$ 449.58  486.94  4.86

Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл

Биыл Қазақ Хандығының құрылғанына 550 жыл. Торқалы той, мерейлі мереке. Жыл бойы тойланып, тарих қайта жаңғырады, өткенге салауат айтып, болашаққа тағы бір қадам жасаймыз.

Қазақ хандығының құрылуына  1457-жылдан кейін Керей  мен  Жәнібек сұлтандардың Әбілхайыр хан үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларын бастап шығыс Дешті-Қыпшақтан батыс Жетісу жеріндегі Шу мен Талас өңіріне  қоныс аударуы мұрындық болды.

**********

 Ол кезде Жетісуді билеген Моғолстан ханы Есенбұға (1434—1462-жылдары билік еткен) қоныс аударған  қазақтарды Әбілхайырға қарсы пайдалану үшін қарсы алып, қоныс берді. Осы оқиға жөнінде тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегінде былай дейді: «Ол кезде Дешті Қыпшақты Әбілхайыр хан биледі. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарға күн көрсетпеді. Нәтижесінде Жәнібек хан мен Керей Моғолстанға көшіп барды. Есенбұға хан оларды құшақ жая қарсы алып, Моғолстанның батыс шегіндегі Шу мен Қозыбас аймақтарын берді. Олар барып орналасқан соң, Әбілхайыр хан дүние салды да, өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды. Ірі-ірі шиеленістер басталды. Оның үлкен бөлігі Керей хан, Жәнібек ханға көшіп кетті. Сөйтіп, олардың маңына жиналғандардың саны 200 мыңға жетті. Оларды өзбектер - «қазақтар» деп атады. Қазақ сұлтандары 870 жылдары  (1465—1466)  билей бастады...».

**********

1468-жылы қыста Әбілхайыр хан Қазақ хандығын қиратпақ болып, Жетісуға жорыққа аттанды, бірақ сапары сәтсіз болып, осы жорық кезінде қаза тапты. Әбілхайыр хан өлгеннен соң  өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды, ішкі шиеленістер күшейді. Әбілхайырдың қаза болуы Қазақ хандығының  нығаюына және оның көлемінің кеңеюіне үлкен жағдай тудырды.

********** 

1470 жылы қыста Қазақ ханы Керей қол бастап Түркістанға шабуыл жасады. Қазақ ханы Әз Жәнібектің үлкен баласы Махмұд сұлтан Созақ қаласын бағындырды, екінші баласы Еренжі Сауранды иемденді. Сауран түбінде қазақтардан соққы жеген Мұхаммед Шайбани Бұхараға қашты. Сөйтіп, Сырдария жағасындағы  — Созақ және  Сауран  қалалары  Қазақ хандығының  құрамына  кірді.

********** 

1523-1533 жж. Қасымның немере інісі Тахир хан болды. Бірақ оның ел билеуге қабілеті төмен, әскери-саяси және елшілік істерге олақ адам еді. Ол феодалдық қырқыстарды тия алмады, көрші елдердің көпшілігімен: Шайбани әулетімен, Ноғай Ордасымен және Моғолстан хандарымен де жауласты. Бұл соғыстарда қазақтар жеңіліп, Қазақ хандығы оңтүстіктегі және солтүстік-батыстағы жерінің біраз бөлігінен айырылып, оның ықпалы тек Жетісуда ғана сақталып қалды. Тахир хан Жетісуға қашып барып Моғолстан ханына қарсы қырғыздармен одақ жасасты. 1527 жылдан кейін ол көбінесе қырғыздарды биледі, ойрат-жоңғарлардың Жетісуға жасаған шабуылына қарсы күресті. Мемлекеттік билік құлдырап, мемлекеттің шекара аумағы қысқара түсті. 

********** 

Тахир ханның өлімінен кейін оның інісі Бұйдаш (1533-1534 жж.) қазақ-қырғыз бірлестігінің басшысы болды. Жетісу өңіріне билік еткен ол қазақтардың бір бөлігін ғана билеген. Оның тұсында да феодалдық қырқысулар мен соғыстар тоқталған жоқ. ХҮІ ғасырдың 30-жылдарында Бұйдаш ханмен қатар өзге де қазақ хандары, мысалы, Қазақстанның батыс өңірінде Ахмет хан, Жетісуда Тоғым хан болған. Міне, бұл жағдай Қазақ хандығының феодалдық бытыраңқылыққа ұшырағандығын көрсетеді. 

********** 

Қасым ханның баласы Хақназар хан (1538-1580) тұсында Қазақ хандығы қайта бірігіп, дами түсті. Ол хандық билікті нығайтуға және күшейтуге қажырлы қайрат жұмсады. Өзінен бұрын бытыраңқы жағдайға түскен Қазақ хандығын қайта біріктірді. Хақназар қазақ-қырғыз одағын одан әрі нығайтты, сол заманның тарихи деректерінде оны «қазақтар мен қырғыздардың патшасы» деп атады. Ол осы қазақ-қырғыз одағына сүйене отырып, Моғолстан хандарының Жетісу мен Ыстықкөл алабын жаулап алу  әрекетіне тойтарыс берді.

********** 

Хақназар ханды 1580 жылы Абдолла ханның қарсыласы Ташкент билеушісі Баба сұлтан астыртын өзінің адамын жіберіп өлтіртті. Қадырғали Жалайырдың айтуынша «Оның да атағы мен абыройы туралы көп айтылады. Алайда Хақназар хан өз араларында болған қақтығыстарда қаза болған». 

********** 

Хақназар хан қаза болған соң оның орнына Жәдік сұлтанның баласы  Жәнібек ханның немересі Шығай 1580-1582 жылдары хан болды. Ол бұл кезде сексен жаста болғанымен, қазақтардың ішінде беделді хан болды. Оның өміріне қатысты мәліметтер тарихта аз сақталған. Шығай хан қазақ хандығының сыртқы саясатындағы Хақназар хан ұстаған бағытты жалғастырды. Ол  Шайбани мұрагерлерінің арасындағы қақтығыстарды қазақ мемлекетін нығайту мақсатында ұтымды пайдаланды. 

********** 

1582 жылы Бұхара ханы Абдолла қазақ ханы Шығай және оның баласы Тәуекел сұлтанмен күш біріктіріп, Ташкент билеушісі Баба сұлтанға қарсы Ұлытау жорығын  ұйымдастырды. Баба сұлтан жеңіліп, Дешті-Қыпшақ даласына қашты, өзбек, қазақ әскерлері Баба сұлтанды Сарысуға, Ұлытауға дейін қуды. Шығай хан сол жорықта қайтыс болды. Түркістанға қайтып келе жатқан Баба сұлтанды Тәуекел сұлтан өлтіріп, басын Абдоллаға әкеледі. Қас жауын жойғанға риза болған Абдолла хан Тәуекелге Самарқан өлкесіндегі Африкент уәлаятын тарту етті.

********** 

1582 жылы Шығай хан қайтыс болғаннан кейін таққа Тәуекел (1582-1598 жж.) отырды.  Тәуекел хан Бұхара ханы Абдолламен жасасқан шартты бұзып, қазақ және өзбек билеушілері арасындағы жаугершілік қайта қоздады. Абдолла ханмен одақтан Тәуекел ханның бас тартуының себебі, біріншіден, Абдолла әуелдегі Түркістаннан төрт қала беруі туралы уәдесінен бас тартады, екіншіден, біздің ойымызша, басты себеп – Абдолла Тәуекел ханның беделінен, батырлығы мен батылдығынан қорқа бастайды, яғни Тәуекел ханнан өзінің бақталасы ретінде қауіп төнгенін сезді. Өйткені кезінде бүкіл Мәуереннахрды Тәуекелдің көмегімен Шайбани  мемлекетінің қол астына біріктірген болатын. Тәуекел хан да Жошы ұрпағы болғандықтан, бүкіл Орта Азияны билеуіне толық құқығы болды.

********** 

Тәуекел хан қазақ хандығының сыртқы саясатын нығайту барысында   орыс мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынастарды жандандырды. Қазақ ханы сыртқы саясатта өзін қолдайтын одақтастар іздеді. 1594 жылы Тәуекел хан Ресейге достық келісім жасасу үшін Құлмұхаммед басқарған Қазақ хандығының тұңғыш ресми елшілігін жібереді. 

********** 

Орыс мемлекеті  Қазақ хандығымен әскери одақ құрудан бас тартқанымен, Тәуекел хан орыс мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынасты үзген жоқ. 1595 жылы Мәскеуден орыс елшісі Вельямин Степанов Қазақ хандығына келді. Нәтижесінде екі мемлекет арасында сауда байланыстары жанданды.

********** 

Есім хан (1598-1628 жж.) қазақ тарихында «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атпен әйгілі болды, оған бұл атақ 1598 жылы ағасы Тәуекел ханмен бірге Мауераннахрға жасаған жорықта ерлігімен ерекше көзге түскені үшін берілген екен. Есім – Шығай ханның баласы. 

********** 

Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегінде, негізгі оқиғалар былайша беріледі: «…Сол заманда Әбілқайыр ханның Дешті-Қыпшақ даласына түгелдей билік жүргізіп отырған кезі еді. Жошы ұрпағының сұлтандары жорық жасап, Жәнібек хан мен Керей хан одан қашып, Моғолстанға кетіп қалған еді. Есенбұға хан оларды құрметтеп қарсы алып, қоныстануға Моғолстанның (қазіргі кезеңде бұл мекен – Хантау, с.с. Хан тауы (төбесі) деп аталынады) батыс жағындағы Шу өзені алабындағы Қозыбасыны берді. Олар бұл аймақта тыныш өмір сүрген. Әбілқайыр хан қайтыс болған соң өзбек ұлысы бір-бірімен шайқасып, араларында үлкен келіспеушілік туды. Жұрттың көпшілігі Керей хан мен Жәнібек ханның жанына кетіп қалды. Олардың саны екі жүз мың адамға жетті, оларды өзбек-қазақ деп атай бастады. Қазақ сұлтандарының алғаш билік жүргізуінің басы 870 (1465-1466) жылдан басталады. . 940 (1533-1534) жылға дейін қазақтар Өзбекстанның көп бөлігіне өз биліктерін толық жүргізген еді». Мұндағы ақпарат бойынша мұсылман жыл санауындағы (хижра) 870 жыл, қазіргі күнтізбе бойынша 1456 жылға сәйкес келеді.

********** 

XVI-XVIII ғасырдың басындағы қазақтардың әлеуметтік- экономикалық  жағдайы. Қазақтардың негізгі кәсібі мал шаруашылығы болды. Мал өнімдері оларды  тамақ, киім-кешек, тұрғын үй материалдары, сонымен бірге көлік қызметімен қамтамасыз етіп отырды. Мал және мал өнімдері көрші халықтармен айырбас жасайтын қаражат көзі де болды. Қазақтардың мал шаруашылығына байланысты Ш.Уалиханов былай дейді: «Дала көшпелісін ішіп-жегізетін де, киіндіретін де мал, ол үшін өз тыныштығынан малының аман болғаны қымбат. Жұртқа мәлім, қырғыздар бір-бірімен амандасқанда:    «Мал-жаның аман ба?» деген сөздермен бастайды. Отбасының мал жайын алдын ала сұрастыруы көшпенділер өмірінде малдың қаншалықты маңызы барын айқын көрсетеді».

********** 

Есім хан 1628 жылы қайтыс болып, Түркістан қаласындағы Ахмед Иассауи кесенесінде жерленген.

********** 

Есім ханның мұрагері Жәңгірдің өмірі ат үстінде Қазақ хандығы жауларымен күресте өтті. Халық оны ел үшін еңіреп туған ерлігіне бола «Салқам Жәңгір» деп атаған. Жәңгір хан (1628-1652 жж.) билік құрған жылдары да Сыр бойындағы қалалар үшін Аштарханидтермен және Жетісудағы жайылымдар үшін  қалмақтармен қақтығыстар тиылмады. 

********** 

Жәңгір хан тұсында қазақтар мен жоңғарлар арасында үш ірі шайқас орын алады. Алғашқы 1635 жылғы шайқаста Жәңгір қалмақтарға тұтқынға түсіп қалып, бірақ көп ұзамай қашып шығады. Тұтқыннан босағаннан кейін, Жәңгір хан қалмақтарға қарсы күрес басшылығын өз қолына алады.  

********** 

1643 жылы жоңғар қонтайшысы Батур қазақ жеріне 50 мың әскермен басып кіреді. 1644 жылы Жоңғарияға барған орыс елшісі Г.Ильин жоңғарлардың 50 мың қолына Жәңгір хан бастаған 600 жауынгердің қарсы тұрғанын айтқан. Мүмкін,  бұл 600 адам ататын қарумен жабдықталған Жәңгір хан әскерінің алдыңғы шебі болуы мүмкін. Жәңгір өз тобының бір бөлегіне жоңғарлар тар асудан асып келгенше екі таудың арасындағы тар жырада ор қазып, бекініс жасауға бұйырады. Ал өзі екінші бөлегімен таудың екінші бетіне жасырынады. Жоңғарлар ор қазып, бекініп жатқан қазақ жасақтарына қарсы шабуыл жасайды. Осы кезде Жәңгір өз тобымен жаудың ту сыртынан лап береді. Қазақтар осы жерде бірінші рет оқ ататын қару пайдаланады. Шайқас барысында Батур қонтайшы 10 мың әскерінен айырылады.

********** 

XVI ғасырдың басындағы Қазақ хандығының өрлеуін тарихшылар Қасым хан есімімен байланыстырады. Қасым хан Дешті Қыпшақты түгелдей өз билігіне алғаны соншалық, Жошы ханнан соң ешкім де ол сияқты (мұнда) жоғары билікке кол жеткізе алған жоқ, — деп көрсетеді Мұхаммед Хайдар Дулати.

********** 

Халық "Кіші Жәнібек" атаған ханның (Қадырғали би Қосымұлы) ұлы Қасым хан (1511—1518/1523 жылдары) елді басқаруда қазақ жұрты арасында орныққан іргелі ата салт-дәстүрді, жол-жобаны берік ұстанды. Оның тұсында ішкі қоғамдық қатынастарды қатаң белгілі бір жүйеге түсірген Қасым ханның қасқа жолы атты қалың бұқара мойындаған заңдар жинағы өмірге келді.

********** 

Қасым ханның тұсында халқы 1 млн-нан асып, атты әскері 300 мыңға дейін жетті.

********** 

Қасым ханның қызметі мен өлімі жөнінде Қадырғали би: Жәнібек ханның ұлдарының арасында аса белгілі болғаны Қасым хан еді. Ол Жаған бикеден туған еді. Ұзақ уақыт атасының ұлысында патшалық етті. Төңірегіндегі уәлаяттарды өзіне қаратты... Ақыры Сарайшықта өлім тапты. Бүгін оның қабірі Сарайшықта. Оның ұлы Хақназар хан Ханық сұлтан-ханымнан туған, ал ханның бауыры Қанбар сұлтан барлық жағдайда Қасым ханның жанында болды. Әскерінің қолбасшысы. Оның ұрпағына патшалық тимеді, — деп жазды.

********** 

Қасым хан өлген соң, таққа оның ұлы Мамаш отырды. Бұл ханның билігі кезіндегі оқиғалар жөнінде мәлімет жоқ. Мамаш хан бір шайқас кезінде өзінің ауыр сауытына тұншығып қайтыс болады. Хандықта аласапыран кезең басталады. Сұлтандар арасындағы билік үшін болған талас-тартыстан соң таққа Қасым ханның немере інісі Таһир отырады. Бұл, шамамен, 1524 жылдың төңірегі. Таһир хан мемлекет басқару ісінде жоғары кабілет таныта алмайды. Ең негізгісі — хан мен ел билеушілер арасында өзара түсінісу болмады. Қадырғали би ол жөнінде: Таһир хан біраз күн хандық құрды, бірақ патшалық сырын білмеді, — дейді.

********** 

Қазақ хандығының құрылу және қалыптасу уақыты орта ғасырлармен тұспа-тұс келген. Бұл кезде Қазақстандағы саяси жағдай өзінің тұрақсыздылығымен ерекшеленген. Көптеген шайқастардың нәтижесінде кейбір бірлестіктер күшейіп, басқа одақтар әлсірей берген.

**********  

Тарих ғылымы үшін 1598-1599 жылдары қазақ хандары және аштарханидтардың арасында жасалған өзара ынтымақтастық туралы ресми келісімшарттың маңызы зор. Аталмыш құжат Сырдария маңындағы қалалар үшін соғыстан кейін пайда болған. 

**********  

«Жеті жарғы» туралы жеті дерек

Қазақ ханы әз-Тәуке «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» жетілдіріп, «Жеті жарғы» заңдар жинағын жарыққа шығарды.

Заман талабынан туындаған

ХҮІІ-ғасырда қазақ хандығына жан-жақтан қаупіп төніп, елдің ауызбірлігі әлсірей бастайды. Осы тұста Тәуке хан хандықты нығайтуға күш салды. Бұл үшін мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесі қажет болды. Тәуке хан қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі әдеп-ғұрыптары мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» негізге алып, жаңа заң жүйесін жарыққа шығарды. Күлтөбенің басында Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бас қосып, «Тәуке ханның Жеті жарғысы» деген атауға ие болған заңдар жиынтығын қабылдады. 

Жарғы жеті жаңа тармағымен ерекшеленген 

«Жеті жарғының» толық нұсқасы сақталмаған. Оның үзінділерін К.Шүкірәлиевтің (1804), Я.Гавердовскийдің (1806), А.Левшиннің (1832) жазбаларынан оқуға болады. Сондай-ақ, Н.Гродеков, Л. А. Словохотов, А. П. Чулошников тәрізді орыс ғалымдарының зерттеулері шежіреші Ә.Қайнарбайұлынан алынған нұсқаға жақын келеді. Аталған нұсқада Жеті жарғының аталуы Тәуке хан енгізген жеті өзгеріске байланысты деген тұжырым жасалынған. Бұл өзгерістерде төрелер мен қожаларға ерекше құқық беру арқылы билікті нығайту мақсаты көзделгені айқын байқалады. 

Сайлауға қару асынып келу міндеттелген 

«Жеті жарғы» заңдар жинағы негізінде қазақтың тайпа, ру басылары жылына бір рет жиналған. Бұл жиындарда мемлекеттің сыртқы және ішкі жағдайына байланысты мәселелер дауыс беру негізінде шешілді. Жиынға қару асынып келген азаматтардың ғана дауыс беру құқықтары болды. Сонымен бірге қару ұстап келген азамат жылына өз байлығының жиырмадан бір бөлігін салық ретінде мемлекетке беруге міндеттелді. Жиынға қатысушы әр рудың өз таңбасы болды. Бұл таңбалар құрылтайда мемлекеттік рәміз дәрежесінде бекітілді. 

Төрт түлік малмен құн төлеген 

Жазалаудың ең көп таралған түрі — құн төлеу болған. Қылмыскердің және өлген адамның әлеуметтік жағдайына байланысты құн мөлшері өзгеріп отырған. Мысалы, өлген ер адамның құны 1000 қой болса, әйел адамның құны 500 қой болған. Өлген адамның әлеуметтік жағдайы ескерілген, ақсүйек болса құн мөлшері жеті есе өскен, яғни сұлтан немесе қожа тұқымынан өлтірілгендерге жеті адамның құнын төлеген. «Сұлтан» немесе «қожаға» тіл тигізгені үшін 9 мал, қол жұмсағаны үшін 27 мал төленетін болды. Құлдың құны бүркіттің немесе тазы иттің құнымен теңескен. Дене мүшелеріне зақым келтірген қылмыскер-де белгілі мөлшерде құн төлеген. Атап айтқанда, бас бармақ — 100 қой, шынашақ 20 қой болған. Ұрлық жасалған кезде ұрланған заттың құны иесіне «үш тоғыз» етіп қайтарылған. Мысалы, ұрланған 100 түйе 300 жылқыға немесе 1000 қойға теңелген. Бұл баптардан біз «Жеті жарғыға» сай қылмыс істеген әр әлеуметтік таптың құқықтары заңдастырылғанын көреміз. 

Ауыр қылмыс жасаған адам өлім жазасына кесілген 

«Жеті жарғыда» қылмысты іс-құқық нормаларына үлкен орын бөлінген. Қылмыс ретіне: кісі өлтіру, мертіктіру, әйелді зорлау, соққыға жығу, қорлау, ұрлық істеу және тағы басқалары жатқан. Кінәлілер жасаған қылмыс-деңгейіне сай әртүрлі жазаға кесілген. Бұл жинақта «қанға қан» заңы сақталды. Өлім жазасының екі түрі болған: дарға асу және тас атып өлтіру. Сондай-ақ, мемлекет ішіндегі бүлікшілер мен сатқындар өлім жазасына кесілген. 

Қылмыстық істерді билер соты қараған 

Билер соты барысында екі жақ келісуі бойынша өлім жазасын құн төлеумен алмастыруға мүмкіндік болған. Құн төлеу төрт жағдайда рәсімденген. Олар: егер әйелі күйеуін өлтірсе және күйеуінің туыстары оны кешірмеген жағдайда; егер әйел некесіз туған баласын өлтірген жағдайда; жұбайлар арасындағы «көзге шөп салушылық» дәлелденген жағдайда; «құдайға тіл тигізгені анықталған жағдайда». Ал, әкесіне қол жұмсаған ұл баланы қара сиырға теріс отырғызып масқаралаған. Ата-анасына дауыс көтерген қыз баланың жазасын шешесі шешкен. 

 «Жеті жарғы» ХІХ ғасырдың ортасына дейін қолданылған 

«Жеті жарғыны» қазақ халқы ХІХ ғасырдың ортасына дейін пайдаланып келді. Ал кейбір заңдар Қазан төңкерісіне дейін қолданылды. Жоғарыда атап өткеніміздей, біздің заманымызға «Жеті жарғының» түпнұсқасы жеткен жоқ. Алғаш рет орыс ғалымы Г. Спасский жаппас руының старшыны Күбек Шүкіралиевтің мәліметтері негізінде «Жеті жарғының»11 үзіндісін 1820-шы жылы «Сибирский вестник» баспасөзінің бетінде жариялады. «Жеті жарғының» екінші нұсқасы (34 үзінді) А.Левшиннің зерттеулерінде беріледі. Бұл нұсқалар «Жеті жарғы» жарыққа шыққаннан кейін 100 жылдан соң халық ауыз әдебиеті жанрында жарияланған.

**********  

Әз-Жәнібек туралы әзиз тарих

Бүгінгі тарихшылар Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек ханнан Алтын орда ханы Әз-Жәнібекті бөліп қарастырып, екеуінің екі түрлі тұлғалар екенін алға тартуда.

Осы орайда, қазақ хандығының құрылуында өзіндік орны бар, алайда тарих тасасында көп қалып қойған Әз-Жәнібек жайындағы қызықты деректерді назарларыңызға ұсынамыз. 

Әз-Жәнібек ханның билікке келуі туралы Әбілғазы баһадүр «Шежіре-и түркі» еңбегінде Алтын орданың ханы Өзбек хан өлгеннен соң, оның ұлы Жәнібекті хан көтерді деп жазады. Бұл деректе Жәнібек хан ғажайып мұсылман патша және ғұлама, ибалы, ақылды билеуші ретінде мадақталады. «Сарайшық шаһарында таққа отырып, шариғатты қатаң сақтар еді», — дейді өз жазбаларында Әбілғазы баһадүр… 

Ол туралы адам сүйсінерлік деректі Му’ин ад-дин Натанзи «Ескендір анонимі» атты еңбегінде де жалғастырып жазған екен: «Оның әділдігі атақты парсы патшасы Ануширван әділдігінен бір-де кем соқпайды. Ол Өзбек Ұлысын тұтас исламға бағындырды, пұтқа табынушылардың храмдарын түгел қиратып, көптеген мешіт, медресе салдырды. Ислам дінін ұстанған адамдардың жағдайларының жақсы болуына басты назар аударды. Жан-жақтағы ислам елдерінен неше түрлі оқымысты, ғалымдар осы сарайға қарай, ағылды. Елдегі әмірлердің ұлдары білімдерін жан-жақты жетілдіріп ғылымға мойын бұрды, олар заманының озық ойлы азаматтарына айналды, күні бүгінге дейін олардың айтқан пікірлері, қорытқан ойлары жиын-тойда ескеріліп тұрады. Исламның басқа елдерде ұстанатын әдет-ғұрып, салт-жораларын бұл мемлекетке енгізген сол». 

Ал, ханның өмірден өтуі туралы ғұлама Му’ин ад-дин Натанзидің дерегінде мынадай дерек қалдырған: «Жәнібек хан науқасқа шалдықты. Мемлекетіндегі басты тұлғалардың бірі Тоғлу бай Әзербайжанға жедел кісі аттандырып, Жәнібектің мұрагері Бердібекті шақыртады. Әкесі көз жұма қалса, таққа ие болатын сол. Дешті Қыпшақ тағын тақымына бір қысуды көксеп жүрген Бердібек Әзербайжанды тастап, Дербент арқылы жеделдете Ордаға жөнеледі. Он шақты серігімен түн жамылып келіп, Тоғлу байдың үйіне түседі. Күтпеген жерден Жәнібек хан беті бері қарап басын көтереді, айыққандай болады. Сөйтіп, ертеңіне кеңеске қатысқысы келетінін айтады. Сенімді кісілерінің бірі Жәнібекке Бердібектің келгенін жеткізеді. Мына хабар мазасын қашырған ол мұны Тоғай хатунға айтады. Хатун ұлын қорғаштап, мұның жалған екеніне сендірмек болады. Жәнібек одан Тоғлу байды жеке қабылдауына шақыртады, осының бәрін бастап жүрген сол Тоғлу бай екенін білмейтін хан мына жайды құпия түрде оған да айтады. Тоғлу бай бірден секем алып, мән-жайды біліп келейін деген сылтаумен тысқа шығады да, ізінше өзіне жақтас бірнеше адаммен қайта кіреді, сол жерде бірден Жәнібекті жайратып салады...». 

Сонымен қатар, Әбілғазы баһадүрд «Шежіре-и түркі» еңбегінде он жеті жыл патшалық құрған Әз-Жәнібек хан Хижраның жеті жүз елу сегізінші жылы қайтыс болып, Сарайшықта жерлендігін айтып кеткен екен. 

**********  

Бұйдаш хан туралы деректер

Бұйдаш хан – (кейбір деректерде Бұйлаш хан, Бойлаш хан, Бублаш хан, Бутлаш хан деп ұшырасады) Жәнібек ханның немересі, Әдік сұлтанның ұлы Тақыр ханның інісі.
 Тақыр ханнан соң таққа 1532 жылы отырады. Мұхаммед Хайдар Дулатидың дерегінде Бұйдаш хан 5-6 жылдай билік құрып, 1534 жылдан кейін қайтыс болған. Ал «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар», «Жылнамалар жинағы» еңбектеріндегі деректерде Бұйдаш хан 20 жылдан аса хан болған. Т.И. Сұлтанов Шығыс деректерінің мәліметтеріне сүйеніп, Бұйдаш ханды 1559 жылы қаза тапқан деп есептейді.
Жазба деректердегі Бұйдаш ханның қатысуымен болған оқиғаларға зер салсақ және болған оқиғалардың географиялық аумағына көңіл аударсақ, онда Бұйдаш ханның Жетісуда ғана билік еткеніне көз жеткіземіз.
Мұхаммед Хайдар Дулати Бұйдаш хан билікке келген кезінде 30 мыңдық адамы болды десе, келесі бір дерегінде Бұйдаш хан тұсында 20 мың қазақ қана қалды деп жазады.
Бұйдаш ханнын өміріндегі анықталған бір оқиғаға оның 1556 жылы Шығыс Түркістандағы моғол билеушісі Рашид ханның (1533—1560) ұлы Абд ал-Латиф сұлтанның қазақтар мен қырғыздарға жасаған жорығына тойтарыс беруі жатады.
Бұйдаш ханға байланысты келесі бір дерек мәліметінде оның 1559 жылы Мауреннахрға жорығы жөнінде баяндалады. Бұл жорыққа 20-дан астам қазақ сұлтандары қатынасады. Сайрам маңында шайбанилық билеушілер әскерімен болған ұрыста қазақ әскерлері шаһды дауылдың бетке қарсы соғуына байланысты жеңіліс табады. Осы ұрыста Бұйдаш хан, қаза тапты делінеді. Бұл мәліметте Қадырғали Жалайыр дерегі одан әрі былайша толықтыра түседі: «Бұйдаш хан Барақұлы Дервиш ханмен соғыста өлді. Бес ұлдың ұрпағы жиырма төрт сұлтан сонда шаһид болды».
Бұйдаш ханның Дервиш ханмен соғысы Сыр бойындағы қалалар мен өңірлерге иелік ету үшін болған. XV ғасырдың 70-жылдарынан бері басталған күрес 1598 жылға дейін созылады. Бұйдаш хан мен Дервиш хан арасындағы шайқас – сол күрестің бір көрінісі ғана.
Деректерде Бұйдаш ханның ұрпақтары жөнінде ештеңе айтылмайды. Қадырғали Жалайырда: «Әдік, сұлтанның ұрпағын бес ұл деп атайды. Бес ұлдың ұрпағы жиырма төрт сұлтан сонда шаһид болды», – деп жазады. Соған қарағанда Бұйдаш ханның ұлдары 1559 жылғы шайқаста әкесімен бірге қаза тапқан болуы мүмкін деп жорамалдайды белгілі тарихшылар.

*****

Тәуке хан (1680-1715) билік еткен жылдары қазақ хандығы орталықтандырылған мемлекет болып қала берді. Қазақ хандығында бейбіт өмір орнады, заңдар қатаң сақталды, тайпааралык алауыздык азайды. Шиеленіскен ірі даулар мен айтыс-тартыстар беделді билердің тікелей араласуымен шешіліп отырды. Барымта-карымта, жайылымдар мен су көздерін бөлісу жөніндеп алауыздықтар мейлінше азайды. Қазақтың әскери жасақтарының жауынгерлік кабілеті күшейді. Ішкі ауызбірліктін арқасында елдің орасан зор аумағының тұтастығы сақталды. Қазақтар солтүстігінде орыстардың Тара қаласынан бастап, оңтүстігінде Ташкент қаласына дейінгі, батысында Жайық (Орал) өзенінен бастап, шығысында Ертістің орта ағысына дейінгі жерлерді иеленді. Қазақтардың Еділ (Волга) өзені аймағында көшіп-қонып жүрген кездері де болды.
Тәуке хан тарихқа «Жеті жарғы» заңдар жинағын жасаған билеуші ретінде кеңінен танылды. Оның кезінде құрамында қазақ даласының данышпандары атанған аса беделді Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би бар билер кеңесі құрылды. Олардың жеке тұлғалары мен аттарының өзі бүкіл қазақ халқының және Қазақ хандығының бірлігі мен біртұтас топтасқандығын білдірді. Тәуке ханның кезінде қазақтардың үш жүзінің ең таңдаулы да беделді деген өкілдері жыл сайын бас қосып, аса маңызды мәселелерді талқылап, шешім қабылдап отырды. Ондай жиын Оңтүстік Қазақстанның аумағындағы Күлтөбе деген жерде өтіп тұрды. Атақты ханның ордасы орналасқан қала қасиеттіТүркістан болды. Қазақтар Сырдария өзенінің өңіріндеп 32 қалаға иелік етіп, басқарып отырды. Тарихшы ғалымдар Тәуке хан билік құрған уақытты Қазақ хандығының «алтын ғасыр» кезеңі деп бекер атамаған. Атақты орыс тарихшысы А.И. Левшин осы билеуші туралы былай деп жазады: «Ол оларды, тайпаларды, өліспей беріспейтін алауыздықтан арылтты, олардың арасындағы бірнеше жылга созылған қанды қырғын сойқанды тоқтатты, ол өзгелердің бәрін де асқан ақыл-парасатымен, қара қылды қақ жарган әділеттілігімен өзіне бағындыра білді».

Тәуке ханның XVIII ғасырдың бас кезіндегі сыртқы саясаты
Хандықтың біртұтас бірлігін және оның шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен Тәуке хан күшті де ықпалды сыртқы саясат жүргізді. Сөйтіп ол қырғыздармен және қарақалпақтармен әскери одақ құруға қол жеткізді. Бұл шараның арқасында Қазақ хандығының аумағына Жоңғар қалмақтарының шабуыл жасауынан төнген қатерді тоқтатудың сәті түсті.
Тәуке ханның бүкіл қызметі көрші халықтармен тату-тәтті, жақсы қарым-қатынас орнатуға және Қазақ жерін сыртқы жаулардан қорғауға бағытталды. Оның осы мақсатпен Ресейге және Орта Азия хандықтарына бірнеше рет елшілер жібергені жақсы мәлім. Оларға жүктелген міндет сыртқы жауларға қарсы күресу үшін әскери одақ құрып қайту болды.
Тәуке ханның жасағы 80 мыңға жуық жауынгерден тұрды. Мұның өзі жатжерлік басқыншыларға тойтарыс беруге қабілетті едәуір үлкен күш еді. Елдің әскери күш-қуатын нығайтқан аса көрнекті еңбегі үшін және жаумен қанды шайқастарда көрсеткен жеке ерлігі үшін оған батыр атағы берілді.

Қазақ хандығының ыдырай бастауы
Тәуке хан 1715 жылы қайтыс болды. Оның мұрагері Қайып хан Қазақ мемлекетінің бұрынғы ұлылығын берік ұстап тұра алмады. Жаңадан келген билеп-төстеушіге сұлтандардың топтары тарапынан наразылык күшейіп, бақ таласы мен тақ таласы өрши түсті. Қазақ даласында жоғары билік жолындағы күрес шиеленісе берді. Мұның өзі дәстүрлі қазақ хандығын дағдарысты күйзеліске ұшыратты. Рулар, тайпалар және жүздер арасындағы бірлік пен байланыс әлсіреді. Баяғы алтыбақан алауыздық қайтадан қозды. Сұлтандардың аймақтық сеператизмі күшейді. Қазақтың барлық жүзінің өз ішінде келте хандары пайда бола бастады. Орталык хандық биліктің әлсіреуі Кіші жүзде - Әбілқайырдың, Орта жүзде - Болаттың, Сәмекенің, Кушііктің, Ұлы жүзде — Жолбарыстың, Иманның жағдайын әлдеқайда нығайта түсумен жалғасты.
Бұл хандармен қатар қазақ даласында Барақ, Әбілмәмбет, Батыр, Сұлтанбет сияқты басқа да сұлтандардың беделі арта берді. Атап айтқанда, Сұлтанбет өзінің толып жатқан ұлдары арқылы Ертіс бойы қазақтарына билік жүргізді. Оның жергілікті қазақтардың арасына ғана емес, сонымен қатар шекаралас орыс өкіметі орындарына да елеулі ықпалы болды.

Сырттан төнген қауіп-қатердің күшеюі
XVIII ғасырдың бас кезінде қазақ мемлекетінің іштен ыдырауы күшейе түскен жағдайда, ол сыртқы алпауыт мемлекеттердің тарапынан ерекше қызығушылық тудырған нысанға айналды. Өйткені бұл кез империялық мемлекеттердің жаңа отарларды басып алуды күшейткен тұсы еді. Егер Үндістан аумағында Англияның отаршылдық экспансиясы ұлғая түсіп жатса, Ресей Швециямен соғыс әрекеттері (1701—1721 жылдар) аяқталғаннан кейін, Қазақстан мен Орта Азияға қарай көз алартты.
Қытай мен Ресей империясы Қазақ хандығы мен Жоңғария хандығы сияқты көшпелі мемлекеттердің әлсіреуіне бірдей мүдделі болды. Ресей империясының Қазақстанмен шекаралас аймақтардағы негізгі қызметі дипломатиялық қарым-қатынастар орнатуды және әскери барлау шараларын жүргізуді еселеп күшейтуге бағытталды. Бұл шаралар қазақтар көшіп-қонып жүретін шекарада әскери бекіністер желісін салуды жиілендіріп жіберді. Мәселен, 1716-1720 жылдардың кезеңінде Ертіс өзенінің оң жақ жағалауында Омбы, Черкасск, Железинск, Жәмішев, Семей, Өскемен сияқты және басқа да әскери бекіністер тізбегі салынды. Кейінірек олардың ара-арасына шағын бекіністер — редуттер мен форпосттар салына бастады.
Бұл кезде қазақтар Еділ қалмақтарының, башқұрттардың, Орал және Сібір Қазақтарының тарапынан мезгіл-мезгіл жасалып тұрған шабуылдардың ауыр зардаптарын бастарынан кешірумен болды. Ал олардың бәрі де патша үкіметінің қол астына қарайтын орыс бодандары еді. Қазақтарды оңтүстіктен Орта Азия хандықтарының билеушілері, ал Оңтүстік-шығыстан жауынгер жоңғар қалмақтары ығыстыра түсті. Жалпы алғанда, бұл кезде Қазақ мемлекетінің шекараларында өте күрделі де қауіпті жағдай қалыптасты.

Жоңғарлардың Қазақстан аумағына шапқыншылығы

Қазақстанға нақты қауіп-қатер қуатты көшпелі Жоңғар мемлекетінің тарапынан төнді. Жоңғар қонтайшылары Қазақстанның кең-байтақ аумағын басып алуға талай рет белсене әрекет жасады. Сөйтіп қазақтар мен жоңғарлар арасындағы билік жолындағы күрес жүз жылдан астам уақытқа созылды. Қазақтардың жоңғарларды «ата жауымыз» деп атауы сондықтан болатын. Екі мемлекеттің арасындағы бақталас жанжалдың негізіне шұрайлы мал жайылымдарына қызығушылық жатты.
1697 жылы жоңғар хандығының басына жас әрі қуатты билеуші Цеван-Рабтан (1663-1727) келді. Ол қысқа мерзімнің ішінде өз хандығының әскери күш-қуатын нығайтып алды. Цеван-Рабтан өзінің билікке кіріскен кезін Қазақстанның аумағына баса-көктеп кірген шапқыншылықтан бастады. Сөйтіп 1698 жылы 40 мың жауынгері бар жоңғар әскері Ұлы жүздің көшіп-қонып жүрген шұрайлы мал жайылымы аумағына ойран салған қырғын шапқыншылық жасады. Қаһарлы дұшпан қазақтардың көшіп-қонып жүрген жерлеріне бұдан кейінгі жылдарда да талай рет әскери жорықтарға шықты.
Жоңғар әскерлерінің Қазақстан аумағына баса-көктеп кірген ең ірі жорықтары 1710 және 1717 жылдары болды. Жау әскерлері өздерінің көптігі мен әскери-техникалық жағынан басымдығы арқасында Жетісу жерінің бір бөлігін басып алды, Жоңғар хандығы қуатты мемлекетке айналды. Ол енді Қазақ хандығына ғана емес, сонымен қатар Орта Азия мемлекеттеріне де қауіп төндіре бастады. Ресей империясы мен Қытай сияқты күшті мемлекеттерге де едәуір қауіп төндірді.

Қазақтардың жауға қарсы күрес ұйымдастыру әрекеттері

Сыртқы жауларға қарсы тұру үшін қазақтардың бүкіл үш жүзінің күш-жігерін біріктіру өте-мөте қажет болды. Осы мақсатпен 1710 жылы қазақ халқының беделді өкілдері жиынға шақырылды. Қазақ ақсүйектерінің құрылтайы Қарақүмда өткізілді. Онда Бөгенбай батыр бастаған бүкілқазақтық жауынгерлік жасақ құру жөнінде шешімқабылданды. Құрылтайда Бөгенбай батыр жалынды сөз сөйледі: «Таланған көштің, тұтқындалған бала-шағаның бейшара бақылаушысы болып отырман. Жаудан кек аламыз, өлсек, қару ұстап өлеміз! Қыпшақ даласының сарбаздарының жалтарған кезі болды ма?! Жаудың зұлымдығына шыдап отыра алман?! Жауға мінер түлпар құрып па?! Сұр жебе толы қорамсақ қаңырап бос қалып па?!» — деді.

Әбілкайыр хан

Жоңғарлар тарапынан күшті қауіп-қатер төніп келе жатқан сол бір қиын-қыстау жағдайда құрылтай жиналысы Кіші жүздің ханы етіп Әбілқайырды сайлады және оған бүкілхалықтық жауынгерлік жасаққа жалпы басшылық етуді сеніп тапсырды. Біріккен қазақ жасақтары 1711 жылы жауға тойтарыс берді. Жоңғарлар шығысқа ығыстырылып тасталды.
1717 жылы қазақ әскерлері мен жоңғар әскерлерінің кескілескен қанды шайқастары болып өтті. Біріккен, орталықтан басшылықтың болмауы себепті қазақ жасақтары жеңіліп қалды. Жоңғар әскерлері Қазақстанның Оңтүстік аймақтарына бойлап ене бастады. 1718 жылдың көктемінде жоңғар әскерлері Жетісу жерінен енді Арыс, Бөген, Шаян өзендерінің бойына, одан әрі Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласына дейін жорық жасады. Сол бір күрделі де қатерлі қиын-қыстау жағдайда қазақтар жалпы саны 30 мың адамдық әскер жинауға мүмкіндік таба алды. Сөйтіп жоңғар әскерлерін Оңтүстік Қазақстанның едәуір бөлігінен ығыстыра қуып шықты. Бірақ жоңғарлардың тағы да шапқыншылық жорық жасауының қауіп- қатері сақталып қала берді.

Қазақтардың қару-жарағы
Көшпелілер өздерінің қару-жарағы болуын мәртебе санады. Мәселен, кару-жарағы жоқ қазақтар құрылтай жиналысына жіберілмеді. Өздері туып-өскен кең-байтақ даланың әр сүйем жерін қорғап қалу жолында жиі-жиі күреске шығуға тура келді. Сондықтан да қару-жарағы бар, оны шебер қолдана білетін адамдарға деген құрмет жоғары еді. Қазақтарда рулық-тайпалық жасақ кұру дәстүрі де болған. Оны сол рудың басшылары басқарған. Ондай жасақтар негізінде жауынгерлік қабілеті күшті атты әскер түрінде құрылатын. Даланың әрбір тұрғыны Отанға қауіп төнгенде, елін қорғау үшін қару-жарағын асынып атқа қонды.

XVIII ғасырдағы қазақтардың қару-жарағы

Әр рудың, әр тайпаның өз жауынгерлік ұраны болатын. Әр қазақ бала кезінен бастап ат құлағында ойнауға және қару-жарақ түрлерін шебер қолдануға жаттығатын. Аң аулауға шығу, дәстүрлі ат-спорт ойындары және басқа да жарыс түрлері далалықтардың бойында ерекше жауынгерлік қабілеттерді қалыптастыратын болған.
Қазақтар қару-жарақтың найза, қылыш (семсер, наркескен, селебе), садақ, айбалта, гүрзі-шоқпар сияқты түр-түрін пайдаланған. Мүмкіндігі неғүрлым мол жауынгерлер үстіне болат сымнан тоқылған сауыт, басына темір дулыға киетін. Қару-жарақтар жасайтын темір ұсталары далалықтардың құрметіне бөленетін. Тіпті темір ұсталарына табынатындар да болған. Қазақтар қайың шоқпарлар мен сойылдарды да, білтемен от алатын мылтықтарды да қару ретінде ұстайтын. Оқ-дәрі қолдан жасалатын, бірақ оның сапасы төмен болатын. Дала тұғындары мылтық пен оқ дәріні Орта Азия хандық- тарынан, кей-кейде башқұрттар мен қалмақтардан сатып алатын. XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап садақ, найза, сүңгі, семсер, айбалта сияқты қарулар қолданудан бірте-бірте шыға бастады. Қазақтар ендігі жерде оқ ататын қаруды көбірек пайдаланатын болды.

Әскери әдет-ғұрыптар
Қазақтар әскери әдет-ғұрып жоралғыларына елеулі мән беретін. Ежелден келе жатқан әскери әдет-ғұрыптардың бірі - алғадай. Соғысатын жақтар әдетте ұрыс басталар алдында өздерінің батырларын жекпе-жек шайқасқа шығаратын. Онда жеңілген жақтың аты мен қару-жарағы олжаға алынатын. Ондай жекпе-жекке көбінесе жас та ер жүрек жауынгер шығарылатын. Ол атақты батырлардың бірінен бата алатын. Міне, ер жүрек сол жас жауынгер алғадай деп аталатын. Жауынгер жекпе-жекте тірі қалатынын немесе ажалы жетіп өлетінін алдын ала ешқашан анық біле алмайтын. Алғадайдың ең басты міндеті — қарсылас жауының көзін жою немесе ең болмағанның өзінде, оны әбден титықтата әлсірету болып табылатын. Қалыптасқан халық дәстүрі бойынша, алғадайға түсетін жауынгердің жаназасы оның көзі тірі кезінде шығарылып қойылатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары