$ 446.49  475.38  4.79

«Аштан өлмеу үшін қар мен шөпті қорек еттім»: Құлдықтан қашып құтылған ақтөбелік қалай аман қалғанын айтты

48 жастағы ақтөбелік Есенбол Дүйсенов құлдықтан қашып, 20 күн бойы түзде қалған. Бұл жайында ол Nur.kz тілшісіне әңгімелейді. Дәрігерлер оның әбден үсік шалған екі аяғын, қолының бір саусағын кесіп алып тастауы мүмкін.

Жұмыссыз жүрген Есенбол ақпан айында досының көрсетуі бойынша Әйтеке би ауданындағы шаруа қожалығына барады. Оны алғашында көмекші етіп, 30 мың теңге айлыққа жұмыс істеткен.

Таңғы сағат 6-да оянып жұмыс істейтін ол бір күні "қожайынынан"үстіне киім сұрапты. Қожайын тесік пима берген. Бірақ Дүйсеновтың айтуынша, басқа жұмысшылардың киімі бүтін екен. Неге екені белгісіз, тек осыған ғана аяусыз қарапты. Үйдегілермен сөйлеспекші болғанда "қожайыны" тіптен рұқсат та бермей қойыпты.

Есенболдың айтуынша, малға қарайтын жұмысшылар үй иесінің әкеп берген маргарин майы, нан, макоронымен ғана тамақтанады екен. Ақыры соңында мұндай өмірден жалыққан ол жаяулатып Ақтөбеге кетуді ойластырады. Бірақ бұл жоспары жүзеге аспай қалған.

Қашпақшы болғанын біліп қойған "қожайыны" оны ұрып-соққан. Туа алмай өліп қалған сиырдың өліміне де Есенболды кінәлаған. Кетуге рұқсат беруін жалынған оған жұмыс беруші келіспейді. Бірақ, ол қашамын деген ойынан бас тартпастан 23 наурызда таңғы сағат 6-да бір ғана күртеше, жыртық пимамен жолға шығып кетіпті.

«Қайда екенімді өзім де білмедім. Аштан өлмес үшін қар мен шөпті қорек еттім. Қанша айғайласам да мені түзде ешкім ести алмады. Қамыстың арасында түнедім. Бір күні көліктің дауысын естіген бойы бар даусыммен айқайладым. Геологтар екен. Мені көрген бойы көмектесті. Бірақ қамыстың арсындағы суда қалып қойған мені төтенше жағдайлар қызметкерлері ғана шығара алды. Кейіннен Ақтөбедегі аурухана алып келді. Сөйтсем сол уақыт ішінде маған қызым мен ағам іздеу салыпты», – дейді сол кездегі жағдайын есіне алғысы келмеген Есенбол.

Әйтеке би ауданадық ішкі істері бөлімі Есенбол Дүйсеновтың арызы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Ағасының айтуынша, шаруа қожалығының иесі Есенболдың еміне көмектесетінін айтқан. Бірақ ол өзін бұл іске кінәлі емес деп есептейді екен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары