$ 448.15  483.46  4.86

Қарекеңнің қарымды тұлғасы

Жеңіс жалауының желбіреуіне 70 жыл толды. Отан үшін отқа күйген ата-әжелеріміздің ерен ерліктері, табанды еңбектері тарих қойнауынан лайықты орнын тауып, ұрпаққа мирас боп сақталуда. Соғыс майданына аттанып, жанын пида еткен батырларымыздың асыл бейнелері халық жүрегінен мәңгілік өшпейді. Себебі, олардың өнегелі өмірі ұрпаққа үлгі болып қала береді.

Қолынан келмейтін ісі жоқ, ерекше ұйымдастыру қабілет иесі - Қарағұл Тілеубайұлын дос-жарандары, замандастары «Қалауын тауып, қар жандыратын азамат» деп атайтын. Әлем тарихында қанмен жазылған екінші дүниежүзілік соғысы басталмас бұрын орташа білімі бар Қарағұл ата ширақтығы, пысықтығы арқасында еңбекке ерте араласып, елді ұжымдастыру жұмыстарының бел ортасында болған. Ел басына күн туып, сұрапыл соғыс басталғанда артында қарт анасы Сәнімді қалдырып, қатарларымен бірге 1942 жылы қан майданға аттанады. Ұлы Отан соғысының қалмақ даласындағы қауіп-қатерге толы ауыр шайқастарын басынан өткеріп, Сталинград қаласын қорғап, елді неміс фашистерінің қанды шеңгелінен азат етуде аянбай шайқасады. Денесіне бірнеше рет ауыр, жеңіл жарақаттар түссе де, Отан үшін отқа түсуге дайын жігіт майдан даласын тастап кете алмайды. Ажал аузынан талай рет аман шыққан Қарағұл жаудың ауыз салған қалаларын азат етіп, ауыр операцияларды бастан кешіреді. Қанды майданда өмірін шүберекке түйген жолдастарымен Берлинге дейін жетеді. Рейхстагта Жеңіс жалауы желбіреп, неміс басқыншылары жеңілісін мойындап, соғыс аяқталғанда ғана елге оралады.

1945 жылы Жеңіс үні шырқалып, Қарағұл ата сол жылдың күзінде туған еліне аман-есен келеді. Ұлы Отан соғысынан омырауына тағып келген «Даңқ» ордені мен бірнеше медальдары оның майдандағы ерліктерінің айғағындай еді. Алайда Қарағұл ата өзіне тән қарапайымдылықпен медальдарын өмірдің қалыпты күндері түгіл, жеңіс мерекесінде де таға бермейтін.

Елге оралғасын, жастайынан өнерге бейім Қарағұл Тілеубайұлы туған ауылы Маңғыстау облысының Ақшымырау жерінде клуб меңгерушісі болып қызмет жасап, ауыл мәдениетінің көтерілуі үшін тынбай жұмыстанды. Қарекеңнің жұмысқа пысықтығын байқаған аудан басшылары оны Ақшымырау жеріндегі Калинин ауылдық кеңесінің хатшылығына жібереді. Қарағұл ата бұл жұмысты да дүр айналдырып, сол кезеңдерде ауылдағы үлкендердің, жаңа туған нәрестелердің есімдерін, туылған күндерін, тіпті, ауылдың әрбір жанұясында қанша ұл-қыз бар екеніне дейін жатқа айтып, көпшілікті зердесінің мықтылығымен таңғалдыратын.

1956 жылдары Ақшымырау, Жиделі жерлеріндегі шағын колхоздар біріктіріліп, «ХІХ партсьезд» колхозы құрылғанда, Қ.Тілеубайұлы ферма меңгерушісі қызметін атқарып, тынымсыз жұмысының арқасында колхоздың мал басының өсіп-өркендеуіне зор үлесін қосады. Денсаулығына байланысты өз өтінішімен ферма меңгерушілігінен босаған Қарағұлды сол уақыттағы колхоз басшысы, елге қадірлі азамат Орынбай Сарин ауыл шаруашылығы саласына жаңа енген мамандық - радио торабы меңгерушілігіне жөнелтеді. Қарекең бұл жұмысты да  ұршықша үйіріп, шаруашылықтың қашықта орналасқан Сам жеріндегі бөлімшелерімен байланысты жолға қойып, күнбе-күн хабарласу мүмкіндігін жасайды. 

1960 жылдардың орта шенінде Қарағұл Тілеубайұлы жұмыстан қол үзбей, Саратов қаласының зооветеринарлық институтына оқуға түсіп, бітіретін тұста жанұя жағдайына байланысты оқуын тоқтатып, аяқталмаған жоғары білім иесі атанады. 1969 жылдың қақаған қысында Маңғыстауда колхоздар қысқа мерзімде совхоздарға айналдырылды. Шаруашылықтарды басқаруда тың әдістер өмірге ене бастады. Совхоздарда мал азығының базасын дайындап, жасақтау басты міндеттердің біріне айналып, бұл шаруаға қолынан іс келетін, көпшілікпен жұмыс жасай алатын кадрлар іріктелді. Осы кезеңде Қарағұл Тілеубайұлы да  Маңғыстау ауданының іргелі шарушылықтары қатарында болған «Бозашы», «Ақшымырау» совхоздарында мал азығын дайындау жұмыстарымен тікелей айналысып, табиғи жем-шөптің берік қорын жасауда айтарлықтай еңбек сіңірді. «Қарекеңнің кезінде тек шаруашылықтар ғана емес, ауыл адамдары шөп тапшылығын көрген жоқ» десек, артық айтқандық болмас.

Қаракеңнің зайыбы Барша қолы ашық, өңі де, тілі де жұмсақ, мақалдап сөйлейтін ибалы жан болса, өз анасы Сәнім руы беріш Бердалы бидің қызы болып келетін, өткір сөйлейтін шешен адам болған. Қарекеңнің белбаласы Дарис әке жолының жарасымды жалғасы болып, жақсы азамат болып өсті. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған Қарекең мен Баршадан өрбіген Шакиза, Күләш, Нақ қыздары да өмірден өз орындарын тапқан берекелі шаңырақтың бір-бір аналары атанды.   

Қарағұл Тілеубайұлы 1981 жылы өзінің туған жері Ақшымырау ауылында дүниеден өтсе де, адал еңбегі, дархан көңілі, қажырлы қайраты, шешендігімен көпке сыйлы болып, ел есіне мықтап орнықты...

 Кемелхан Есболов,

Білім беру ісінің үздігі

(Ықшамдап дайындаған – Х.Орынбайқызы) 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Келесі жаңалық
Қасым хан