Футбол пәнін оқытатын 215 мектепті министрліктің жанындағы Ұлттық ғылыми-тәжірибелік дене тәрбиесі орталығы таңдап алды. Сабақты бастауышта оқитын балаларға оқыту көзделіп отыр.
Жаңа пән ОҚО, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Қарағанды, Алматы облыстары, сондай-ақ, Астана мен Алматы қалаларының мектептеріне енгізілді. Тек Алматы мен Астананың өзінде ғана 30 мектептің оқушылары футбол пәнін мектепте меңгеретін болады.
Жаңа пәннің өз оқулықтары бар. Қазақ және орыс тілдерінде басылып шыққан кітаптармен қазіргі таңда мектептердің барлығы қамтылған. Ал, оқытушылардың біліктілігін арттыру мақсатында семинарлар мен шеберлік сағаттары өткізіліпті.
Бұл іс-шараларға еліміздің ірі футбол командаларының яғни, «Астана», «Тараз», «Шахтер», «Ордабасы», «Жетісу», «Қайсар», «Ертіс» жаттықтырушылары қатысып, мұғалімдерге өз білгендерін үйреткен.
Жаңа пәнді енгізудегі басты мақсат – салауатты өмір салтын мектеп қабырғасында қалыптастырып, талантты футболшылар даярлап шығару.
Telegram-каналға жазылып, бәрінен хабардар болыңыз!