$ 448.15  483.46  4.86

Ақтау тұрғыны қызының өзіне қол салуына мұғалімін айыптады

Ақтау тұрғыны қызының өзіне қол салуына сынып жетекшісін айыптады. Мектептегі жанжал өрімдей қыздың өмірін жалмады. Ақтауда 8-қабаттан секіріп көз жұмған оқушыға қатысты тергеу басталды. Марқұмның ата-анасының айтуынша, 17 жастағы қызы бірге оқитын құрбылары және сынып жетекшісімен арада болған кикілжіңнен соң өз-өзіне қол жұмсаған деп мәлімдеді КТК телеарнасы.

Қазір полиция «өлімге итермелеу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғапты.

Ғұмыры келте қиылған 10-шы сынып оқушысы Мәдина оқу озаты болыпты. Бірақ, бірге оқитын құрбылары мен сынып жетекшісі арасындағы жанжал, оның тағдырын тас-талқан етті дейді анасы.

«Мен бұған сынып жетекшісін кінәлаймын. Кабинеттен күйзеліп шыққан оқушыны жай жібере салуға оның құқығы жоқ. Ол қызымды осындай халге түсіре тұрып, жібере салған. Ата-анасына, яғни бізге хабарласып барлық жағдайды баяндауы керек болатын»,-дейді Мәдинаның анасы Нәйла Нарымбаева.

Қайғыдан қан жұтқан ананың осылай таусылатын жөні бар. Себебі, марқұм мен төрт құрбысының арасында кикілжің болғанда, сынып жетекшісі олармен жабық кабинетте жиын өткізеді. Бірақ, іштен жылап шыққан оқушы, мектепке жақын тұрғын үйдің 8-ші қабатынан секіріп кеткен. Тіпті, жолай досына хабарлама жазып, ата-анасын қатты жақсы көретінін жеткізіпті. Қазір полицейлер өрімдей қыздың өмірін жалмаған жанжалға қатысты тергеу жүргізуде.

«Аталған дерек бойынша Қазақстан Респбуликасының Қылмыстық кодексінің 105-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Сот-медицианылық сараптама тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде»,-деді Маңғыстау облысы ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімі бастығының міндетін атқарушы Әйгерім Ибатуллаев.

Ал, оқушы тәлім алған мектеп ұжымы қандай да бір түсінік беруден бас тартты. Бірақ, қалалық білім бөлімінің басшылығы, қайғылы оқиғаның негізінде қызметтік тексеріс жүретінін жеткізді.

«Мектеп бұрынғыша өзінің жұмысын жалғастырып отыр. Осыған дейін ата-ана, оқушылар тарапынан, әлеуметтік желіде  жазылған мәселе бойынша осы мекемеге қатысты Ақтау қалалық білім бөліміне арыз-шағым түскен жоқ»,-дейді Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы Светлана Төлебаева.

Марқұмның анасы айыптаған сынып жетекшісі де жұмысын жалғастырып жатыр екен. Бірақ, оқушылар мен мұғалім арасында нендей әңгіме болғаны әзірге жұмбақ. Тіпті, Нәйла Нарымбаева мектептегі оқиғаның куәгерлеріне қысым жасалғанына сенімді. Сондықтан қызымды өлімге итермелегендер жазасын алуы тиіс дейді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары