$ 448.89  477.93  4.76

«Алматы Жастары» тұрғын үй бағдарламасы несімен ерекше?

Жастар – Қазақстанның болашағы дегенді жиі айтамыз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «болашақ жастар қолында» деп, жыл сайынғы жолдауларында өскелең ұрпаққа зор үміт артатынын жасырмай айтып келеді.

Иә, болашақ білікті жас мамандардың қолында екені анық. Тек саналы, дарынды, білімді жас мамандар ғана Қазақстанды өркениетті елдердің қатарына қосып, мемлекеттің экономикасын аяққа нық тұрғыза алады. Сондықтан да мұндай азаматтарға үкімет тарапынан түрлі қолдаулар көрсетіліп келуде. Білім беру саласында болсын, әлеуметтік-экономикалық, бизнес салаларында болсын, жастарға түрлі жағдайлар жасалған. Үкімет тіпті «Қазақстан-2020: болашаққа жол» деген мемлекеттік бағдарламаны да әзірлеп тастады.

Жастарға осыншама қамқорлық көрсетіліп жатқанымен бүгінге дейін жас отбасылардың арасында баспана мәселесі әліге дейін толыққанды шешімін таппай отыр. Үкімет түрлі бағдарламаларды қолға алып, жыл сайын мыңдаған шаршы метр тұрғын үйді салып жатқанымен, үйі жоқ жастардың қатары өте баяу сиреп келеді. Бұл ретте, елдегі халық санының да күн санап артып келе жатқанын ескерген жөн.

Үкіметтің тұрғын үйге қатысты түрлі бағдарламаларды жүзеге асырып отқанын айттық. «Қолжетімді баспанадан» басталған осынау бағдарламалар тізбегі «Нұрлы жолмен», Нұрлы жермен», «7-20-25» секілді жобалармен жалғасты. Барлығының да көздегені бір – қазақстандықтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Егер үкімет көздеген жоспарын толықтай жүзеге асырылса 2025 жылға дейін елімізде баспана проблемасы толыққанды шешілуі керек. Яғни, бүгінгідей пәтер жалдап, көшіп-қонып жүрген жастардың қатары азаяды деген сөз.

Біз осы ретте «Алматы Жастары» тұрғын үй бағдарламасы туралы айтып өтуді жөн санап отырмыз. Естеріңізде болса былтыр Алматы әкімі Бауыржан Байбектің бастамасымен аталған бағдарлама тұсауын кесіп, пилотты режимде іске қосылған болатын. Сол кезде жергілікті билік өкілдері «жоба сәтті жүзеге асса келер жылы да жалғастыратын боламыз» деп алматалық жастардың көкейіне үміт ұялатқан еді.

«Бүгінгі күні қалада 35 жасқа дейінгі жастар саны – 800 мың адам. Жастар үшін барынша маңызды және өзекті мәселе – жеке тұрғын үйге қол жеткізу. «Алматы жастары» атты жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасын енгізу үшін қазірдің өзінде жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Оның үстіне, бұл жоба жастарды ынталандырудан бөлек қала тұрғындары ақшасының Алматыда қалуына да ықпал етеді. Жеңілдетілген заемді тек Алматы қаласында ғана алғашқы үйді сатып алуға жұмсауға болады. Яғни, осы қаржы есебінен құрылысшылар мен жұмысшыларға жалақы төленеді, кәсіпорындарға тапсырыс беріледі, құрылыс компаниялары қала бюджетіне салық төлейді», – деген болатын бағдарлама алғаш қолға алынғанда Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.

Енді жобаның биыл жалғасқанына қарағанда алматылық басшылардың жоспары жүзеге асқан сыңайлы. Былтыр осы бағдарлама аясында мегаполисте 100 жас отбасы баспаналы болғаны есте. Биыл тағы 200 отбасы өз үйлерінің кілтін алып, мемлекетке алаңсыз қызмет ететін болады.

«Алматы Жастары» бағдарламасының басты ерекшелігі – құндылығы төмен проценттік көрсеткіште, яғни жылдық 5 пайыздық несиемен 10 миллион теңгеге дейін заем беріледі. Несиені қайтару мерзімі әркімнің төлеу қабілетіне қарай жеке жүргізіледі, атап айтқанда 3-тен 25 жылға дейін.

Биыл жобаның екінші кезеңі басталғанын айттық. Шілде айында 35-ке толмаған жастардан құжат қабылдау басталған болатын. Бүгінде әкімдік 200 отбасын іріктеп алыпты. Енді жыл соңына қарай оларға көптен күткен баспанасы салтанатты түрде табысталатын болады. Бұл үшін жергілікті бюджеттен 2 миллиард теңге қаражат қарастырылған.

Қуантарлығы, «Алматы Жастары» бағдарламасы келер жылы да жалғасатын болады. 2019 жылға қанша қаражат бөлінетіні әлі ресми айтылмағанымен, берілетін тұрғынүй саны жылдағыдан әлдеқайда көбірек болмақ. Талап бұрынғыдай. Алматы қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бас маманы Жасұлан Дүйсекеновтің айтуынша, баспанаға үміткерлер қатаң іріктеуден өтеді. Ол сондай-ақ, «Алматы жастарының» өзге тұрғын үй бағдарламаларынан айырмашылығы жайында айтып берді.

«Құжатты жасы 35-ке толмаған Алматының кез-келген тұрғыны тапсыра алады. Бірақ, құжат тапсырған азамат Алматыда кемі 1 жыл тіркеуде және осында кемі 6 ай жұмыс істеген болуы міндетті», - дейді ол.

Ж.Дүйсекеновтің айтуынша, қалада баспанасы жоқ жастар саны әлі де болса көп екен. Мәселен, былтырдың өзінде «Алматы Жастары» бағдарламасына қатысуға 6657 адамнан өтінім келіп түскен. Жоғарыда айтқанымыздай, олардың тек 107-сі ғана баспаналы болған. Ал, биыл өтінім беретіндердің саны әлдеқайда көп болады деген болжам бар.

«Биыл тапсырылатын үй саны былтырғыдан екі есе көп. Құжат тапсырып жатқандардың қатары да өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда артып отыр. Демек, оларды іріктеу де барынша қатаң болады. Ешкімді бөліп-жармаймыз. Барлығы да балдық жүйемен есептеліп, ең балы көп 200-ден астам жас азамат көптен күткен үйіне қол жеткізетін болады. Балды қалай есептейміз деген сұрақтың туатыны заңдылық. Ең алдымен олардың некесіне қараймыз. Үйленгеніне 1 жыл болған жас отбасыға бірден 30 балл қосылады. Ал, 1 жылдан асқандарға бұл жеңілдік жоқ, тек 2 балл ғана. Сосын, әрбір отбасы мүшесінің тіркеуі үшін тағы 1 балдан қосылады. Отбасындағы балалар үшін: тұңғыш балаға – 10 балл, келесі туылған әрбір балаға – 20 балдан, мемлекеттік қызметте еңбек еткені үшін де балл есептеледі. Былтыр мәселен, ең көп балл 180-ді құрады. Биыл одан көп болады деп күтіп отырмыз. Өйткені, жаңадан отау құрған жастарға 30 балл қосу жүйесін биыл ғана енгізіп отырмыз», - дейді Алматы қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бас маманы Жасұлан Дүйсекенов.

Оның айтуынша, бағдарламаға қатысушылар арасында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға басымдық беріледі екен. Яғни, олардың жағдайына байланысты 10 балдан қосылады.

«Алматы Жастары» бағдарламасына құжат қабылдау қазан айына дейін жалғаспақ. Мұнан кейін арнайы комиссия қатысушылардың ұпайларын есептеп, баспаналардың иесін анықтаумен айналысады. Нәтиже almaty-zhastary.kz веб-сайтында жарияланып, іріктеуден өте алмай қалған азаматтарға қосымша ескертілетін болады.

Айта кетерлігі, бағдарлама аясында жастар баспананы өздері таңдайды. Яғни, бағасы 10 миллион теңгеден аспайтын пәтерді іздеп тауып, ол үшін мемлекеттен жеңілдетілген несие алады. Ал, егер өзіне ұнаған пәтері 10 миллион теңгеден қымбат болса үстіндегі ақшасын азамат өз қалтасынан төлеуі тиіс.

«Былтыр үй алушылар алдын ала негізгі бағаның 20 пайызын төлеу керек болған. Биыл біз бұл соманы әлі бекіткен жоқпыз. Бәлкім сол күйі қалдырамыз немесе жастардың жағдайына қарап тағы да талқыға салатын боламыз», - дейді Жасұлан Дүйсекенов.

Ал, Алматы қаласы тұрғынүй басқармасы басшысының орынбасары Айбек Сәйділдаев құжат тапсырушыларды түрлі құйтырқылықтарға бармауын сұрап отыр. Өйткені, ешкім заңды айналып өте алмайды дейді ол. Былтыр жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүргісі келетін бірнеше адам комиссия мүшелерін алдамақ болыпты. Алайда, бұл әрекеттері әшкере болған.

«Алматы жастары» бағдарламасы бойынша ипотека алу үшін түрлі қитұрқы әрекеттерге барып жатқаны да мазалап отыр. «Былтыр Алматы жастарының арасында жасы келмейтіндер де, яғни 35-тен асып кеткендер де құжаттарын өткізіп жатқан фактілер көп болды. Сосын басында үйі немесе туыстарының үйлерінде үлесі барлардың арасында да қатысуға ниеттілер көп болды. Біз олардың бірден  жолын кестік. Баспаналарын басқаның атына жазып, сатып пәтер алғысы келетіндер де бұл бағдарламамен өтпейтінін ескертеміз», – дейді Алматы қаласы тұрғынүй басқармасы басшысының орынбасары Айбек Сәйділдаев.

Міне, «Алматы жастары» бағдарламасының басты ерекшеліктері осылар. Яғни, қала әкімдігі үкіметке қол жаймай, үкіметтен қосымша бағдарламалардың түсуін күтпей жастарды баспанамен қамту проблемасын осылайша шешіп жатыр. Өзге өңірлерге үлгі боларлықтай бастама.

Бірақ, Алматыда тек осы жалғыз бағдарлама ғана жастар проблемасын шешіп жатыр деуге болмайды. «Алматы жастарынан» бөлек шаһарда «Нұрлы жер» мен «7-20-25» бағдарламалары да жүзеге асып келеді. Олардың аясында да қалада жыл сайын мыңдаған шаршы метр тұрғын үй салынуда. Оларды жастармен қатар Тұрғын үй басқармасының кезегінде тұрған алматылықтар алатын болады.

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары