$ 444.32  473.33  4.76

Қали Сәрсенбай нағыз Рухани жаңғырудың қандай болу керектігін айтты (ВИДЕО)

Биыл Алматыда мектеп оқушыларының арасында батырлар жырын жатқа айтудан «Тұлпар мініп, ту алған» байқауының өтетіні туралы бұған дейін жазған болатынбыз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтетін осынау шараға 6-10 сынып аралығындағы оқушылар қатысып, «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтудан өзара сайысқа түседі.

Байқаудың алғашқы кезеңі қыркүйек айында, яғни жаңа оқу жылы басталған уақытта өтеді. Қазір алматылық 1300-ден астам бала жыр жаттап, өз дайындықтарын пысықтап жатыр. Ал, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы, жазушы Қали Сәрсенбай болса «Тұлпар мініп, ту алған» байқауын нағыз рухани жаңғыруға қажетті жоба екенін айтты.

«Бұл жобаның маңыздылығына, ерекшелігіне сөз жетпейді. Рухани дүниеңе шапқыншылық жүріп жатқан кезде мұндай шараларды қолға алу өте маңызды. Тәрбиенің барлығын болашақ ұрпақтың бүгінгі келбетін қалыптастырудан бастау керек. Рухани жаңғырудың нағыз көкесі осы», - дейді жазушы.

Оның айтуынша, мұндай байқаулардың ауқымын кеңейтіп, жыл сайын өткізіп отыру қажет.

«Қазір Алпамыс батыр жырынан бастап жатыр. Алдағы уақытта Қобыланды батыр бар, Ер Тарғын бар, жалпы көп қой қазақтың батырлары. Қазақтың тарихында 5 мыңнан астам ән-жыры болған. Бұл қандай халықта болады? Бұл өзінің тарихы бар, мәдениеті бар халықта болады. Кейбір халықтар болады, бірде-бір жыр-дастаны жоқ, эпосы жоқ. Қазақ халқының ерекшелігі осында, бұл шараның маңыздылығы өте зор. Сондықтан бұл жылдан жылға жалғасын таба беру керек», - дейді Қали Сәрсенбай.

Еске салайық, «Тұлпар мініп, ту алған» байқауында топ жарған үш оқушыға қаржылай сыйлық беріледі. Ал, оларды байқауға дайындаған мұғалімдері Англияның Оксфорд қаласына барып, бірнеше ай бойы ағылшын тілі курсынан өтуге мүмкіндік алады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары