$ 449.3  489.69  4.89

«Жел қалай қарай тұрса, партия солай қарай ығады»: 7 жасар баланың ісіне «Нұр Отан» енді араласа бастады

Оңтүстік Қазақстан облысында зорланды делінген 7 жасар баланың ісіне қатысты қоғам 5 күннен бері шулап жатса да, өздерін халықтың партиясы санайтын «Нұр Отан» тек кеше түнде ғана проблемаға тікелей араласа бастады. Оның өзінде қоғам белсенділері баланы Зағипа Балиевадан анасына тікелей мағынада тартып әпергенінен кейін ғана партия басшылары оқиға орнына келіп, істі өз бақылауларына алғандарын айтқан.

Ал, бұған қоғам белсенділері наразы. Олар партиялықтардың проблема басталғанда "тығылып жатып", тек белсенділер мәселені өз қолдарына алғанда ғана бой көрсетіп отыр дпеп ашынуда. Осы істің басы-қасында жүрген қоғам белсендісі Ержан Сүлейменовтің айтуынша, «Нұр Отанда» басшылық қызмет атқаратын Данат Жуминнің «істі өз бақылауымызға алдық» деуі біріншіден күлкілі, екіншіден заңға да қайшы екен.

«Саяси партия Қазақстан заңнамасына сәйкес қылмыстық істі өз бақылауына ала алмайды. Әлде біздің елде ондай бола береді ме? Ендеше рұқсат етілген өзге де саяси партиялар бұл істі өз бақылауларына алсын», - деп жазды блогер өзінің Facebook-парақшасында.

Данат Жуминнің «арзан пиарға» әуестігін өзге де желі қолданушылары жазып, партияның желдің бағытына қарай ыға салатынына таңданыстарын жасырмады.

«Олар бүгінге дейін күтті. Енді желдің қалай қарай тұратыны белгілі болғанда солай қарай ыға салды. Ал, бұған дейін үнсіз жатыр еді», - дейді Алмас Мырзашев есімді желі қолданушысы.

Еске салайық, күні кеше зорланды деген 7 жасар оңтүстікқазақстандық баланы анасы алып кетуге келгенде Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева оған түрлі сылтаулар айтып, ұлын бермеуге барынша тырысқан болатын. Кейін құқық қорғаушылар да ана мен баланың арасына түскен еді. Алайда, Бас прокуратура өкілдерінің және қоғам белсенділерінің араласуынан кейін 1-сыныптың оқушысы анасына қайтарылып, олар қауіпсіз жерге шығарылды.

Ана мен бала қауышып, Аналар үйіне кеткеннен кейін бала бұған дейін жатқан «Асыл бала» орталығына «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев пен Данат Жумин келіп, істі өз бақылауларына алатындарын айтқан болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары