$ 449.58  486.94  4.86

Қайта-қайта «әке атандырып», қанды ішіп біттіңдер – журналист

Журналист Жанар Оразымбет сайттарда «Пәленше үшінші рет әке атанды» сарындағы сүйіншілеткен жаңалықтарға сын айтты. Бұл туралы журналист өзінің facebook-парақшасына пост жазып, кейбір әріптестерін сауатты болуға шақырды.

«Ринат Зайытов бесінші мәрте әке атанды» деп жазыпты бір сайт. (Бір емес бірнеше сайт сөйтіп жазған шығар?!) Осы жексұрын сөзді қайдан тауып алдыңдар а? Осындай бір оңбаған тіркестердің, тақырыптардың бәрі сайттардан шығады бар ғой! Әкем-ау, ол тұңғыш перзенті дүниеге келген кезде әке атанып қойған! Бітті! Кез-келген адам тұңғыш рет балалы болғанда «әке» немесе «ана» деген атқа ие болады. Сосын бітті. Ол атаудың саған жабысқаны жабысқан! Жалпы қазақ баланың санын да айқайлап айта бермеген ғой. Ал енді, әгәрәки, тегі қатты айтқың кеп бара жатса, «Пәленнің келіншегі бесінші сәбиін дүниеге әкелді» дей сал! Өйтіп айтқанға айызың қанбай, елдің құлағын елең еткізгің кеп өліп бара жатсаң, «Пәленнің қатыны шекесі торсықтай ұл тапты!» дегін. Онда тұрған түк жоқ! Осындай сауатсыз, қазақша түсінікке мүлде жат тақырып қойғаннан «Пәленнің үйіндегі келін бесінші баласын туды» дей салған мың есе артық. Әйтпесе қазақтан сөз артылған ба?! «Пәленнің үйіндегі жеңгеміз тағы бір кесте тігерді дүниеге әкелді» деуге болады ғой. Егер қыз тапса, әрине. Немесе айқайлатып, заманауи тақырып қойғыңыз кеп бара жатса, «...тағы бір кірпік жапсырғыш дүниеге келді!» дей салыңыз! Әзіл ойбай! Ертең тағы біреуің өстіп жазып жүрмеңдер! «Пәленннің отбасында үш қыздан кейін бір атұстар дүниге келді» деген қандай әдемі мысалы! Обшым қайта-қайта «әке атандырып, ана атандырып», қанды ішіп біттіңдер, сайттар!», – деп жазды журналист.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары