$ 443.85  474.3  4.8

Қарағандыда салынатын жаңа мұнай өңдеу зауытына 100 гектар жер бөлінді

Қазақстан үкіметі ішкі нарықты тұтастай отандық жанармаймен қамтамасыз ету үшін төртінші мұнай өңдеу зауытын салатын болды. Жаңа кәсіпорын Қарағанды облысында бой көтермек. Зауыт құрылысы толық аяқталып, іске қосылған кезде отандық жанармай нарығында жылдағыдай бензин мен дизель отынының тапшылығы болмайды дейді мамандар.

Ал, Қарағанды облысының билігі жаңа кәсіпорынның құрылысы үшін 100 гектар жер бөліп қойды. Бұл жерге зауытпен қатар шағын қалашық та салынатын болады. Бұл туралы Жаңаарқа ауданының әкімі Юржан Бекқожин мәлімдеп отыр.
«Жұмыстарды «Абылайхан» компаниясы жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда жер телімдері де бөлінді: 100 гектар зауыт құрылысына арналса, 70 гектар үйлер мен әлеуметтік-мәдени нысандарды салуға бөлінді. Бұл жерде спорт кешені, медициналық бекеті және сауда орталығы бар шағын қалашық салу жоспарланып отыр», - деді Жаңаарқа ауданының әкімі.

Айта кетейік, МӨЗ Қарағанды облысында индустриаландыру бағдарламасы аясында салынатын ең ірі жоба болып есептеледі. Оның құрылысын жүргізуге шетелдік инвесторлар тартылмақ. Атап айтқанда, сингапурлық құрылыс компаниясы зауытты салумен айналысады. Ал, негізгі жұмыс күші жергілікті жастардан құралмақ.

«Қазіргі таңда барлық жобалық-сметалық құжаттар мемлекеттік сараптамада. Қорытынды алынған соң бірден зауыттың құрылысы басталады. Зауыт аудан орталығы Атасу кентінен алты шақырым жерде орналасатын болады. Зауыт пен қалашықты екі жыл көлемінде салу көзделіп отыр. Қүрылыс жұмыстарына 1500 адам жұмылдырылады. Өндірісті іске қосқан соң тұрақты жұмыспен 500 адам қамтамасыз етіледі», - деп мәлімдеді Юржан Бекқожин.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың көктемінде Қарағандыда Сингапурдан келген инвесторлармен жалпы сомасы 300 миллиард теңгені құрайтын келісімшарт жасалған болатын. Алдын ала есептеулер бойынша, зауытта жылына 1 миллион тоннаға дейін мұнай өңделеді.

Осы ретте айта кету керек, Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Өйткені, жыл сайын елде жанармай тапшылығы сезіліп, егін ору науқаны кезінде дизельдік отын бағасы шарықтап кетеді. Мемлекет басшысы осынау дефицитті болдырмас үшін Қазақстанға төртінші МӨз-дің керектігін талай рет айтса да, оны үкімет іске тек биыл ғана асыра бастады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары