$ 449.58  486.94  4.86

АУЫЛДАН БАЛАЛЫҚ ШАҚТЫҢ ІЗІН ТАППАЙДЫ

Бабаларымыз «Адамның басы – Алланың добы» деп бекер айтпаса керек. Тағдыр айдап немесе ойда жоқта әлемнің бір қиырына барып тұрақтап қалатын адамдарды көргенде таңданбасқа лажыңыз жоқ.

«Есек көкпар бізден қалған»

Келес өңірінде туылып, сонда өсіп-өнген ұлты поляк азаматы Юрий Шаманскиймен көрші ауылда тұрғандықтан бала кезімізде кейде далалы жерде шөп орып жүріп кездесіп қалатынбыз. Ал жігіт шағында бірден Башқұртстанға қоныс аударып кеткені есімізде. Онда ешбір туысы да жоқ, өмірінде көрмеген жері болатын. Жас келіншегін алдына салып тайып тұрғанына осы күні жиырма жылдай болып қалды. Әр екі-үш жылда мұндағы ата-анасына келіп тұрады деп естиміз. Жақында сол жігітті еске түсіріп, ол не істеп жүр екен, бала-шағасының жағдайы қалай деген оймен интернет арқылы іздеп едік, бірден табыла кетті. 

Дереу байланыс орнаттық. Ол бізді ұмытпапты, жазбай танып, хал-жағдай сұрасып жатыр. Біз де құрақ ұшып, сұрақтарымызды бораттық. Сөздерінен туып-өскен ортаны, өзінің ауылы – ХХІ партсъезд совхозын (қазіргі «Жуантөбе» ауылы) сағынатыны байқалады.

– Совхоздың орталығы «қырық рудан» құралған болатын, Қазақ та, орыс та, өзбек те, татар да, қытай да, жер аударылып келген молдаван, украиндар де тұратын. 
Совхоз директоры құрылысқа бір жақтан бойлары екі метрден кем емес өңшең гректерді тауып әкелген. Оларға ешкім жоламайды, балалар анадайдан көргеннен тұра қашады. 
Біз ойынға тоймаймыз. Ол уақытта қар қалың түсіп, сақырлаған аяздар болатын. Шана сүйреп, коньки тебеміз, бөлініп хоккей ойнаймыз. Ал жаздыгүні жанымыздағы Келес өзенінен шықпаймыз. Балық аулаймыз, шомыламыз, футбол ойнаймыз. Ауылда есек деген көп, шұбырып бос жүреді. Бір-біреуін мініп алып, көкпар тартысу біз үшін ең қызықты ойын еді. Есек көкпар бізден қалған ойын, – деп еске алады Юрий.

Балалық шақтың жұрнағы да көрінбейді

Юрий Шаманский қазақ көршісінің балаларын сағынады екен. Ауылға келгенде балалық әсердің белгілері жоғалып кеткенін көріп, жаны сыздайды. Ол былай дейді:

«Бізбен көрші тұрған қазақ отбасы көпбалалы болатын. Сол үйдің балалары өсе келе өте істемпаз болды. Ата-анасы олардан ештеңе талап етпесе де өздігінен жұмысты жапырып істейтін. Сабақтан келген бойда есектерін ерттеп, совхоздың даласына кетеді. Үйлерінде мал болмаса да солар жазымен шөп тасып, ауласына іскірт-іскірт етіп жинайтын. Ал ата-анасы оны сатуды намыс көріп, қыста сұраған көршілеріне немесе алыстағы туысына тегін беріп жіберетін. Сол балалар алты ай жаз совхоздың алма мен жүзім алқаптарынан шықпайды. Есекпен шөп, отын тасиды. Ал терімнен қалған алма-жүзімнің масағын күзде шөп арасына жасырып тасиды. Үйінің үлкені Дәулет өте пысық еді. Ауласының шетінен ұра қазып, алма-жүзімді жәшіке жайғап сақтайтын. Жаңа жыл мерекесінде тек сол үйдің дастарханында ғана дық тимей бұзылмаған жоғары сортты алма-жүзім болушы еді. Оларда жеміс-жидек көктемге дейін табылады.

Бүкіл ауыл тұрғындары тұрмысы қарапайым ғана осы үйдің балаларына қызығатын. Өз ата-анам ағам екеумізді ортаға алып, Дәулеттен үлгі алуды үгіттеді. Бізге есек пен велосипед сатып әперді. Содан барып біз де көршіміздің балаларына ілесіп күнде дала кезіп кететін болдық. Қазір ойлап қарасам, сонымыз дұрыс болған екен. Еңбекке қайнап өскеніміздің пайдасын өмір бойы көріп келеміз. Көршіміздің балалары оқып, қызметкер болып кетті. Өзімнің ағам да сол еңбектің арқасында табандылыққа үйреніп, жақсы әскери маман болды. Мен жиырма жылдай жүк көлігін жүргізетін «дальнобойщик» болдым. 

Өзім сияқты әлемді кезіп жүретін жүк көлігін айдайтын достарымның біразы Башқұртстанда тұрады. Бірде жолдан бұрылып, солардың елінде қонақта болдым. Керемет жер екен. Табиғаты да, адамдары да тамаша. Ең бастысы, өте бай ел сияқты. Уфадан 200 шақырымдай қашықтағы мұнайлы қалашықта тұратын достарымның мекеніне қоныс аударуды ұйғардым да келіп, ата-анамнан рұқсат сұрадым. Олар қарсы болмағасын, келіншегімді алып, көшіп кеттім. Кейінірек жүк көлігімді тапсырып, мұнай кенішіне жеңіл машина айдайтын жұмысқа ауыстым. Жағдайымыз өте жақсы, ұлым мен қызымды жоғары оқу орнында оқыттық. Олар осында қызмет атқарады. Өз басым ауылды қатты сағынамын. Бірақ барған сайын баяғы балалық шақтың көріністерінен жұрнақ та қалмай бара жатқанына көңілім құлазып қалады.»

Ой-хой, дәурен-ай...

– Біздің көзімізге ну ормандай көрінетін алма, жүзім алқаптары бүгінде жоқ болып кеткен, – дейді Юрий. – Келіншектал, акация ағаштары да көп болушы еді. Ауылдың малдары көк шүйгінді бырт-бырт үзіп, кешке қарай шарап зауытынан шығарып тастаған жүзім сығындысына бас қоятын. Соны тойғандарынша жеп, масаң тартқан сиырлар маң-маң басып, желіндері керсендей болып, үйлеріне жете алмай кібіртік аяңмен шұбап бара жататын. 

Айдаладағы «Үштам» деген дала қосы құжынаған базар сияқты еді. Қазір айналасы тозып кеткен, жан адамды кезіктірмейсің. Бұрын жұмысшылар мен тракторшылар «Үштамды» басына көтеріп, айнала азан-қазан болып жатушы еді. Ауылдың сыртында пионер лагері болған. Осы күні ағаштары жабайыланып, ғимараттары құлауға айналған, есік-терезеден жұрдай болған. Бассейні топыраққа толыпты. 

Техникамен қазылған каналдардың бірі де қалмаған. Бетоннан құйылған шлюздері болатын. Ал ауыл шетіндегі жасанды көлдің орны жантақ басқан сайға айналыпты. Біз сол көлге қайық салып ойнап өстік. Жүзімдіктер мен бау-бақшалардың орны ғана қалыпты. Оған адамдар қарбыз, жержаңғақ, маш, жүгері егеді, қалған жерлеріне қой-ешкі жайылады. 

Совхоздың жәшік қағатын цехы болатын, қазір жоқ болып кеткен. Біз жазғы каникулда талай рет жәшік қағып, ақша таптық. Шарап зауытын айтсаңызшы! Бүгінде оның жұрнағы да жоқ. Бұрын шараптың иісіне елтіген түлкі, борсықтар зауытты төңіректеп жүретін. 

Ауылдың жанында әскери бөлім бар еді, көшемізден солдаттардың өткені біз үшін мерекеден кем болмайтын. 

Ауылдан жырақта, Өзбекстанмен шекара маңында «Штаб канал» деген ауыл бар. Сол ауылдың және совхоздың шеткі бригадаларының балалары біздің мектебіміздің жанындағы интернатта жатып оқиды. Араларында атпен келіп, аттарын бір апта бойы интернаттың сыртында байлап бағатын оқушылар болатын. Біз олардың атына мініп серуендегеніміз үшін 10 тиын береміз. Олар болса 50 тиынға жеткенде дүкенге кіріп, «сгущенное молоко» сатып алатын. Оны дүкеннен шыға сала шегемен тесетін де іше беретін. Кейде айырбас жасаймыз. Біз атқа мінеміз, соның өтемі үшін велосипедімізді айдатамыз. 

«Штаб каналдан» кейде атқа мінген қария келіп қалады. Ол дүкеннен ананы-мынаны алып кетеді. Сондай бір кісінің сіріңке қорабының сыртындағы суретке таң-тамаша болып, ұзақ үңілгенін көрдік. «Ой тоба-ай, мың кеуірттің бәрінің сыртына сурет салғанын-ай!» – деп тамсанып ұзақ отырған еді. 

Көршіміздің балаларымен шөпке барғанда Асаубай деген қарауылды аңдып, сол жоқ жерге шығамыз. Алма-жүзімнің арасынан құмай орамыз ғой. Бірде шөп орып жүргенімізде Әбдірайым бригадир кеп қалып, қашпақ болдық. Ол бізге: «Қашпаңдар. Тек от алыңдар да қайтыңдар», – деп дауыстады да кетіп қалды. Біз аң-таңбыз. «От ал» дегені несі?! Ертеңіне Арыстан Сыздықов деген қазақ тілі пәнінің мұғалімінен «От деген не, ағай?» – деп сұрадым. «От деген – от, ол – огонь», – дейді. Сол сөзді көпке дейін түсіне алмай жүрдік. Бірде көршім Дәулетке әкесі: «Есегіңді тұсап қоя бер, біраз оттап қайтсын», – деді. От дегеннің шөп екенін сонда ғана ұққандай болдық. 

… Юрийдің мына әңгімелерін өзі жазған хабарламасынан оқып отырып, таңдандық. Шынында, ауылдарымызда бала шақтың әсерін қайталайтындай ешбір көрініс қалмай барады. Айнала түгел өзгеріске ұшырап кеткен. Бұлақтар, бау-бақшалар, тоғайлар, каналдар, елдің қырман басында ән салуы, жүк көлігін тұтасымен тартатын таразылар, интернаттар мен лагерлер бүгінде келмеске кеткендей...

С. АЛДАНОВ. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары