$ 446.49  475.38  4.79

Павлодар облысында ИИД бағдарламасы аясында жаңа электр станциясы салынды

Елімізде Индустриалды инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығы жоғары қарқынмен жүзеге асып келеді. Республика аумағында жаңа өндіріс орындары ашылып, екі қолға бір күрек таппай жүрген жұмыссыздарға үлкен мүмкіндіктер тууда. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, индустриаландыру бағдарламасы іске қосылған 2010 жылдан бері елімізде барлығы 3,5 мыңдай кәсіпорын іске қосылыпты. Бұл көрсеткіш 2020 жылға дейін тағы өседі.

Мәселен, күні кеше Павлодар облысында аталған бағдарлама аясында тағы бір кәсіпорын пайдалануға берілді. Атап айтар болсақ, жаңа станция темір жол құрылғылары мен құрауыштарын өндірумен айналысатын 7 жаңа зауыт пен өндірістік компаниялардан тұратын темір жол кластерін электр энергиясымен қамтамасыз ететін болады.

Кәсіпорынның салтанатты ашылу рәсіміне Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбек өңірдің индустриаландыру бағдарламасына қосып жатқан үлесі туралы айтып өтті. Оның сөзінше, Павлодар – жоғары технологиялық өндірісті дамыту мен елдің ЖІӨ-не қосып жатқан үлесіне байланысты Қазақстан экономикасының көшбасшыларының бірі болып табылады.

«Облыста құрылған заманауи және инновациялық кәсіпорындардың қажеттіліктерін қамтамасыз ететін, тез дамитын Екібастұз темір жол кластері электр энергиясының үздіксіз және сапалы берілуін қажет етті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес қарқынды жұмыс жоғары технологиялық және заманауи қосалқы станцияны құруға мүмкіндік берді. Станция бұл кластердің барлық инфрақұрылымдық қажеттіліктерін қамтамасыз етеді. Бұл шешім мемлекеттік-жекелей серіктестік шеңберінде мемлекеттің ұлттық өндірушіге жасап жатқан қамқорлығының көрсеткіші болып табылады», – деді Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары.

Жұмыс қуаты 80 мегавольт-амперді құрайтын жаңа станция келесі өндірістерді электр қуатымен қамтамасыз ететін болады: ТМД аумағындағы жаңа «Проммашкомплект» зауыты – теміржол доңғалақтарын, арбаларды, бағыттамалық бұрмаларды өндіру және шығару; «R.W.S. Wheelset» – теміржол осьтерін, вагондар, тепло- және электровоздарға арналған доңғалақ жұптарын шығару; «R.W.S. Concrete» – жолдар мен бағыттамалық бұрмаларға арналған теміржол брустарын шығару; «R.W.S. BINDING» – теміржолдардың  жоғары құрылымдарының детальдері мен бекіткіштерін өндіру.

«Қысқа уақыт аралығында мемлекет Президентінің тікелей қолдауының арқасында тек Қазақстан қажеттіліктері үшін ғана емес, сонымен қатар шетел тұтынушыларына да арналған теміржол транспорты мен темір жолдарының жоғары құрылымдарына арналған теміржол жабдықтарын шығарумен айналысатын теміржол кластері құрылды, – деді «Railways Systems KZ» ЖШС бас директоры Артур Хачатурян. – Тауар түрлері көбейіп, өндірілетін өнім саны артуда. Осы бағытта аймағымызда 1500-ден астам жаңа жұмыс орны пайда болды. Осы сала мамандарын даярлау мақсатында арнайы «Railways Systems KZ» оқу орталығы ашылды. Сонымен қатар осындай ерекше өндірістің пайда болғаны туралы естіп жатқан көрші елдер азаматтары осында келіп, жұмыс істеу үшін қалып жатыр».

ПС 220/35/10 кВ – «ФерроТрансТрейд» ЖШС Екібастұз алаңының құрылысына жалпы 2,5 млрд теңге жұмсалды. Жоба «БРК-Лизинг» АҚ лизингтік қаражаттарының есебінен, 1,84 млрд теңге сомасында қаржыландырылды. Қаражаттың қалған бөлігі кәсіпорын есебінен қосылды.

Еске салайық, Индустриалды инновациялық даму бағдарламасы 2010 жылы Елбасы тапсырмасымен іске қосылған болатын. Қазіргі таңда бағдарламаның екінші бесжылдығы жүзеге асуда. Жоба аясында Қазақстан шетелге экспорттайтын дайын өнімдерінің көлемін бірнеше есеге арттырып, елдегі жұмыссыздардың санын күрт азайта білді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары