқа дайындық «Аймекен» шаруа қожалығында да қызу жүруде. Сарыкөл қыстағындағы бұл қожалықта негізінен еділбай қойы өсіріледі. Қазір 930 қой мен 700 қозы бар. Істі өркендету мақсатында «Аймекен» Оралдағы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-мен тығыз қарым-қатынас жасап келеді. Елімізге танымал аталмыш университеттің мал мамандары, ғалымдар бұл шаруа қожалығымен ынтымақтастық орнатқан. Мысалы, мал мамандығында оқитын студенттер 6 жылдан бері тәжірибеден өтуге келіп жүр. «Студенттер теория бойынша оқығандарын іс жүзінде көзбен көреді. Бұл біз үшін өте тиімді болып отыр. Түлікті асылдандыруға бірігіп күш салып келеміз. Енді біраз уақыт өткесін осындағы отар түгел еділбай қойына айналады»,-дейді қожалық жетекшісі Жақсыбек Жахимұлы.

Сарыкөлде бақша егу де қолға алынған. 2 гектар жерге қауын егіліп, одан жақсы өнім алды. Өнімді Оралға, аудан орталығына саттыққа шығаруда.

Мал шаруашылығын дамытуға үлесін қосып отырған жаңабұлақтықтардың ертеңгі күнге сенімі зор.

Ернар ХАЙДАР

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары