$ 447.4  477.55  4.76

Серпінді жобалардың берері көп

БҚО-ның инвестициялық климатын жақсартуға агроөнеркәсіпкешені саласындағы жобалар өз үлесін қоспақшы.

Серпінді жобалардың ішінде Оралдағы «Агропродукт ЛТД» ЖШС-ның жобалары да бар. Серіктестік басшысы Темірғали Ескендіровтің айтуынша, Сырым және Зеленов аудандарында ірі қара малын ашық бордақылауға арналған алаңдарының жобалық құны 1,2 млрд. теңгені құрайды. Ашық бордақылау алаңы үш мың бас ірі қара малына есептелген. Үш мың бастан жылына 600 тонна ет өндірілмек. Бұл жерге жергілікті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің малы сатып алынады. Ауылдағы ағайынды тұрақты жұмыспен қамтуға да мүмкіндік болмақ.

Зеленов ауданының Янайкин ауылындағы бордақылау кешені үшін 5000 гектар жерге жем-шөп базасын салу жобасы қазақстандық және шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асады. «Central Feedlot» ЖШС төрағасы Мақсот Бақтыбаевтың сөзіне қарағанда, жоба аясында жүгері, сүрлем, арпа секілді тағы да басқа мал азықтарын өндіру үшін шамамен 2000 гектар жерге суландыру жүйесін қолданылатын болады. Айта кетейік, Ақ Жайық өңірінде суармалы жерлердің санын арттыру бағытында жұмыстар қолға алынып жатыр, ал бұл шаралар мал азығын дайындауға септігін тигізеді. Соның нәтижесінде екі жыл ішінде облыстағы суармалы жерлер көлемі 36 мың гектардан 70 мың гектарға дейін артты.

"Kazakh Invest" ҰК АҚ-мен бірлесіп жүзеге асатын инвестициялық жобаның бірі - Зеленов ауданындағы жылыжай кешенінің құрылысы. «World Green Company» ЖШС-ның директоры Нұрлан Әділханның баяндауынша, аумағы 12 га болатын жылыжайдың 10,5 гектарына қияр мен қызанақтың түр-түрі егілмек. Жылыжайдың құрылысы 2019 жылдың маусым айында басталмақшы. Инвестиция көлемі 13 млрд. теңге болатын жобаның нәтижесінде күніне 20 тоннадай, жылына 7,5 мың тонна өнім шығару жоспарланған.

Ернар ХАЙДАР

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары