$ 447.4  477.55  4.76

Алматыда қоғамдық сананы жаңғыртудың алғашқы қадамдары талқыланды

Алматыда «Қоғамдық сананы жаңғырту: алғашқы қадамдар» тақырыбында коалициялық отырыс өтті. Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде өткен шараға қоғамдық бірлестіктердің мүшелері мен қоғам қайраткерлері, жастар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Аталмыш шарада қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі жайы талқыланып, Коалиция мүшлері бұл реформаға қатысты өз ойларын білдірді.

- Біздің бүгінгі отырысымыз, еліміздің маңызды тарихи оқиғаларының аясында өткелі тұр. Біріншіден, Коалицияның республикалық іс-жоспар кестесіне сәйкес бүгінгі отырысымызда Қазақстанды әлемдік қауымдастыққа кеңінен танытқан, күні кеше ғана аяқталған «EXPO-2017» халықаралық көрмесінің мән-маңызы жайында да сөз қозғамақпыз. Екіншіден, қазақ тілінің латын әліпбиіне ауысуы жайын талқылаймыз, - деді «Нұр Отан» партиясы АҚФ төрағасының орынбасары Қ.Табеев.

Сонымен қатар, латын әліпбиіне көшу жайын талқылауда филология ғылымдарының докторы Өмірзақ Айтбаев, латын графикасын енгізу бойынша жұмыс тобының мүшесі, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты Тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі Нәзира Әміржанова, «Ауыл» ХДП Алматы қалалық филиалының төрағасы Абдулла Сапаров және «Ақжол» демократиялық партиясының Алматы қалалық филиалы төрағасы Дмитрий Васильев өз ойларын ортаға салды.

- Латын әліпбиінің артықшылығы, ол ағылшын тілін толық меңгеруге, жаңа заманауи технологияларды біліп тануға жол ашу және әр елдің түпкіріндегі қазақтардың бір-бірімен тілдесуіне үлкен мүмкіндік тудырады. Сонымен қатар, кемшіліктері де бар. Бұл кемшіліктерді біз - тіл және филология мамандары толығымен іске асыруымыз қажет, - деді Н.Әміржанова.

Ал Өмірзақ Айтбаев Мәжілістің қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы шешімі, көпшілік назарына ұсынылуы өте дер кезінде жасалғанын атап өтіп, Еуропа мен Азия халықтары алфавиттерінің жасалу, қалыптасу тарихына тоқталды.

Коалиция мүшелері отырысты қорытындылай келе алматылықтарға қазақ тілінің латын әліпбиіне көшіуін қолдау жөнінде үндеу қабылдады.

Еске салайық, биыл сәуір айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласын жариялаған болатын. Онда Елбасы Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына енуі үшін жасалуы тиіс шараларды тапсырма ретінде тізбектеп шыққан. Ең басты мақсат - қоғамдық сананы жаңғырту, сол арқылы өркениетті елдердің қатарына қосылу. Осы мақсатқа жету үшін Президент 6 басым бағытты көрсеткен. Олардың өзі бірнеше мемлекеттік бағдарламадан тұрады. Олардың қатарында "Туған жер", "100 жаңа есім", "Қазақстанның киелі жерлерінің картасы" сынды бағдарламалар бар. Сонымен қатар, Елбасы қазақ тілі латын әліпбиіне кешіктірмей көшіруді де осы мақаласында үкіметке тапсырды.

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары