$ 449.58  486.94  4.86

Ауыл шаруашылығына - 12 млрд. теңге

Биылғы тоғыз айда батысқазақстандық шаруалар 1,5 мың тоннадан астам етті шет мемлекеттерге шығарды. Соның нәтижесінде Ақ Жайық өңірі еліміздегі ет экспорты бойынша бірінші орынға шықты.

Бұл туралы БҚО әкімі Алтай Көлгінов облыстық мәслихат депутаттарының алдында тоғыз айдың қорытындысы бойынша берген есебінде баяндады.

- Биыл БҚО-да ауыл шаруашылығын қолдау шараларына 12 млрд. теңге бөлінді. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда ол 30%-ға артық. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім 104 млрд. теңгені құрады. Дәнді дақылдарының жалпы егістік көлемі 513 мың гектарға жетті. 244 мың гектар егістен 168 мың тоннадан астам астық жиналды. Өңірдегі қысқы дәнді дақылдардың жалпы көлемі 76 мың га құрайды. Алдағы қыс маусымына 1,5 млн. тонна мал азығы жиналып, мал азығы жоспары 103,2%-ға орындалған. Сонымен қатар өңірге 2,5 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылып, агроөнеркәсіп кешенде бірқатар жобалар жүзеге асты. Нәтижесінде «Кублей» компаниясында малдың қалдықтарын қайта өңдеу бойынша инвестициялық жобасы іске қосылды. «Теректі май» компаниясында күнбағыс майын өндіретін зауыт қайта жаңғыртудан өтіп, өз өнімдерін экспортқа шығаруда. «Желаев нан өнімдерінің комбинаты» АҚ-да макарон өнімдерін өндіретін фабрика пайдалануға берілген. Зеленов ауданында «DMD PRODUCTION» компаниясы қуаттылығы жылына 1000 тонна болатын консервіленген көкөністер мен жемістерді өндіруге арналған зауыт салуда. «Орал жылыжай комбинаты» жалпы аумағы 5 гектарды құрайтын жылыжай кешенінің құрылысын жүрзіп жатыр,-деді өз сөзінде Алтай Сейдірұлы.

Ернар ХАЙДАР,
Батыс Қазақстан облысы
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары