$ 447.4  477.55  4.76

Білім беру саласындағы өзгерістер жалғасын табады

Қазір ел өмірі үшін маңызды салаларда болып жатқан өзгерістер мен жаңашылдықтарды «100 нақты қадам» Ұлт жоспарынан бөліп қарай алмаймыз. Елбасы жариялаған аталмыш құжат білім саласындағы реформаларға да негіз. Мәселен, 76-қадамда орта білім жүйесінде орын алуы тиіс дүниелердің  қатарында 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңімен енгізу де көр­сетілген. 

Ал, жоғары сыныптар мен ЖОО-да біртіндеп ағылшын тілінде оқытуға көшу 79-қадамда жүктел­ген міндет. Білім және ғылым министрлігінің бүгінгі күні атқарып жатқан жұмыстарының бәрі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы осы тапсырмалардан туындап отыр десек қателеспейміз.

Жақында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалы­ғымен Үкімет отырысы өтті. Онда Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Елбасы Ұлт жоспарында жүктеген міндет­темелердің орын­далуы мен 2017–2018 жаңа оқу жылының басталуына әзірлік туралы есеп берді. Министрдің есебіне сенсек, атқарылған шаралар аз емес. Енді соның бірсыпырасына тоқтала кетсек.

Сөз басында айтар нәрсе, елі­міздің білім беру жүйесінде жаңар­тылған мазмұнға көшу үдерісі жүріп жатыр. Соған байланысты негізгі тұжырымдамалық шешімдер қабылданып та қойған. Соларды соңына дейін жеткізіп, жемісін жеу биылғы да, келер жылғы да міндет болып қала бермек. Өйткені, білім беру жүйесі 2019 жылы жаңар­тылған мазмұнның негізгі кезеңіне аяқ басуы тиіс. Осыған орай, балабақшаларға нөлінші сынып енгізілмек. «Биылғы жылы, ең бастысы, барлық балабақшаға нөлінші сыныпты енгізуге дайын­дық міндеті тұр. 2019 жылы көшуі­міз керек. Бұл «Әліппені» де табыс­ты мақұлдау болады. Нөлінші сыныпқа байланысты тәрбиешілер мен педагогтардың біліктілігін көтеруді, нормативтік-құқықтық базаны 0+11 бойынша 12 жылдық оқыту цикліне сәйкестендіруді бастаймыз», – деді бұған қатысты министр Ерлан Сағадиев. Бұдан бөлек, жаңартылған мазмұнға биыл қосымша 2, 5 және 7 сыныптар өтетінін жария етті. «Сондай-ақ, пәндерді ағылшын тілінде оқыту­ды енгізу бойынша ауқымды пилот басталады. Ол үшін 1500-ден астам мұғалім тілдік курсты аяқтады немесе аяқтау үстінде. Бұлар да 2019 жылға дайындық шеңберіндегі шаралар. Осы екі бағыт бойынша оқулықтарды жет­кізу жалпы алғанда кестеге сәйкес жүріп жатыр. Бірақ, мен барлық облыстың әкімдерінен бұл мәселені тап осы аптада өз­дерінде қарауды сұраймын», – дейді Ерлан Кенжеғалиұлы.

Ведомство жетекшісі мектеп­тердің қамқорлық кеңестерін құру мен оны ары қарай нығайтуда биылғы атқарар жұмыстардың басты бағыты болатынын жеткізді. Бұл үшін оларға бұрынғыдан да көбірек өкілеттіктер беру қарас­тырылуда. Қамқорлық кеңестерінің бақылауымен мектептердің акаде­миялық, басқару­шылық және қаржылық еркіндіктерін кеңейту де жоспарда бар. Бұған байланысты министр «Әкім­дер бұл мәселені, яғни, қамқор­лық кеңестерінің дұрыс қалып­тасуы, оның құрамына қоғам­дық белсенділерді, мәслихат депутат­тарын, жергілікті баспасөзді қосу мәселелерін өзінің жеке бақылауына алуы тиіс», – деп жер­гілікті әкімдерге жүк арта сөйледі. Ерлан Сағадиев кәсіптік және техникалық білім беру жайлы да сөз етіп, «Баршаға арналған тегін КжТБ» жобасы бойынша жұмыс­тар жалғасып жатқанын жеткізді. Жаңар­тылған мазмұнға көшуге орай мұғалімдердің апталық жүкте­месін кезең-кезеңімен азайту да назардан тыс қалмайтын секілді. Министр оған қатысты өздерінің ұсыныстарын, есептері мен дәлел­демелерін енгізіп қойған­дарын қаперге салды.

Әрине, Үкімет отырысында орта білім беру жүйесі ғана емес, жоғары оқу орындарына қатысты мәселелер де қозғалды. Мәселен, ЖОО-ның академиялық дербестігін арттыру һәм қоғамдық бақылауды күшейту формасы ретінде бақылау кеңестерін нығайту қолға алынуда. Сондай-ақ, жоғары білім беру бағдарламасын бір ретке келтіру де биылғы кезек күттірмейтін мәсе­ле. «Жоғары оқу орындары бойын­ша биылғы негізгі тапсырма заң қабылдау болып табылады. Ол кәсіби қауымдастыққа, жұмыс берушілерге «Атамекен» ҰКП-мен бірге білім беру бағдарламасының нақты тізілімін құруға мүмкіндік береді және мұнда сапа, заман­ауилық және нарықтағы сұраныс міндетті түрде ескеріледі. Бұл жөніндегі жұмыстар басталып та кетті. ІТ-мамандықтар тізілімінің, оның ішінде, киберқауіпсіздік те бар, ҰКП-мен бірлесіп біз жақын арада тұсауын кесетін боламыз. Бұл нарықтан сапасыз және ескірген білім беру бағдарламаларын алып тастауға мүмкіндік береді», – деді министр Ерлан Сағадиев. Иә, мұның бәрі таяу болашақтың жоспары. Өйткені, компьютерлік технология алға озған заманда ескі мамандықтардың тізімімен тежеліп қалуға болмасы анық. Сондықтан, жаңа мамандықтар ашу мен олар­дан үміттілердің «тағдыры» қалай болары уақыт еншісінде.

Алайда, әзірге бар мамандықтар мен оларды тегін оқуға мүмкіндік беретін гранттардың жыры аз дауға айналмай тұр. Қысқаша еске сала кетейік, жақында мем­лекеттік грант иегерлерінің тізімі жарияланып, жоғары балл алған­дар оған іліне алмай, төмен балл алғандардың бағы жанып, соңы біраз шуға ұласқан-ды. Содан келіп министрлік жаңарған тізімді жария­лауға мәжбүр болды. Жаңар­ған дегенде, әлбетте грант­­тарды қайта бөлген жоқ. Тек қосымша гранттар бөлген. Оты­рыс­та ведомство жетекшісі атал­мыш даулы мәселеге де түсінік беріп өтті. «Біз грантты эконо­миканың басым бағыттары бойынша бөлеміз. Мәселен, есеп­теу техникасына – 610, құқық­тануға 45 грант береміз. Жалпы медицинаға 2,5 мың грант бөлсек, стоматологияға бар болғаны – 45. Мұның барлығы түрлі даму бағдарламаларында бекітілген. Сәйкесінше, жыл сайын жоғары балл жинағандар белгілі бір маман­дыққа грантқа түсе алмай қалады, ал, төмен балл жинағандар, керісінше грант иегері атанады. Оның үстіне, қажетті мамандықтар саны өте кеш шығады және талап­кер өз мүмкіндіктерін бағамдап үлгермейді. Балаға бейінді пәнін таңдап, сол бойынша дайын­далуы үшін уақыт керек. Бұл мәселе бойынша министрлік бірқатар шешім­дер ұсынады. Мәселен, маман­дықтар бойынша бөлінетін грант­тар санын үш жыл бұрын жариялау керек. Мұны үшжылдық бюджет аясында жасауға болады»,– дей келе Премьер-министрден бұл мәселені биылдан қалдырмай шешуді сұраған Ерлан Сағадиев «Алтын белгі» иегерлерін де ай­налып өтпеді.

«Алтын белгі» бойынша әлеу­меттік әділдік мәселесі өткір күйін­де тұрғанын, биыл гранттар «Алтын белгіге» қарап емес ҰБТ-да жинаған балл бойынша берілгенін, республикалық комиссия «Алтын белгі» алған талапкерлер үшін 4 пайыз грант қосқанын тілге тиек етті. Былтыр да оларды ЖОО грант­тары бойынша орналастыруға тура келгенін еске салған министр биыл енді заңнамалық өзгерістер енгізуді жоспарлап отырғандарын айтты.

Өзінің басқаруындағы министр­лікке қатысты барлық мәселені қамтуға тырысқан Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің жаңа оқу жылына дайындық жайлы есебін тыңдаған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев «жаман емес» деген баға берді. «Дайындық жаман емес. Бірақ, күрделі, ағым­дағы жөндеу жұмыстарының аяқ­тал­мағанын көріп отырмыз. Кей өңірлерде балаларды тасымалдау, оқулықпен және ыстық тамақпен қамту мәселесі толық шешілмеген. Сондықтан, құрметті әкімдер, атал­ған мәселелерді 1 қыркүйекке дейін шешуді сұраймын», – деп тап­сырма жүктеген Премьер-министр қыркүйек қыр астында екенін ескертті.

Сәкен ОРЫНБАСАРҰЛЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары