$ 449.58  486.94  4.86

Алматыда көліктерді табиғи газға ауыстырудың кешенді жоспары әзірленді

Бүгінгі таңда экологиялық пробелмаларды шешу – күн тәртібінде тұрған басты мәселелердің бірі. Осыған байланысты елімізде түрлі іс-шаралар атқарылып, жаңа жобалар қолға алынған. Алматы қаласы билігі де бұл бастамадан тыс қалған жоқ. Қаладағы экологиялық ластану көрсеткішін төмендету үшін жергілікті билік өкілдері автокөліктерді жанармайдан газға көшіру науқанын бастап кетті. Бүгінде «Оңтүстік астанада» бұл бастаманы жүзеге асыру үшін автокөлік иелерін несиелеу жобасы қолға алынған. Жобаны «Алматы» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы жүзеге асыруда. Аталған компания өкілдері Sn.kz порталына тілшісіне осынау экологиялық жобаны жүзеге асыру тетіктері жайында айтып берді.

Ресми дерек бойынша «Алматы» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы 2016-2017 жылдарға арналған Алматы қаласында атмосфералық ауаның сапасын жақсарту бойынша кешенді жоспар құрған. Жоспарға сәйкес, автокөліктерді газға ауыстыру үшін несие беру жобасы жүзеге асырылады. Негізгі мақсат – қаладағы көліктерді сұйық газбен жабдықтау үшін көмек беру. Негізінен жоба құны – 300 млн теңге.

Ал несиелендіруге кімдер ие болады? Олар көліктерді газ балон құрылғыларымен жабдықтаумен айналысатын техникалық қызмет көрсету орталықтары, автомобиль паркі бар жеке кәсіпкерлік субъектілері, газ толтыру станциялары құрылысына жауапты кәсіпкерлік нысандар мен жеке тұлғалар екен.

Енді қаржыландыру көздеріне тоқталсақ. «Алматы «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы екінші деңгейлі банктермен бірлесе отырып, бірнеше жобаны атқарады. Оған қоса, жеке тұлғалар мен кәсіпкерлік нысандары екінші деңгейлі банктерден жеңілдетілген несие алу мүмкіндігіне ие. Ал борышкерлерге қойылатын басты талап – ол Алматы қаласында немесе қаладан 50 шақырым жерде тіркелген болуы шарт. Сонымен қатар, банк талаптары да ескеріледі.

Автокөліктерді табиғи сұйық газға ауыстыру арқылы қаланың экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, экологиялық апаттың алдын аламыз. Қазіргі кезде қала дамуына қатысты қабылданған және қабылданатын жобаларда көліктер санын азайту, көліктерді газға ауыстыру мәселесі бірінші кезекке қойылады.

Жеңілдетілген несие алған көлік иесі газ қондырғысын кез-келген автоорталыққа апарып қондыра алмайды. Ол үшін аталған орталықтың осындай жұмыстармен айналысуға рұқсаты, яғни лицензиясы болуы керек. Бұл да жүргізушілердің қауіпсіздігі үшін дейді «Алматы «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясының өкілдері.

Жасыратыны жоқ, көліксүйер қауым арасында газ орнатуға қарсы шығатындар да, оны қолдайтындар да көп. Мұны экологиялық тұрғыдан тиімді дегенімізбен, автокөліктің қозғалтқышына зиянын тигізеді дейді кейбір сарапшылар. Ал, ең бастысы, газ баллонын білікті ұсталар орнатпаса адам өмірі үшін қауіп төндіруі мүмкін көрінеді.

Ал, Алматыдағы ең ірі газ баллонын көлікке қондыру орталығының директоры Максим Либтың айтуынша, бұл отынның адам өміріне қаупі жоқ. Тіпті, газ баллоны тесіледі, жарылады деп қорқудың да қажеті жоқ дейді ол. Осы күнге дейін мұндай бірде-бір оқиға тіркелмеген.

«Көліктің жүксалғышына орнатылатын баллон арнайы стандарттар бойынша бекітіледі. Сондықтан оның жылжып кетуі мүмкін емес. Тіпті, көлік жол апатына ұшыраса да баллонға кеп-кетер зиян жоқ. Баллон 2-2,5 миллиметрлік болат металынан әзірленеді, оның қауіпсіздігіне кепілдік бере аламыз», - дейді ол.

Қалай болғанда да, биылдан бастап алматылық көлік жүргізушілері жаппай жанармайдан көгілдір отынға ауыса бастайтын секілді. Өйткені, бұл тек экологияға ғана пайдалы емес, жүргізушілердің қалтасына да жеңіл тигелі тұр. Оның үстіне, гащ баллондарын орнатуға кететін шығынды несие негізінде мемлекеттің өзі төлеп бермек.

Статистика үшін айта кетейік, былтыр еліміздегі автокөлікке құятын газдың сатылымы бірден 43 пайызға өскен. Ал, жанармай сатылымы 5 пайызға төмендеп кетті. Газ құятын бекеттер саны 51 пайызға артыпты.

Г.Сембиева

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары