$ 447.4  477.55  4.76

Алматыда Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті

Бүгін қазақстандықтар жаппай еліміз үшін ең маңызды мереке саналатын Тәуелсіздіктің 26 жылдығын тойлап жатыр. 1991 жылдың 16 желтоқсанында бұрынғы КСРО елдерінің соңғысы болып Қазақстан өз егемендігін жариялаған болатын. Содан бері әр жылдың 16 желтоқсаны республикада ең маңызды әрі қасиетті мереке.

Дәл осы күні еліміздің барлық өңірінде жоғары деңгейдегі іс-шаралар өтуде. Әсіресе, Астана мен Алматы қалаларында Тәуелсіздік күні мерекесі ерекше аталып өтеді. Өйткені, Алматы – Қазақстанның тәуелсіздігін алған кездегі астанасы болса, Астана – қазіргі елордамыз. Сондықтан аталған екі қалада да Тәуелсіздік күні салтанатты жиындар көптеп өтеді. Солардың бірі ретінде бүгін «оңтүстік астанадағы» Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қою рәсімін атап өтуге болады. Бұл шараны өткізу Алматыда дәстүрге айналған. Салтанатты жиынға қала тұрғындары мен қонақтары, қалалық әкімдік өкілдері, Ардагерлер кеңесінің мүшелері, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылар, үкіметтік емес ұйымдар, Ауған соғысының ардагерлері, Чернобыль апатының салдарын зарарсыздандыруға қатысқан азаматтар, жастар ұйымдары қатысты.

Қала басшылығы, ардагерлер Кеңесі, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылар, жастар ұйымдары, қала тұрғындары әскери-үрлемелі оркестрдің музыкалық сүйемелдеуімен Республика алаңындағы тәуелсіздік Монументіне гүл шоқтарын қойды.

«Бүгін еліміз үшін ең маңызды күн. Қазақ тарихында ата-бабамыз тәуелсіздік үшін жанын пида еткен. Міне, осы мақсатқа жеткенімізге 26 жыл болды. Осы уақытта қуатты экономика қалыптасты. Әлеуметтік, ғылым, білім саласы қарқынды дамып келеді. Қазақстан инвестиция тартуда Орталық Азияда жетекші рөл ойнап келеді. Ал дамыған елдің 30-дығына ену туралы мақсат қол жеткізуге болатын меже деп санаймын. Барлықтарыңызды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын», - деді Тұран университетінің ректоры, қоғамдық кеңес төрағасы Рахман Алшанов.

Жиын соңында әскери-үрмелі оркестрдің музыкалық сүйемелдеуімен Алматы өңірлік гарнизонының әскерилері салтанатқа қатысушылар алдынан әскери саппен өтті.

Сонымен қатар, Астана алаңында бүгін мерекелік концерт өтеді. Кеш 21:00-де мерекелік отшашумен аяқталады. Қаланың әр ауданында көрмелер, мерекелік кештер, театрландырылған қойылымдар өтеді. Айта кетейік, биыл қазақстандықтар 16,17,18,19 күндері демалатын болды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары