Назгүл МАҚЖАН, кәсіпкер: Отандық өнім арқылы қазақ брендін қалыптастырғым келеді - Жаңалықтар. Қазақстанның жаңалықтары. Skifnews.kz ақпараттық портал

Жаңалықтар. Қазақстанның жаңалықтары

Қазақстан, Қазақ, Жаңалықтар, Тіл, Қазақша, Қазақша жаңалықтар, Әдебиет, Телеарналар, Газеттер, Радиолар, Електронды бақ, Дін, Ақпарат, Билік , Хабар,Азаттық, Қаз ақпарат , жаңалықтар бүгінгі, жаңалықтар бүгінгі, жаңалықтар қазақстан, жаңалықтар 2015, жаңалықтар қазақша, бүгінгі жаңалықтар қазақша, қазақстан жаңалықтары, жаңалықтар кз, Қазақша жаңалықтар

Назгүл МАҚЖАН, кәсіпкер: Отандық өнім арқылы қазақ брендін қалыптастырғым келеді

26.11.2016 17:20
Назгүл МАҚЖАН, кәсіпкер: Отандық өнім арқылы қазақ брендін қалыптастырғым келеді

Қазақстанда 4 миллионнан астам әйел өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатарында.

Олардың 30 пайызы «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржылық, 40 пайызы қаржылық емес қолдау көріп отыр. Себебі, біздің елімізде әйелдер кәсіпкерлігі ерекше маңызға ие. Шағын және орта бизнестің дөңгелегін дөңгелетіп жүрген қыз-келіншектердің арасында энергетика саласының тыңына түрен салуға кіріскен кәсіпкер, Astels ЖШС-ның бас директоры Назгүл Мақжан бар. Іскер әйел отандық өнім өндіруде қандай қадамға барды, оның бизнес-бастамасының жаңашылдығы неде? Осы тектес сауалдарға жауап алу үшін бас директормен сұхбаттасып қайттық.

– Бұдан 4-5 жыл бұрын энер­гетика саласына қатысты кәсіпке бет бұру туралы ой келді. Алайда дәл осы саланың ма­маны болмағандықтан, тар­тын­шақтай бердік. Жылдар бойы үміт пен күдік тайталасып жүр­ді. Бірде Оңтүстік Кореяның аза­маттарымен бас қостық. Олар бірлескен жобаны жүзеге асыруды ұсынды. Іс осылай бас­талды.
 Басында барлық қызметті бас менеджер атқарды. Кейін маған бизнесті өз қолыма алу қажет болды.
 Ең әуелі біз нарықты зерт­те­дік. Ұсыныс пен сұранысты сараладық. Сөйтіп, осы бағыттағы әлемдік көшбасшы мемлекеттер мен Қазақстан арасында делдал болу туралы шешім қабылдадық. Нәтижесінде, Оңтүстік кореялық LSIS компаниясы бізге Қазақстан аумағында өкіл болу құқығын берді.
1974 жылы негізі қаланған ше­телдік компания дүниежүзі бойынша электрмен қамтамасыз ету, автоматтандыру және жа­сыл технология салаларының көш­басшысы болып табылады. Сонымен қатар бұл компания әлемге Smart Grіd жүйесін ен­гізгендігімен және Ирактың энергожүйесін қалпына кел­тір­генімен танылған. Қазір LSIS компаниясы Малайзиядағы TNB компаниясының жобасын жүзеге асырып жатыр. Осындай беделді әрі ірі ұйыммен ор­нат­қан әріптестігіміз нәтижелі бо­латынына сеніміміз зор болды. Дегенмен теңгенің еркін ай­на­лымға шығуы, кедендік тек­серуден кейінгі тауар баға­сының шарықтап кетуі, сатып алу мүм­кіндігінің күрт төмендеуі сын­­ды сыртқы факторлар біздің жоспарымызға үлкен өзгеріс енгізді. Біз ел аумағында вакуумды ажыратқыштар өндірісін қол­ға алу қажеттігін түсіндік. Сөй­­тіп, Астанада энергетика са­ла­сындағы алдыңғы қатарлы технологиялардың талаптарына жауап беретін вакуумды ажырат­қыш өндірісін іске қостық. Елі­міздің энергетика саласына соны серпін беру үшін бірден кернеуi 10 кВ-тық AVL-1200 атты қазақ брэнді болып та­бы­латын вакуумдық ажы­рат­қыштарды шығаруға кі­рістік. Оның техникалық мүм­кіндігі мен жарамдылығы қазір қол­данылып жүрген майлы ажы­ратқыштардан артық бол­ды. Біздің Қазақстандағы транс­форматорлардың майлы ажы­­рат­қыштарын вакуумды ажыратқыштарға алмастыру ту­ралы бастамамыз еліміздегі бе­делді құрылыс, сондай-ақ ай­мақтық электр желілік ком­па­ниялары және Астана элек­тро­техникалық зауыты тарапынан кең қолдау тапты. Сәйкесінше, өнімдеріміздің өтімділігі ар­тып, Қарағанды, Павлодар, Екібастұз, Көкшетау, Алматы қалаларының кәсіпорындарынан түскен тапсырыстарды орындай бастадық.
Бүгінгі таңда түрлі кә­сіп­орындар мен өндіріс ошақтары, құрылыс компаниялары мен трансформаторлық қосалқы стан­­салар, өңірлік электр же­лілік компаниялары, мұнай-газ секторы сынды көптеген ме­кемелер біз өндіріп отырған вакуумдық ажыратқыштардың негізгі тұтынушылары болып отыр.
Бізді отандық өнімге деген сұраныс қатты қуантады. Себебі, қаржы сыртқа кетпейді. Өз елімізде, өз жерімізде айналады. Біз өндіруші, олар тұтынушы ре­тінде отандық экономиканың қарыштауына үлес қосып келеміз. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді.
Осы уақытқа дейін нарыққа 400-ден астам вакуумдық ажы­­ратқыш шығарылды. Дәл осы ажыратқыштың сапасы өзінің әлемге әйгілі Sieme­ns, ABB, Shnyider секілді ба­ла­ма­ла­рымен бірдей. Бұған қоса, ол барлық халықаралық IEC стандарттарына сай келеді.
Ерекше атап көрсетерлігі, біз өндіретін өнімдер қолжетімді. Өйткені құны нарықтағы бағадан 30 пайызға арзан.
– Түсіндіріңізші, вакуумды ажыратқыш деген не?
– Бұл – жоғары қуатты үлестіру жүйесіндегі коммутациялық құ­рыл­­­ғылардың заманауи түрі. Вакуумды ажыратқыштар кем дегенде 25 жыл мінсіз қыз­мет етеді. Ал майлы және элек­тро­магнитті ажыратқыштар қыста – қатады, жазда – қызады. Яғни, кәсіпорын уақыттан да, қаржыдан да ұтылады.
Вакуумды ажыратқыштар кенеттен пайда болған жоғары кернеу кезінде қуат көзін қалыпты жағдайда ұстап тұрады және түрлі кернеулерді үйлестіріп отырады. Тозу төзімділігі мықты болуына байланысты вакуумды ажыратқыштар шығындарды да азайтады.
– AVL – 1200 вакуумды ажыратқышының баламаларынан қандай артықшылығы бар?
– Отандық өнімнің шетелдік вакуумдық ажыратқыштардан бір­неше басымдығы бар. Бірін­шіден, AVL-1200 вакуумдық ажыратқышының қосалқы бөл­шектері Кореядан әкелініп, елі­мізде құрастырылады. Ал басқа компаниялар шығаратын өнімдер дайын күйінде толығымен ше­тел­ден тасымалданады. Сол себепті, олардың бағасы қымбат болады. Екіншіден, AVL-1200 вакуумдық ажыратқышының толымдаушылары ҚР энер­ге­ти­калық заңына сай жасалады. Ал шетелде жинақталған ва­ку­­умдық ажыратқыштар бұл заң­­намаға сай келмеуі мүм­кін. Бұған қоса, тұтынушы өзі­міз­де өндірілетін вакуумдық ажыратқыштарды қосымша бөлшектермен толымдай алады, бұл тасымалдауға жұмсалатын қаражат пен уақытты үнемдеудің тиімді әрі таптырмас тәсілі болып табылады.
Вакуумдық ажыратқыштар қазіргі таңда энергетика са­ла­­сында жоғары вольтті ком­му­та­цион­ды аппаратура ретінде өте маңызды рөл атқарады.
Вакуумды ажыратқыштар дыбыссыз жұмыс істейді, жарылу, жану қаупі жоқ. Осындай отандық өнім өндіру арқылы біз еліміздің энергетика саласын дамытуға, халықты жұмыспен қамтуға және бюджетке төленетін салық көлемін еселеуге қомақты үлес қосатынымызға сенімдіміз.
Келешекте жинақтаудың қазіргіден де жоғары дәрежесіне жете отырып, ұсақ тораптық бөлшектерді өзіміз өндіруді жоспарлап қойдық.
Қазақстан Еуразиялық эко­­­­­­номикалық одаққа енген­нен бері отандық өнімді өт­кі­­­зетін нарықтың аясы ке­ңей­ді. Сондықтан біз ал­да­ғы уақытта кернеуi 10 кВ   автоматтандырылған ауа ажы­рат­қыштарын да өндіруді көздеп отырмыз.
– Cіздер мемлекеттің «Жұ­мыспен қамту – 2020» бағдарламасының жүзеге асуына үлес қосып отырған боларсыздар...
– Әрине, онсыз болмайды ғой. Білікті кадр табыстың еселенуіне, нәтиженің артуына себепші болады. Сондықтан біз қызметкерлеріміздің әлуметтік жағдайын ерекше назарда ұс­таймыз. Олардың алаңсыз жұ­мыс істеуіне мүмкін болған жағ­дайдың барлығын жасаймыз. Ма­мандарды өзіміз іздеп жүріп, қызметке іріктеп аламыз. Таяуда бос орындар жәрмеңкесіне бардық. Сол жерден өзімізге қажетті адамдарды таптық. Олар­дың алды қызметтеріне кірісіп кетті, кейінгілері құжат­тарын рәсімдеп жатыр.
Қазіргі таңда компания­мыз­д­ың штатында ондаған адам еңбек етіп жатыр. Олардың басым бөлігі Оңтүстік Кореяға барып, кәсіби біліктіліктерін шыңдап келді. Келесі айда тағы 2 қызметкерімізді шетелге оқуға аттандырайын деп отырмыз.
– Елімізде жеке кәсіппен айналысып жатқан қыз-ке­лін­шек­терге мемлекет тара­­пынан түрлі қолдаулар көрсетілетінін жақсы білесіз. «Жеңілдіктерге» жүгініп көрдіңіз бе?
– Әзірше, мемлекеттен қол­дау сұраған жоқпыз. Барлық істі өз қаражатымызбен атқа­рып отырмыз. Өндірістік қуаты­мыздың артуына байланысты болашақта сіз сөз етіп отырған «же­ңілдіктерге» жүгінуіміз мүм­кін.
– Жеке кәсіпкер ретінде қандай қиындықтармен бетпе-бет келіп жүрсіз?
– Басқа салалардағыдай бұл жерде бізге де Кедендік одақ мәселе туғызады.
2012 жылға дейін еркін қойма ашып, толымдаушыларды нөлдік мөлшерлеме бойынша кедендік рәсімдеуден өткізуге болатын. Қазір мұндай мүм­кіндік жоқ. Біз шеңбермен шек­­­­теуліміз, қосарланған са­лық, сертификатты алу үшін де ресейліктерге жүгінуге мінд­ет­ті­міз. Сондықтан тек қана біздің компанияның ғана емес, басқа да отандық компаниялардың дамуы үшін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет деп ойлаймыз.
– Энергетика саласы әйел адамдарға таңсық дүние ғой, дәл осы салада бизнес жүргізуге қорыққан жоқсыз ба?
– Меніңше, «әйел адамға таңсық дүние ғой» деген пікір қасаң қағида. Ер адамның ақыл-ойы мен мүмкіндігі жеткен кез келген іске әйел адамның да қабілет-қарымы жетеді. Ең бастысы, бизнеске ниет пен ізденіс қажет. Сонымен қа­тар қаржыны басқаруда, на­рық­ты игеруде, маркетинг пен сату ісінде, кадр таңдауда, ст­ра­тегиялық жоспарлауда, тәуе­келдерге баруда сауатты болу керек. Осыларды меңгермеген ер адам да шалқып тұрған шаруаны шатқаяқтатып жіберуі мүмкін. Ал қоғам әйелдер құрылыс, транспорт, шикізат өнеркәсібі, мұнай-газ және энергетика салаларын игере алмайды деген ұғымнан ажырауы тиіс деп ой­­лаймын. Себебі, бұл өткен заманның түсінігі.
Мемлекет басшысының: «Кез келген елдің болашағы әйелдердің қоғамдағы орнына байланысты болады. Біз бұ­ған үлкен мән береміз» деп айт­қаны бар. Бүгінде Қазақстан қо­ғамында әйелдер саясатта, биз­несте, экономиканың барлық секторында, шаруашылықтың түрлі салаларында ерлермен қатар еңбекке белсене араласып, өздерінің біліктіліктері мен іскерліктерін танытып келеді. Себебі, әйелдер қажет кезде ке­ректі сөзді, әдісті, амалды тез таба біледі. Олар түсінікті тіл­де сөйлеседі және барынша жа­уапты, жинақы, тәртіпшіл бола біледі.

– Әңгімеңізге рақмет. Кәсібіңіз өрлеп, табысыңыз еселене берсін!

Сұхбаттасқан
Қанат МАХАМБЕТ, Айқын.

«Skifnews.kz» ақпараттық порталына гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.

E-mail: info.skifnews@gmail.com

Сайтта жарнама орналастыру

   

Skifnews жаңалықтарын Facebook-те
оқу үшін "Нравится" белгісін басыңыз

  

 


©2016 Skifnews.kz. Авторлық және жарнама құқықтар толығымен сақталады.

DivideGroup — сайт әзірлеуші