18.04.2018, 17:10

Салафит күйеуінен қашып жүрген астаналық әйел 1 жасар баласымен далада қалуы мүмкін

40 жастағы келіншек 1 жылдан астам уақыт жалғыз ұлымен аядай бөлмені паналап, өлместін күнін кешіп жүр деп жазады NewTimes.kz. Азаматтық некеде болған "діндар" күйеуіне қайта оралғысы келмейтінін айтқан ол пәтерақысына берер ақша таппай зар жылап отыр.

Үміт (аты өзгертілді) жүкті болмай тұрып күзет қызметінде істеген екен. Ол кезде таза әрі жылы пәтерде тұруға жағдайы болыпты. Алайда, кейін оның аяғы ауыр екенін білген басшысы бірден жұмыстан шығарып жіберген.

«Ақшасыз қалай өмір сүремін? Осы бөлменің өзіне ай сайын 25 500 теңге төлеймін. Мұнда жағдай жоқ. Әжетхана да сыртта. Үй салқын. Қыс бойы балам екеуміз ауырып шықтық», – деп бастады әңгімесін астаналық әйел.

Жалғыз басты ананың көмек сұрап бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Бірақ емізулі анаға ешкім де жәрдем бере алмаған.

«Аналар үйіне» бардым. Ол жерде 40 жастасын деп қабылдамады. Айтуларынша 29 жасқа дейінгі келіншектер ғана паналай алады екен ол жерді. Сосын "Дағдарыс орталығына" бардым. Ондағылар тек зорлық көргендерге көмектеседі екен. Үй кезегіне тағы да тұра алмаймын. Ол үшін Астанада 3 жыл тұрғылықты мекен-жай бойынша үздіксіз тіркеуде болуың шарт. Ал мен былтыр ғана тіркелдім», – дейді ол көзіне жас алып.

Үміт осы айға пәтерақысын қалай төлейтінін білмей дал. Өйткені мамыр айында ұлы 1 жасқа келіп, үкімет беретін жәрдемақы да тоқтатылмақ. Баласына керекті заттарды несиеге алған ана оның да ақшасын төлей алмай, банкте қара тізімге ілініпті.

«Білмеймін не істерімді. Жұмысқа орналасайын десем баламды кімге қаратамын? Ұлым жиі ауырады. Қолы дірілдейді. Дәрігер массаж жасату керек деген. Ал оған ақшаны қайдан табамын?» – деген ол қол ұшын созар бірде-бір туысы жоқ екенін айтып шағымданды.

Келіншектің тек қана азаматтық некеде тұрған «діндар» күйеуі бар екен. Айтуынша, дәстүрлі емес діни ағым – салафизмді ұстанатын көрінеді. Бірақ Үміт одан көмек сұрамақ түгілі, жүзін де көргісі келмейді.

«Біз айрылысып кеттік. Бір жарым ай өткенде одан аяғым ауыр екенін білдім. Бірақ оған айтқым келмеді жүкті екенімді. Баланы алдыртпадым да. Өйткені жасым 40-қа таяды. Қазір туып алмасам, қашан туамын дедім. Ол менің қайда тұрып жатқанымды да білмейді. Уахабимен араласқым да келмейді. Егер ол менің одан ұл туғанымды білсе, баланы тартып алады. Сосын өзі сияқты теріс ағымға оқытып, ұлымның санасын улайды. Олар ер баланы қатты бағалайды», – деп тәмамдады сөзін Үміт.

Telegram-каналға жазылып, бәрінен хабардар болыңыз!

Тағы да оқыңыздар:
Загрузка...
SN туралы      Жарнама

      info.skifnews@gmail.com

«SN.kz» ақпараттық порталына гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.

   

Skifnews жаңалықтарын Facebook-те
оқу үшін "Нравится" белгісін басыңыз

  

 

©2016-2018 Skifnews.kz. Авторлық және жарнама құқықтар толығымен сақталады.