$ 443.85  474.3  4.8

Сырымдықтар кооперативке біргуде

Ұсақ шаруашылықтарды ірілендіріп, кооперацияға біріктіру еңбек өнімділігін арттырумен қатар, жақсы табыс табуға мүмкіндік беретіндігін БҚО-да Сырым ауданындағы шаруашылықтар дәлелдеуде.

Бүгінгі таңда аудан бойынша 23 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Сөйтіп облыста сырымдықтар бұл бағытта көш бастап келеді. Кооперативтің бәрі де мал шаруашылығымен айналысуда. Соның ішінде 13-і тұқымдық түрлендірумен, қалғаны мал бордақылауды жүзеге асыруда.

-Елбасының жергілікті атқарушы биліктің алдына қойып отырған талабының бірі – халықты жұмыспен қамту. Әсіресе ауыл тұрғындарының екі қолға бір күрек табуына жете мән беру керек. Біз ауылдарда өндірістік кооперативтер құру арқылы бұл мәселені шешудеміз. Сондай-ақ аталмыш құрылымдар ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайтып, сапасын жақсартуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді,-дейді Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев.

Айта кетейік, аталмыш аудан негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Күні кешеге дейін мұнда егін де егілді. Бірақ ауа райына, яғни климаттың күрт континенталдылығына байланысты қожалықтар өсімдіктен мал шаруашылығына бағыт бұруда. Аудан басшысының айтуынша, сырымдықтар енді мал тұқымын асылдандыруға ерекше мән беріп жатыр. Мәселен, жыл басында ауданда асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын 12 шаруашылық болса, қазіргі таңда олардың саны 15-ке жетті. Ондағы мал басы 3478 басты құрап отыр. Биылғы он айда сырымдық шаруалар 355 асыл тұқымды бұқа, 287 асыл тұқымды қашар, 363 асыл тұқымды қошқар және 10 асыл тұқымды айғыр сатып алды. Одан бөлек «Сырым» несие серіктестігі арқылы «Сыбаға» бағдарламасы аясында аудандағы 3 шаруа қожалықтары жалпы сомасы 113,1 млн.теңге көлемінде несие алып, Рсейден асыл тұқымды 181 бас мал әкелді.

Ернар ХАЙДАР,
Батыс Қазақстан облысы

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары