$ 447.4  477.55  4.76

Алматыға Еуро-5 стандартындағы 50 автобус әкелінді

Алматыға су жаңа автобустардың тағы бір легі әкелінді. Еуро-5 стандартындағы 50 қоғамдық көлікті «Green bus» компаниясы сатып алған. Олар автобус тапшы аудандарға қатынайды. Қазіргі таңда жаңа қоғамдық көліктер жолаушы тасымалдауға кірісіп кеткен. Шаһар басшысы Бауыржан Байбек су жаңа көліктердің сапасын тексеріп, өз бағасын берді.

Қоғамдық көліктің құрамын жаңартуды мықтап қолға алған «Green bus» компаниясы автопарктерін тағы да Yutong маркалы 50 жаңа автобуспен толықтырып отыр. Ұзындығы 10 метрлік су жаңа көліктер Қытайда құрастырылған. Сапасы жақсы дейді мамандар. Ішіне 70 жолаушы емін-еркін сыятын автобус «Оңай» терминалдарымен жабдықталған. Бейнебақылау камералары да орнатылған.

Жаңа автобустар №50, 112 және №126 бағыттарында қатынайды. Соның арқасында қоғамдық көлікті сағаттап күтуге мәжбүр болған тұрғындардың мәселесі шешілмек.

«Алматыэлектркөлік» компаниясын 5 жылға жалға алған «Green Bus» мекемесі осы уақытқа дейін 187 су жаңа автобус сатып алыпты. Келер жылы да бұл қарқыннан таймай, бірден 175 қоғамдық көлік әкелуді жоспарлап отыр. Компания өкілдері жүргізуші тапшылығы да шешілгенін алға тартты.

«Қолма-қол төлем 150 теңге болғаннан кейін, адамдардың басым бөлігі электронды картаға көшті. Электронды картаға өткеннен кейін жолаушылар саны анықталды. Сондықтан біздің табысымыз да өсті. Табысымыз өскеннен соң, біздің жолаушылардың да айлығы өсті. 15 күн жүретін жүргізушілерге ең азы 170 мың  теңге жалақы шығып жатыр. 220-250 мың айлықты 15 күнде тауып жатқандары да бар», - дейді «Green Bus Company» ЖШС басшысының орынбасары Бақытжан Рыспаев.

Бұдан бөлек, қаладағы өзге жеке тасымалдаушылар да 254 жаңа автобус алуды жоспарлап отыр екен. Олардың 60-ның сыйымдылығы орташа болса, қалған 194 үлкен. Барлық автобустар кондиционерлермен жабдықталып, қаланың брендбукі бойынша бір стильде  әрленеді. Қоғамдық көліктер алып шаһарға биылғы жылдың қазан айынан, келер жылдың сәуір айына дейін толық жеткізілмек.

Еске салайық, бұған дейін Алматы қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы жыл соңына дейін Алматыға 500-ге жуық жаңа автобустың жеткізілетінін мәлімдеген болатын.

«Әлем елдерінің көбінде жолаушылар тасымалы мемлекет тарапынан субсидияланады. Біз бұл процесті енді бастадық. Қазір 12 бағыт бойынша жүретін автобустарды субсидиялап жатырмыз. Мәслихаттың келесі сессиясында тағы 32 бағыт бойынша жүретін автобустарға субсидия бөлуді сұраймыз. Сөйтіп, жыл соңына дейін 44 бағытты субсидиялаймыз. Бұл бағыттарды тек жаңа автобусы бар компанияларға ғана береміз. Жаңа автобустарды бүгінде «Алматыэлектротранс» (297 автобус), Green Bus Company (50), «Авто Алма-Транс» (100), «Мадина» (28), «БаТу travel компаниясы» (30) және «Самат Транс» (14) компаниялары сатып алмақшы», - деген еді басқарма басшысы М.Исахов биыл қыркүйек айында.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары