$ 448.15  483.46  4.86

Алдағы үш жылда Қарағанды облысында 10 мыңға жуық жұмыс орны құрылады

Кеншілер мекеніне айналған Қарағанды облысында жұмыссыздықпен күрес жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Облыс әкімі Ерлан Қошановтың сөзіне сенсек, жұмыссыздық деңгейі өңірде жыл сайын кеміп келеді екен. Бұл туралы әкім бүгін Мәжілісте Парламент тыңдауларында мәлімдеді. Өз баяндамасында ол еңбек нарығы, азаматтарды жұмысқа орналастыру және жұмысбастылығына қатысты проблемалар, өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ететін тұрғындарды рәсімдеу мәселелері жайында сөз қозғады.

Е.Қошановтың айтуынша, қазіргі таңда Қарағанды облысындағы жұмыссыздар саны 52 мың адамды құрайды екен. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай кеміген. Тұрғындарды жұмыспен қамтуға индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы көмектесіпті.

«Бүгінгі таңда Қарағанды аймағының еңбек нарығы жұмыссыздық деңгейінің төмендеуімен сипатталады, 2017 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда 4,8% орнына 4,6%. Өзін өзі жұмыспен қамтушы тұрғындардың саны 9 000-ға төмендеп, 52 мың адамды құрады. Қазір бізде 700 мың экономикалық белсенді тұрғын бар. Нарық құрылымының өзгергеніне қарамастан, біздің міндетіміз – оларды жұмыспен қамту болып табылады», - деді Ерлан Қошанов. 

Әкімнің айтуынша, Қарағанды тұрғындарының көбі өндіріс саласында еңбек етеді екен. Жаңадан ашылып жатқан жұмыс орындары да осы кәсіпорындарда. Дегенмен, жаңа технологиялардың келуімен бірге, зауыттарда роботтандыру процесі де жүріп жатқанын ескеру керек. Яғни, бұған дейін адамдар жасап келген жұмыстарды енді машинаның өзі-ақ атқара алады. Сондықтан, алдағы бірнеше жылда жұмыссыздық мәселесі қайта туындауы ғажап емес.

«Біз қазіргі таңда барлық ірі кәсіпорындар Индустрия 4.0 технологияларын енгізуге бағытталғанын түсінеміз. Өнеркәсіптегі жаңғыру экономика құрылымының өзгеруіне алып келеді. Әртараптандыру үлес-пайдамен қоса жұмыс күшінің босатылу қаупін тудырады. Осыған байланысты біз не істеп жатырмыз? Қазіргі таңда біз 68 ірі кәсіпорынмен еңбек ресурстарының ағымы бойынша жол карталарын құрдық. Ол өз кезегінде бізге алдын ала штаттың қысқаруын болжауға мүмкіндік береді. Яғни, сол қысқаратын адамдарға біз басқа кәсіпорындардан жұмыс тауып беруге тырысамыз, бастысы оларды жұмыссыз қалдырмаймыз» - деп түсіндірді аймақ басшысы.

Ол алдағы үш жылда облыста 34 инвестициялық жобаларды іске қосудың арқасында 9600 жаңа жұмыс орындары қүрылатынын мәлімдеді. 

Сонымен қатар еңбек нарығының жаңа талаптарын ескере отырып, мамандардың біліктілігін арттыру шаралары қолданылып жатқанын да айтып өтті. Бұл ретте дуалды білім беру жүйесі үлкен көмегін тигізуде. 

Мәселен, биыл 60 адам сұранысқа ие мамандықтарға облыс бойынша берілген білім гранттарымен ЖОО-на түсті. Сондай-ақ, кәсіби-техникалық білім алу үшін 8000 орынға мемлекеттік тапсырыс берілген, оның 75% - жұмысшы мамандықтарына. 

«Аймақтық Кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып кадрлық сұранысты бақылау және болжау орталығын құрудамыз. Ол экономиканың кадрларға сұранысын болжауға және мемлекеттік тапсырысты құруға мүмкіндік береді» - деп толықтырды өз сөзін Ерлан Қошанов депутаттардың алдында жасаған баяндамасы барысында.

Осы ретте айта кету керек, Қарағанды облысы елімізде шағын және орта бизнесте жұмыс істеушілер саны бойынша 4-ші орында тұр. 

«Ол облысымыздың экономикалық белсенді тұрғындарының үштен бір бөлігі. Бұл сегменттің ұлғаюы біз үшін басым бағыт болып табылады», - деп атап өтті облыс әкімі. 

Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру барысында Қарағанды облысының орны ерекше. Облыста түсті металлургиядан бастап, ауыр өнеркәсіптің басым бөлігі орналасқан. Осы өндіріс орындарын жергілікті жұмысшылармен қамтамасыз ету мақсатында облыс аумағында бірнеше білім беру мекемесі жұмыс істеп жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары