$ 447.4  477.55  4.76

Жұмабек Тәшенов және генерал Сабыр Рақымов жайында

Қазақ халқының тарихына көз жіберсек  оның терең тарихы, бай мәдениеті, тереңде жатқан патриоттық дәстүрі бар екенін көреміз.

Арғы тарихымыз біздің дәуірімізге дейінгі V-ІІІ ғасырлардағы сақ, ғұн, үйсін тайпаларынан бастау алған қазақ мемлекетінің құрылғанына 550 жыл толып отыр. Римді жаулаған ғұн патшасы Еділ (Атилла), Кирдің басын алған Томирис ханшайым, түркі дүниесінің төріндегі Бумын, Тоныкөк қағандар, Мысыр билеушісі Сұлтан Бейбарыс, Үнді жеріне иелік еткен Бабыр, дүниенің жартысын жаулаған Шыңғыс хан, Отан үшін қасық қаны қалғанша  күресіп елін, жерін жанын аямай қорғаған Абылай, Кенесары, Бөгенбай, Қабанбайлардың,  кешегі  Алашорда қайраткерлерінің есімдері біз үшін тек зор мақтаныш қана емес, рухани әлеміміздің шамшырақтары екені даусыз. 

Тарихымызда патриотизмге үлгі тұтар мысалдар өте көп, бабаларымыз басынан айырылса да жауға басын имеген. 

Қазақ ұлты тарихта тағдыр тауқыметін аз көрмеген халық. Әлемнің жартысын табанының астына салған дүбірлі дәуірімен бірге халқының үштен екісін жоғалтып, өз жерінде жалпы халықтың 26 пайызын ғана құраған, зиялысымен бірге ер азаматтарынан мүлде айырылып қалудың аз алдында қалған, соған қарамастан ұлттық намысын, салт-дәстүрін, діні мен тілін, мемлекеттігі мен жерінің тұтастығын сақтап қалған қайсар да жауынгер халық.

Елін, жерін қорғау үшін кескілескен соғыстар жүргізді, одан кейінгі ұрпақ қорлық пен зорлықтың сан түрін көріп, «елім, Отаным» дегені үшін атылып, түрмеге қамалып, қуғын көрді. 

Патриотизм – ұлтжандылық, елжандылық, отансүйгіштік деген мағынаны білдіреді. Ол – отбасына, туып-өскен ортасына, топырағы мен табиғатына, еліне деген құрметтен бастау алады. Өз ұлтын, жерін сүйіп, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын адам ғана шынайы патриот бола алады. 

Патриоттық халықтың ұғымында – ұлтын сүю.  Ал оның астарында көптеген алғышарттары жатыр. Шын мәнінде, ол тек ұлтын сүюмен шектелмейтіні белгілі. Сонымен қатар, тілін, дінін, салт-дәстүрін  және елін құрметтеумен де байланысты екені ақиқат. Қоғамдағы көптеген жетістіктерге жетуге себепкер болған да осы патриотизм екені анық. Кезінде Алаш арыстары да ұлтшыл деп айыпталғанымен, шын мәнінде нағыз патриот болғанын тарихтан білеміз.

Қазақ елі үшін отқа күиіп, отан үшін жанын пида етіп елім, жерім деп еңірегендердің бірі –  Жұмабек Тәшенов екені даусыз.

Кеңес заманында жоғары лауазымды қызметте жүрсе де, қазыналы қазақ жерінің тұтастығын ойлап, ел ертеңі үшін өмір сүрген саусақпен санарлық азаматтар болды. Бүгінгі тәуелсіздік үшін соларға қарыздармыз. Сондай арда туған азаматтың бірі – Жұмабек Тәшенов. Өз қара басынан елдің мақсат-мұратын жоғары қойған абзал азамат.

Жұмабек Тәшенов сол кездегі билік жүйесінде жоғарғы лауазымды қызметтерде болды 40 жаында Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесі Президиумының, Қазақ ССР-і министірлер Кеңесінің Төрағасы  қызметтерін атқарды.

Жұмабек Тәшенов республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақ тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңірді. Тың өлкесіне біріктірілген солтүстік облыстарды Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның мақта егетін аудандарын Өзбекстанға, Маңғыстауды Түрікменстанға қосу жөніндегі ұсыныстарға тойтарыс беріп,  Кеңестер Одағының билеушісі Н. Хрущевтің Қазақстанды бөліп, жойып жіберуді көздеген зымиян, озбыр саясатына қарсы шықты. 

Шығармашылық одақтар өкілдеріне үй-пәтер бергендігі үшін Алматының ортасында «қазақ ауылын» құрды деп айыпталды. «Қазақ әдебиеті» газетін жабудан, «Социалистік Қазақстан» газетін «Казправданың» аудармасы етіп шығарылу қаупінен қорғап қалды.

Сол кездегі Қазақстанның астанасы Алматының басты көшесіне қазақтың ойшылы, ұлы ақыны Абайдың есімін беріп, ескерткіш орнату жөнінде ұсыныс жасады. Медеу спорттық кешенін салуға атсалысты.  

1958 жылы Москвада қазақ өнері мен әдебиетінің күнерінің өтуіне бастамашы болып оның үздік 5 өнерпазы ССКО халық әртісі деген атақ алуына қолқабыс істеді.   

Мұқтар Әуезовтің Абай жолы романы Ленин атындағы силыққа ұсынылуына, Бауыржан Момышұлының «За нами Москва» кітәбінің жарық көруіне тер төкті. 

Нұрмолда Алдабергенов, Жазылбек Қуанышбаев, Ыбырай Жақаевтарға ССКО-ның Социалистік Еңбек Ері, ал Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаевтарға ССКО-ның Кеңестер Одағының Батыры атағын алуына ықпал етті. 

Мәскеудің ұлттық кемісітушілік саясатына қарамастан Үкімет аппартанына 12 жергілікті ұлт өкілдерін қызметке алды.

Қазақстан жерінде ядролық жарылыстар жасауға қарсы шықты. 

Бұл Жұмабек Тәшеновтің ұшан-теңіз ерліктерінің тек түймедей ғана бөлігі.

Қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі – патриотизмді қалыптастыру, азаматтарды патриоттық рухта тәрбиелеу, мемлекеттік тілдің кең көлемде дамуына, ел бірлігін нығайтуға атсалысу. 

Елдің рухын көтеру, ұлттық мақтаныш сезімін оята білу, отансүйгіштік, ұлтжандылық, елжандылық сынды қасиеттерін қалыптастыру – тәуелсіз мемлекетіміздің дамуы үшін айрықша маңызды мәселе.

Осы орайда, білім беру ошақтары оқушыларға ел тарихын терең танытып,  әр ата-ана баласын Отан сүйгіштік қасиеттерге баулып тәрбиелеу аса маңызды. 

Бұл тұрғыда еліміз қандай қиыншылық кезеңдерден өткенін сол қиын-қыстау заманда ел қамы үшін еңіреген тұлғалардың ерліктерін дәріптеп жастардың бойына сіңіру абзал. 

Батыр адамдардың естеліктерінде олардың ерлік жасауына себеп болған батыр бабаларының ерліктері үлгі болғаны және оларды қайталау ниеті болғаны жиі кездеседі.

Жастарға патриоттық тәрбие негізінде патриоттық иммунитет  қалыптастыру керек. Олай болмаған жағдайда  патриоттық саясаттың орнына түрлі саяси, діни ағымдардың жүргізген саясаты нәтижесінде жастарымыз сол идеологияның жетегінде кету қаупі орасан, оған елімізде болған соған байланысты оқиғалар куә.

Елдің қамын жеген хандар, қолбасшылар, батырлар, еңбек ерлері, елдің атын шығарған өнер адамдары, спортшылардың сіңірген еңбектерін, өмірлерін үлгі – өнеге етіп тәрбиелеу қажет. 

Төл тарихымызда ұлтжандылық, Отан сүйгіштік қасиеттердің орасан зор үлгісі болатын бабаларымыз өте көп, солардың бірі Ұлы Отан соғысының батыры – генерал  Сабыр Рақымов . 

Сабырдың әкесі Омарқұл Сабырға сегіз жас толғанда қайтыс болады. Шешесі Өзбекстандағы ағасы Рақымға барады сонда Сабырды мектепке берген кезде Рақымов болып жазылып кетеді.

Ұлы Отан соғысы кезіндегі бірінші қазақ генералы 2-ші Белорус майданы 65 армиясы 37-ші гвардиялық атқыштар дивизясының командирі гвардия  генерал – майоры, Кеңестер Одағының Батыры. 

Ұлы Отан соғысына 1941 жылы майор атағында кіріскен ол үнемі майданның алғы шебінде соғысты. Бас қолбасшы оны майданның ең ауыр, қатерлі, жауапты шептеріне жіберіп отырған, сондықтан  Сталиннің өзі Сабырды Темір генерал деп атаған.

1943 жылғы 1 тамызда Рақымовқа білікті қолбасшылығы, және жанкешті ерлікпен соғысқаны үшін оған генерал – майоры атағы беріледі.

1965 жылдың 6 мамырында Ұлы Отан соғысы кезінде жасаған асқан батырлығы мен ерлігі үшін гвардия  генерал – майоры Сабыр Рақымовқа Кеңестер Одағының Батыры атағы берілген. Ол 4 мәрте Қызыл Жұлдыз, Суворов, Кутузов ордендерімен  және медалдармен марапаталған.

Отан үшін, ел үшін отқа күйіп, аязына төзген қазақтың ардақты арыстарының ұланғайыр ерліктерінен қысқа үзінділер келтіру – жастар  мақтан тұтып, үлгі-өнеге алсын деген ізгі ниет.

Аманқажы Зейнелұлы  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары