$ 448.15  483.46  4.86

Алғашқы модельдік ферма

Теректі ауданының Подстепное округі аумағындағы «Төлеңгіт» шаруа қожалығының базасында модельдік ферма құрылады.

- Елбасы биылғы Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін, соның ішінде мал шаруашылығын дамытудың маңыздылығына тоқталды. Әсіресе экспортқа шығатын өнім ретінде етке, соның ішінде сиыр еті өндірісін артыруға басымдық беріледі. Елдің азық-түлік қауіпсіздігі де қамтамасыз етілуі тиіс. Осы мақсатта бірқатар шаралар қабылдануда. Солардың бірі – ең заманауи озық техника мен тәсілдер енгізілетін модельдік фермалар құру. Өңірдегі мал шаруашылығы бағытындағы барлық ғылыми ізденістерің басында жүретін біздің университет осы үлгілі ферма базасында ғылыми, оқыту семинарларын өткізіп, студенттердің тәжірибе жинақтауын, ғылыми ізденістер жұмысын, ісін жаңа бастаған фермерлерді оқыту және тағы басқа шаралар ұйымдастырады, - дейді «Етті мал шаруашылығы бойынша модельдік ферма» жобасының БҚО-дағы жетекшісі, ауыл шаруышылығы ғылымының докторы, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың профессоры Едіге Насамбаев.

Ғалымдардың таңдауы дәл осы шаруашылыққа түсуі кездейсоқтық емес. Бұл жерде ғылыми жұмысқа қажетті барлық жағдай бар: қалаға жақын, дамыған инфрақұрылым, жайылымдық жер, база, асыл тұқымды малдың екі түрі (әсіресе герефорд тұқымды етті бағыттағы мал) өсіріледі. Келер жылдан бастап жүзеге асатын осынау жоба аясында бұл жерде қоршалған жайылым болады, қыс кезінде жылытылған су беру, цифрландыру жүйесін қолдану мүмкіндіктері де қарастырылуда. Шаруашылықта электрондық салмақ өлшегіштер орнатылады. Ондағы көрсеткіштер мәліметтер базасына түсіп, өңделеді және қолданыстағы азықтан малға ең тиімді жем-шөп жинағын құратын «Рацион плюс» бағдарламасы қосылады.

Ернар ХАЙДАР,
Батыс Қазақстан облысы
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары