$ 446.49  475.38  4.79

Алматыда «Тілдер Саябағы» оқыту курсы ашылды

Алматының Орталық және мәдениет саябағында «Тілдер Саябағы – Парк Языков – Language Park» атты оқыту курсының салтанатты ашылуы өтті. Аталмыш жобаны «Рухани  жаңғыру» бағдарламасы аясында Медеу ауданы әкімінің аппараты мен «Alpha Academy» білім беру академиясы бірлесе отырып ұйымдастырған. Бұл жобада қала тұрғындары тегін түрде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінен дәріс ала алады.

Бұл жоба алғаш рет былтыр бастау алған болатын. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаға  өткен 2017 жылы Алматы қаласының 6-70 жас аралығындағы 1200-ден астам тұрғыны қатысқан.

Салтанатты шараға арнайы қатысқан Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқыбаев білімді ұрпақ тәрбиелеу мақсатындағы аталған жобаның маңыздылығын атап өтті.

– Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ресми тіл, ағылшын тілі – халықаралық тілді білуіміз керек. Үлкен-кішінің бәріне тілді меңгеру ешқашанда кеш емес. Сондықтан, біз осы таза ауада, жазда балаларымыз компьютердің алдында отырмай, осы тілдерді меңгерсін деп шақырамыз. Қатысуға ниет білдірген барлық қала тұрғындарына есігіміз ашық, жасына шектеу жоқ, - деді Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқыбаев.

Осы жоба аясында арнайы QR-код қолданылатын EZOQY (изи оқу) атты инновациялық кітап жасап шығарылған.

Биыл «Тілдер  саябағы» жобасына 3000-нан  астам адам қатысады деп күтілуде. Оның ішінде ең егде қатысушы 82 жаста.  

– Егер қатысушы саны бұдан да арта түссе, біз оқытушылар санын көбейтеміз. Былтыр 600 адам өтініш берсе, биыл 3 мыңнан асып жығылды. Сондықтан кез келген жағдайда дәрістің маңыздылығыны арттыруға дайынбыз, - дейді ұйымдастырушылар.

Айта кетейік, ашық аспан астында саябақ аумағында өтетін курстар аптасына 3 рет ұйымдастырылады. Ал жоба соңында қатысушыларға ағылшын тілін меңгеру курсынан өткендігі туралы сертификаттар табысталмақ.  

Үштілділік саясатқа құба-құп келген бұл жоба осы жылдың тамыз айына дейін жалғасатын болады.  

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары