$ 448.89  477.93  4.76

Алматыда 16 ұлт өкілінен құралған колледж жастары ерекше кеш өткізді

Алматы мемлекеттік бизнес колледжінде Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында достықты, тарих пен мәдениетті арқау еткен әсерлі кеш өтті.

Кешті «Қоғамдық келісім» коммуналдық мекемесі мен Алматы мемлекеттік бизнес колледжі ұйымдастырып, оған қаламыздағы этно-мәдени бірлестіктер төрағалары мен мүшелері, колледж студенттері қатысты.

– Бүгін өте бір жылы шуақ шашқан күн болды. Қонақжай шаңырағымызға Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері келіп, жастарымызға ұлы достықтың өнегесін көрсетіп отыр. Үлкен шаңырақ астындағы бейбітшілік бесігіне тербелген мемлекетіміздің тату тіршілігі мен ауызбіршілік арқасында Елбасымыз салған сара жолмен келе жатқанымыз туралы жастарға жан-жақты айтып бердік.  Біздің колледжде 16 ұлттың өкілі білім алып жатыр. Олар білім алып, маман болып шығады. Сонымен қатар, өз ұлттарының тарихын, салт-дәстүрін де дәріптеп, терең танитын болады, – дейді колледж басшысы Гүлфайруз Қасымова.

Колледжде білім алып жатқан жастар шетінен өнерлі. Сахнаға кезектесе шыққан жастар 16 ұлттың ұлттық өнерін көрсетті.

– Шын мәнінде бүгінгі кеш өте маңыздылығымен ерекшеленіп отыр. Бұл кешіміздегі шынайы достықтың, тұрақтылықтың жарқын көрінісі, – деп атап көрсетті «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Жаннат Шарапханқызы.

Кеш барысында студенттер арасында Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихына байланысты конкурс ұйымдастырылды.  Ұтымды жауап қайтарған студенттерге естелік сыйлықтар табыс етілді.  Кеш соңында қонақтар әр түрлі этностардың ұлттық асханаларының көрмесін тамашалады.

Айта кетейік, Қазақстан Ассамблеясы 1995 жылдың 1 наурызынан бері жұмыс істеп келеді. Ассамблея мемлекеттік ұлттық саясаты әзірлеуге және жүзеге асыруға, Қазақстан Республикасындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал жасайды.

Ассамблея қазақ халқының топтастырушылық рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық біркелкілікті  және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде республикадағы этносаралық келісімді қамтамасыз етуді мақсат етіп келеді.

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары