$ 448.89  477.93  4.76

Иранға 85 тонна қой еті жіберілді

Бұл туралы БҚО әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексов Ақжайық ауданына жасаған сапары кезінде айтылды. Аудан аумағында орналасқан «Батыс Нық» ет комбинаты қойды вакумды негізде сойып, етін экспорттауға жарақтанған. Ет комбинатында қызметін бастаған «ZiraEt» ЖШС 2018 жылдың 3 шілдесінде Иран еліне қой етінің алғашқы легін экспортқа шығарды. Бүгінгі күнге дейін ет комбинаты 84 тонна етті сыртқы нарыққа жөнелтті. Қазір кезекті партия дайындалуда. Алдағы уақытта экспортқа сиыр етін шығару да көзделіп отыр.

Ақжол ауылдық округінің аумағындағы №41 жайылма суландырылатын алқаптың жай-күйін көрген И. Стексов ҚР Президентінің тапсырмасына бойынша өңірімізде мал шаруашылығын жем-шөппен тұрақты қамтамасыз ету бағытындағы іс-шараларды қолға алып жатқандығын жеткізді. Соның бірі - көлтабанды суармалы жүйелерін қалпына келтіру. Сол себепті суармалы алқаптардың бар мүмкіндігін пайдалану керек.

- Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Ақжайық ауданы аумағындағы Ащы-Азнабай-Тайпақ суару-суландыру каналы және Азнабай-Тайпақ суландыру жүйесі (Аяқ су қоймасына) нысандарының техникалық жағдайы зерттелді. Қазіргі таңда Ащы-Азнабай-Тайпақ каналын іске қосу үшін каналды қайта қалпына келтірумен қатар, су көзін анықтау жұмыстары жүруде. Ал Азнабай-Тайпақ суландыру жүйесін қалпына келтіру үшін бөгет, екі қақпалы су жіберу ғимаратын қайта жаңғырту керек болады. Одан бөлек, тасқын суларды жинақтау және тарату, шалғайдағы жайылымдарда мал суаратын суландыру құрылғыларын (құдықтарды) қалпына келтіру және жетілдіру бойынша Үкіметпен жасақталған жоспарға облысымыздан Азнабай-Тайпақ суландыру жүйесінде орналасқан Аяқ су қоймасының бөгетін қайта қалпына келтіру жұмысы енді. Бұл жұмыстарды орындау үшін қажет қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Жайықтың сол жағалауында орналасқан осынау су жүйелері қалпына келсе 15,5 мың га көлтабанды суармалы жерді, 45 мың га жайылым жерлерін суландыруға мүмкіндік беріп, мал шаруашылығының дамуына септігін тигізеді,-деді ауданға жұмыс сапарымен келген жұмыс тобының құрамындағы БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Есенғалиев.

Ернар ХАЙДАР

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары