$ 445.66  474.58  4.78

Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссия құру қажет

«Ақ жол»  партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Алаш көсемі әлихан Бөкейханның 150 жылдығын жоғары деңгейде атап өту үшін мемлекеттік комиссия құру қажет дейді. Бұл мәселе туралы ол Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Қ.Мәсімовке  депутаттық сауалы жолдады.

«Өзіңізге мәлім, 2017 жылы – «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының 100 жылдығы, ал одан бір жыл бұрын, келесі, 2016 жылы – сол қозғалыстың негізін қалаушы және жетекшісі, Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы.

«Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының қызметі, жалпы Алаш идеясы – қазақ қоғамын еуропалық жолмен жаңғыртуды басты бағыттарының бірі ретінде ұстанғанын, сол замандағы нақты жағдайларға бейімдеп, ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыруға ұмтылғанын жұртшылық байыптап келеді.

Париждегі ЮНЕСКО Атқарушы кеңесінің биылғы жылы қараша айына белгіленген осы ұйымның Бас конференциясында қабылдау үшін жіберген ұсыныстарының ішінде 2016 жылы қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өту жайы қарастырылып отырылғаны осының айғағы.

Бұл Алаш мұрасын әлемдік деңгейге шығарып насихаттаудың таптырмайтын мүмкіндігі туып тұр деген сөз. Мұның маңызы Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтіп жатқан тұста тіпті еселеп арта түседі. Елбасы жария еткен  «Мәңгілік ел» мұраты да Алаш жолын елімізде де, халықаралық деңгейде де зерделей түссек, баянды бола түспек. Ұлт көшбасшысы өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінің «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауында: «ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал» – деп көрсеткен болатын.

 Сондықтан да «Ақ жол» партиясы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын лайықты деңгейде өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссия құру қажет деп санайды.

Оның негізгі мақсаты – жәй ғана той тойлаумен емес, ой ойлаумен, артынан із қалатын, танымдық, тағылымдық тұрғыдан ұлтымыздың, мемлекетіміздің рухын көтеретін, қоғамдық санаға сілкініс туғызатын мазмұнды шараларды іске асыруды қамтамасыз ету болуы тиіс», делінген депутаттыз сауалда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары