$ 447.4  477.55  4.76

Жезқазғанда тәрбиешілер марапатталды

Ұстаз ұлағатты ұғым, ұстаз ұлы есім. Әр адамның жүрегіне жылулық нұрын сеуіп, сарқылмас білім нәрімен сусындатып, өмірдің сан қырын үйретіп, сол шексіз ғаламға қанатыңды қатайтып ұшыратын ұстаздар еңбегі өлшеусіз. Сол ұстаздар мерекесі қарсаңында «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалы аяулы ұстаздарға құрмет көрсетіп, салтанатты жиын өткізді.

Ұстаз деген біз үшін қашанда қадірлі, құрметті. «Ұстазсыз шәкірт тұл» дейді біздің қазақ. Алғаш әріп татынып, өз баласынан кем көрмей, аялап, жаныңа білім дәнін себетін, өне бойыңа нұрлы шуақ сіңіретін, өмірге тұлға ретінде тәрбиелеп, қалыптастыратын, біліммен тәлім-тәрбие бере отырып, адамгершілік қасиеттерді бойына дарытатын мұғалім еңбегін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Ал, осы мектепке дейін әр үйдің бір-бір еркесін аялы алақанына салып, ыстық ықыластарына бөлеп, мәпелеп, жүректеріне адалдық пен мейірімді ұялатып, не дұрыс, не бұрыс екенін түсіндіріп, балапындай баптап, көздері мөлдіреген, жүздерінде күлкі ойнаған, жүректері пәк бүлдіршіндердің бапкері - балабақша тәрбиешілерінің еңбегі ерен.

Міне, осындай мейірімді, қамқор, кішіпейіл, үлкен мамандық иелерінің құрметіне «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалының партиялық ұйымдастыру жұмысы секторының меңгерушісі Сәкен Смағұлов партия және филиал төрағасының бірініші орынбасары Бауыржан Шыңғысов атынан тәрбиешілерді төл мерекелерімен құттықтап, еңбектеріне жеміс, шығамашылық мол табыс тіледі.

Мектепке дейінгі білім беру мекемелері №1 «Көктем» бөбекжайының әдіскері Наталья Гиниятова мен орыс тілі пәнінің мұғалімі Айгүл Жолаеваға, №14 «Балдырған» бөбекжайының тәрбиешілері Әсем Аушакимова мен Бақытжан Омарбековаға, №15 «Гүлдер» бөбекжайының әдіскері Гүлнәр Тілегенова мен тәрбиеші Назыгүл Омароваға, №11 «Арман» бөбекжайының тәрбиешілері Светлана Хасанова мен Мәрзия Сүлейменоваға, №9 «Родничок» бөбекжайының тәрбиешілері Нина Омарова мен Зоя Симановаға арнайы Алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етті.

Жезқазған Байыту фабрикасының бастауыш партия ұйымының төрайымы Лиза Башанова аяулы ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, мұғалім еңбегін еш нәрсемен теңестіруге келмейтінін айтып, аржарқын лебізін білдіріп, құрмет көрсетті.

Ізтөлеу ТҮСІПОВ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары