13.03.2018, 11:25

Сен маған тиесің еркек басыңмен: Байдың қызымен жүрген жігіт өзінің «ұзатылғанын» айтты

«Бір қызға тиіп, ұзатылып кеттім». Осылай деген facebook қолданушысы Жеңісхан Асылханұлы басынан өткен жағдайды айтып берді. Оның ойынша, Астанада байдың қызын алғаннан оған тиген оңайырақ екен.

Астанада үмітің балғамен, арманың балта, тістеуікпен байланысып жатады. Кей кезде өгіз мініп отын тасығың келеді. Кей кезде ат мініп қой баққың келеді. Астана бейнеттің қаласы. Мұқтаждықтан, жоқшылықтан қолыңа балға, балта, тістеуік ұстайсың. Бейнетсіздік Астанада аштан өлтіреді. Астанада бейнетсіз өмір сүретіндер аяқтары аспаннан салбырап түскен, көпшіліктің асына тік қасық болған халық қалаулылары шығар, жиналыс сайын ұйқтап отыратын. Олардан басқа адамдар таң атқаннан кеш батқанша, жұмыс деп, омақаса жығылып, омақаса құлап жатады. Астанада құрлыс жұмысын кәсіп еткен бір қауым ел бар, сол елдің арасында менде күнделік нанымды тауып жеп, өлместің күнін көрем. Бүгін алланың берген ырыздық, жеміне бөгіп жүрген, мол дастарқанын жайып, барлықтан шалқып жүрген бір байдың үйіне батысша әрлеу жұмыстарын жүргізетін болдым. Жұмыс барысында менің назарымды бөле берген, жүрегіме үкім - билігін жүргізе бастаған, жүрегімді сұлулығының арқасында өз қалауымен басқара бастаған байдың қызы еді. Астанада жалдамалы үйде тұрып жатқан жігіт үшін байдың қызы қол жетпейтін баспана, жеткізбейтін арман. Құрлыста жүріп соншалық әдепсіз соншалық тұрпайы боп кеткем. Ауыр жұмыс адамды қажытады, шаршатады. Боқтамай іс бітпейді. Байдың қызы үшін барынша әдепті, барынша сыпайы болуға тырысамын. Сөйлесе жүріп байдың қызының жүзіне күміс толқын ойнатып, шапақ атқан қызғылт нұр жүгіртіп жүрегін баурадым, жүрегін жауладым... серідей сәнді, дәнішпандай мінезді, хор қызындай көрікті байдың қызының басын айналдыру мен секілді жаман құрлысшыға аспаннан алтын жауғанмен бірдей. Сонымен араласа жүріп айырылыспастай өмір сүруге келісті. Енді егіз қозыдай тату-тәтті күн кешеміз. Мен басында бөркі бар ер жігітпін. Ар- намысы бар ермін, ез емеспін. Байдың қызына сені аламын дедім ерленіп.

«Мен жуандармен, асқақтармен алыс-беріс жасаймын, сенің сиыр қора секілді жатағыңда мен қалай олармен алыс-беріс жасаймын. Мен мәнсаптыларға, атақтыларға өз қолымнан дәм-тұз татырам, басымызда баспана жоқ, Есілдің жағасындағы көр тышқанның ініне апарып оларға дәм-тұз татырам ба? Ешқандай шарт-жағдайың жоқ, сен мені алмайсың, сен маған тиесің еркек басыңмен» – деді байдың қызы.

Ен салып, меншіктеп жер алайын деп құжаттарымды өткізгеніме он жыл, кезек әлі жылжымады. Жердің жарығын бітердей тынымысыз еңбек етсем де алақандай жерге қолым бір жетпеді. Жер алып, үй салмаған ер жігіттің, баспанасыз ержігітің қыз алдында кесік құлақ күңдей күңкілдегеннен басқа не келсін қолынан?! Қыздың сөзі кесімді сөз. Астанада байдың қызын алғаннан,тиген оңай. Мен осылай бір қызға тиіп, ұзатылып кеттім.

Telegram-каналға жазылып, бәрінен хабардар болыңыз!

Пікір қалдыру үшін әлеуметтік желі арқылы кіріңіз

SN туралы      Жарнама

      info.skifnews@gmail.com

«SN.kz» ақпараттық порталына гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.

   

Skifnews жаңалықтарын Facebook-те
оқу үшін "Нравится" белгісін басыңыз

  

 

©2016-2018 Skifnews.kz. Авторлық және жарнама құқықтар толығымен сақталады.