$ 449.58  486.94  4.86

Қарағандыда көлік апаты болып, 3 адам ауруханаға түсті

Солтүстіктің сақылдаған сары аязы мен  алай-дүлей боранына бойы үйренген жергілікті тұрғындарға қыстың бір күнде келіп қалғаны таңсық емес. Дегенмен, биыл қыстың екінші айына аяқ басса да, қар түспей қара қатқақтың созылып кетуі, әсіресе, шаруаларды  аздап алаңдатқан еді. Енді, міне  көл көсір қар жауды деп мәлімдейді КТК телеарнасы.

Несібесін аспаннан күтетін шаруаның  тілегі орындалған күн бүгін. Әп-сәтте төпелеп қар жауып, соңы боранға ұласты. Осыдан кейін республикалық маңызы бар жолдар тегіс жабылды. Қазір Көкшетау-Астана, Көкшетау-Петропавл, Алматы-Екатеринбург бағыттары жабық. Тіпті жақын аудандарға да шығу мүмкін емес.Төтенше жағдай қызметінің жиі-жиі хабарлама таратып, ескерту айтып жатқанына қарамастан жанын шүберекке түйіп жолға шыққандар көп.

«Мен таксистпін. Зерендіге кісілер апара жатырмын. Аяғы ауыр адамдар да, неше түрлі адамдар отыр. Күн бұзылып кетерін кім білген? Бір Алланың қолында. Алла жазса, ашар жолды , өтерміз», – деді Шағалалы ауылының тұрғыны Мұрат Баймолдин.

Қалың қардан Көкшетау көшелерінде жаяулардың жүруі де  оңай болмай тұр. Арнайы қызметтер тазартып жатқанымен, үлгерер емес. Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты барлық аудандарда, қалада сабақ  тоқтатылды. Секундына 30 метрге дейін жететін жел тұрып, аяғы боранға ұласып жатыр. Дәл осындай жағдай Қызылжар өңірінде де болып жатыр. Ауа райына байланысты солтүстік қазақстандық тәртіп сақшылары облыстағы барлық жолдарды торуылдап жүр. Қазір  теріскейде бес бағыт бойынша жолдар  жабылған. Түк көрінбейтін ақтүтек боранның салдарынан Петропавлдан Қостатай облысының Рудный қаласына бет алған автобус жолдан шығып кеткен. Абырой болғанда ондағы 30 жолаушы дін аман. Қарағандылықтар да қалың түскен қармен арпалысып жатыр. Мұнда бірнеше бағытқа ұшақтар ұша алмай, теміржол қатынасы да қиындаған. Қазір вокзалда пойыз күткен жолаушы  көп. Орталық өңірдің төтенше жағдай қызметі болса, осы күндері жолға шықпай сақ болуды ескертіп жатыр. 

«Ауа райының нашарлауына байланысты Қарағанды облысында барлық бағыттар бойынша барлық көлік түрлері үшін жолдар жабылды таңертеңгі 8:20 дан бастап. Халыққа ескертеміз алыс жолға шықпауға, әсіресе, түнде және ауа райы нашарлау кезінде», – деді Қарағанды облыстық ТЖД баспасөз хатшысы Жанна Дәуренбекова

Ал көз аштырмас боранда жолға шыққан жолаушылар автобусы Қарағанды облысында апатқа ұшырады. 45 адамның үшеуі жарақаттанып, ауруханаға жеткізілді. Қалғандары жол ашылып, басқа  көлік табылғанша Шешенқар ауылында уақытша тұрақтамақ.


 

 

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары