$ 443.85  474.3  4.8

«Нұрлы жер»: Петропавлда келер жылы 330-дан астам отбасы қоныс тойын тойын тойлайды

Солтүстік Қазақстан облысында тұрғын үй құрылысы қарқын алған. Облыс орталығында «Нұрлы жер» және «7-20-25» мемлекеттік бағдарламалары аясында бірнеше көпқабатты үйдің іргетасы қаланып, қабрғасы көтеріліп жатыр. Құрылысшылар өңірдің климаттық ерекшелігін ескере отырып, нысандарды келер жылдың жазынан бастап бере бастайтындарын айтуда.

Жалпы, Қазақстан тәуелсіздігін алған уақыттан бері Петропавл қаласындағы тұрғын үй нарығында дәл мұндай қарқынмен құрылыс жүрмеген. Биыл облыс орталығында бір үй емес, бүтін бір шағынаудан салынып жатыр. «Жас өркен» деп атау алған осынау шағынауданда қазір «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бірнеше көпқабатты үй салынуда. 2019 жылдың қазан айына дейін жергілікті әкімдік осы жерден 332 отбасыға пәтер кілтін беретіндерін айтып отыр. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары кезінде айтылды.

Премьер-министрге нысандарды СҚО әкімінің орынбасары А.Федяев таныстырды. Оның айтуынша, облыс орталығында тұрғын үйлерден бөлек әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр екен.

«Жаңа шағынауданда 2019 жылы қазан айына қарай 332 отбасы қоныс тойын тойлайтын болады. Пәтер алатын тұрғындар әкімдіктің үй кезегінде тұрған және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшысы болып отырған қала тұрғындары. Шағынауданда қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Қазіргі таңда көпқабатты үйлер салынып жатыр. 900 орынға арналған қазақ мектебі жұмыс істеп тұр. Спорт сарайы және теннис алаңы бар. Тағы 88 балаға арналған шағын орталық бой көтергелі отыр. Сонымен қатар, қазақ театры мен ауысымды 250 орындық емхана салу жоспарда бар», - деді Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары нысандарды таныстыру барысында.

Премьер-министр сонымен қатар, «7–20–25» жаңа ипотекалық бағдарламасын одан әрі іске асыру жоспарларымен және Петропавл қаласының басқа да шағын аудандарындағы құрылыс жобаларымен танысты. Мемлекеттік бағдарлама аясында облыс орталығында төрт панелді бес қабатты үйлер салынып жатыр. Келешекте жекешелендіру құқығына ие болмайтын жалға берілетін екі нысанның құрылысы басталатыны айтылды. Бұл үйлер әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға берілетін болады. Бағдарламаға сәйкес, әр шаршы метрінің бағасы 140 000 теңгеден аспайтын болады.

«Аталған үйлердің құрылыс жұмыстары «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр. Жаңадан салынатын бұл үйлерді «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша беру мүмкіндігі бар. Жалпы, аталған қос бағдарлама өңірдегі баспана тапшылығы мәселесін жақын уақытта шешкелі тұр. Нәтижесінде өзге өңірлерге және көрші Ресейге көшіп кетіп жатқан тұрғындар санын азайтамыз деп жоспарлап отырмыз», — деп атап өтті Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары А.Федяев.

СҚО әкімдігінің деректері бойынша, өңірде құрылыс жұмыстары жоғары қарқынмен жүргізіліп жатыр. 2018 жылдың тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары 230 мың шаршы метрді құрап отыр. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштің 115% құрайды. Осы жылы 1500 пәтер берілгелі отыр. Екі жылдың ішінде 620 ескі үй құлатылды. Олардың орнына 2000-нан астам жаңа пәтер салынатын болады.

Еске сала кетейік, «Нұрлы жер» мемлекетік тұрғын үй құрылыс бағдарламасы 2016 жылдың соңына қарай қабылданған болатын. Бағдарлама аясында жылына 100 мың пәтер салынады деген жоспар бар. Осылайша 15 жылдың ішінде шамамен 1,5 млн отбасыны баспанамен қамтамасыз ету жоспары жасалған.

Ал, «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы биыл көктемде жарияланған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасының» бір тармағы. Елбасы осынау құжатта үкіметке баспана мәселесін шешудің тетіктерін айқын көрсеткен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары