$ 447.4  477.55  4.76

Қызылордада студенттерге бөлінетін білім гранттарының көбі IT мамандықтарына арналған

Мемлекет басшысы жыл сайынғы жолдауларында Қазақстан жастары ғылым мен білімді, технологияны толықтай меңгеріп, жаһандану заманында Қазақстанды дамыған елдер қатарына алып шығуы керек дегенді жиі айтады. Яғни, қазіргі өскелең ұрпақ қазақ пен орыс тілдерінен бөлек ағылшын тілінде еркін сөйлеп, IT саласының білгірлері болуы тиіс.

Жалпы, соңғы бірнеше жылдан бері дәл осы IT саласына елімізде ерекше көңіл бөлініп келеді. Тіпті, «Цифрлы Қазақстан» деген мемлекеттік бағдарлама құрылып, осынау саланы жан-жақты дамыту жұмыстары жүргізілуде. Қазірдің өзінде Қазақстанның барлық облысындағы мектептерде IT сыныптары ашылып, мамандар компьютер тілін кішкентай балалардың барлығына үйретіп жатыр. Бұл аз десеңіз, жоғары оқу орындарына беріліп жатқан гранттар қатарында да осы IT мамандықтарына басымдық көбірек берілген. Мәселен, Қызылорда облысында жергілікті әкімдік есебінен берілетін жүздеген гранттың жартысынан астамы компьютер программаларын әзірлеушілерге үлестіріліпті. Бұл туралы облыстағы «Нұр Отан» партиясы филиалының жиынында айтылды. Партиялықтар «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша «Білім» бағытындағы аймақтық комиссияның кезекті отырысын өткізген болатын. Онда Мемлекет басшысының «5 әлеуметтік бастамасында» көрсетілген үшінші бастаманың жүзеге асу барысы талқыланды.

Жалпы, облыс бойынша биыл 7112 түлек мектепті аяқтаған. Олардың 4742-і ҰБТ-ға қатысып, 57,6 пайызы мемлекеттік грант иеленген. Грант иегерлері саны өткен жылмен салыстырғанда 509-ға артқан.

Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова баяндама оқып, осы бағыттағы нәтижелі көрсеткіштерді атап өтті.

«Билығы түлектердің ҰБТ-ға қатысу пайызы 66,6%-ға жетті. Орташа балл 85,82-ні құрап, өткен жылмен салыстырғанда 3,4 балға өсіп отыр. 2733 бітіруші мемлекеттік грант иеленді. Оның ішінде 823-і «Серпін» бағдарламасы бойынша.Талапкерлердің 45,2 пайызы техникалық, 25,4 пайызы педагогикалық, 7,5 пайызы медициналық, 10,3 пайызы ауыл шаруашылығы мамандықтарын таңдаса, 11,3 пайызы басқа салалардың үлесінде. Жалпы, облыс бойынша 6889 түлек жоғары және арнаулы оқу орындарына оқуға түсті, - деді басқарма басшысы.

Жиында мемлекеттік білім беру тапсырысының орындалысы төңірегінде жоғарғы оқу орындары мамандары да хабарлама жасады. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қабылдау комиссиясының  жауапты хатшысы Абзал Шегенбаевтың айтуынша, 18-26 шілде аралығында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті базасында Ұлттық бірыңғай тестілеу және кешенді тестілеу нәтижелері бойынша 50-ден жоғары балл жинаған талапкерлерден мемлекеттік білім беру гранты конкурсына 3651 талапкер қатысып, 2485 мемлекеттік грант иегерлері атанған. Олардың 248-і Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеті мамандықтарын таңдаған.

Өңірде сондай-ақ мектеп түлектерінің ең үздік отандық және ресейлік жоғары оқу орындары мен колледждерінде білім алуына зор мүмкіндік жасалған. Қызылорданың 452 білімді жасы Ресей үкіметінің грантымен Мәскеу және Санкт-Петербургтің үздік техникалық ЖОО-да білім алуда. Одан бөлек, жыл сайын ауылдық жерлердегі көп балалы және аз қамтылған отбасылары балаларына облыс әкімінің арнайы 100 гранты бөлінеді. Биылдан бастап бұл гранттың саны 200-ге жетіп отыр. Олардың 70% ақпараттық технологиялар саласындағы мамандықтарға арналған.

Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақтың Парламентаралық Ассамблеясына қарасты университетпен Меморандумға қол қойылып, өңірдегі үздік мектеп түлектеріне жыл сайын 10 білім беру грантын бөлу туралы келісімге қол жеткізілген.

Осындай жақсы жаңалықтармен отырысты қорытындылаған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев «Білім» бағытындағы комиссияның  жұмысына оң бағасын беріп, ендігі жерде олардың сапалы білім алуына бақылау жасау қажеттігін алға тартты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары