$ 443.85  474.3  4.8

Мүфтият «жұмақтағы 4900 хор қызына» қатысты түсініктеме берді (ВИДЕО)

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Абдулахад Сманов есімді азаматтың «хор қыздары» туралы айтқан уағызы үлкен пікірталас туғызған болатын. «Жұмаққа әйелімен кірген әр еркекке 4900 хор қызы беріледі» деген сөздерін ол Пайғамбардың (с.ғ.с.) хадисінен алғанын айтқан. Алайда, жұрттың күлкісін туғызған осынау уағыздың дұрыс еместігін бүгін Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы ресми мәлімдеді.

Мүфтияттың сайтында жарияланған мақалада Абдулахад Смановтың ешқандай да имам еместігі, ҚМДБ қаржысына шетелде оқып жүрмегендігі жазылған. Назарларыңызға мақаланың толық нұсқасын ұсынамыз.

Əлеуметтік желі қолданушыларының Сманов Абдулаxад Əбдісаттарұлының «Жәннаттағы хор қыздары» туралы уағызына байланысты туындаған пікірлері мен сауалдарына қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) мәлімдейді:

Біріншіден, Абдулаxад Əбдісаттарұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметкері де, мешіт имамы да емес. Аталған тұлғаның ҚМДБ жолдамасымен шетелде оқып жүр деген ақпарат орынсыз. Оған ешқандай жолдама берілген емес.

Екіншіден, айтылған уағыз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымы мен көзқарасын білдірмейді.

Үшіншіден, жәннатта әр еркекке 4900 әйел беріледі деген сөздің негізі жоқ. Бұл жөнінде сахих хадистер келмеген.

Имам Бухаридың сахих жинағындағы Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте «әрбір жәннат иесіне екі хор қызы беріледі» делінген (Ибн Хажар әл-Асқалани. Фәтху әл-Бәри шарху сахихи әл-Бухари. «Жаратылыстың басталуы» кітабы, «Жәннаттың сипаты және оның жаратылғандығы туралы» бабы, №3245. – Бейрут: әл-Мактабәту әл-асрия, 2007. – Т.5. – 3833 б.). Алайда, бұл хадисте бірнеше әйел алса жәннат иесіне тиеслі қор қыздарының саны артады деген мағына шықпайды. Оны Абдулахад Əбдісаттарұлының өзі бұрмалаған.

Қоғамдағы діни мәселелер бойынша пәтуа шығаратын ресми мекеме – ҚМДБ, оның Ғұламалар Кеңесі, шариғат және пәтуа бөлімі. Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұсылман жамағатын кез келген, әсіресе түрлі əлеуметтік желілердегі қисынсыз, бейресми діни мағлұматтарға ден қоймауға, қандай да бір діни сауал туындаса, мүмкіндігінше мешіт имамдарынан келіп жөн сұрауға, ғаламтордағы діни мәліметті ҚМДБ-ға қарасты сайттар мен әлеуметтік желілерден ғана алуға шақырады.

Жеке тұлғалардың əлеуметтік желілердегі парақшасында жариялаған аудио жəне бейнежазбаларына бақылау жасауына ҚМДБ-ның құқықтық өкілеттігі жоқ екенін мәлімдейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары