$ 448.15  483.46  4.86

Министрлік түлектерді ҰБТ кезінде менингиттен қалай қорғайды?

Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин ҰБТ кезінде түлектерді менингококк инфекциясын жұқтырып алудан қорғайтын шараларды атады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ол ҰБТ 20-30 маусым аралығында 147 өткізу пунктінде өтетінін мәлімдеді. Қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігі білім министрлігімен аурудың алдын алу мәселелерін талқылап жатыр. Сынақ медициналық қызметкерлердің бақылауымен өтеді, барлық пункт дәрі қорабымен қамтамасыз етілмек. 

"Адамдардың көп болатынын түсінеміз, сынақ ұзақтығы – 3 сағат 50 минут, ұйымдастыру жұмыстарын қоса алғанда төрт сағатқа дейін созылады. Сол себепті біз ҰБТ ұйымдастырушыларына сынақ басталмай тұрып бөлмені жақсылап желдетіп, зарарсыздандырғыш заттармен жуып-тазалауға кеңес бердік. Бұл жұмыстар кезінде терезелер ашық болғаны дұрыс", — деді Бекшин баспасөз мәслихатында. 

Сондай-ақ тестілеуге келген түлектердің тұратын бөлмелері мен тамақтану орындарында да профилактикалық шаралар жүргізу жоспарланып отыр. 

"Мұның бәрі бақылауымызда болады. Бұл шаралардың арқасында түлектер арасында инфекция таралмайды деп санаймын", — деді Бекшин. 

Бас санитарлық дәрігер қазір Қазақстанда менингит бойынша ахуал тұрақты екенін атап өтті. 

"Десек те, әлі де ем қабылдап жатқан науқастар бар. Жалпы қазір 20 адам емделуде: оның 13-і Алматыда, Алматы облысы мен Астанада үш науқас, Қарағанды облысында бір адам" – деді ол. 

«Сондай-ақ, өңірлік call-орталықтарда қауырт желі жұмыс істейді. Өткен тәуліктерде үш мыңнан астам қоңырау түсіп, барлығына жауап берілді», – деп толықтырды Бекшин. 

Қазақстанда жыл басынан бері 13 адам менингиттен қайтыс болды. Оның алтауы – 14 жасқа дейінгі балалар. Көз жұмғандар мен инфекция жұқтырғандардың дені Алматыда тіркеліп отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары