13.06.2018, 14:41

Бала құқықтары жөніндегі жаңа уәкіл ОҚО-да зорланды деген 7 жасар балаға назар аударды

ҚР Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаева ОҚО-да зорланды деген 7 жасар балаға назар аударып, алдағы жоспарлары туралы айтып берді деп xабарлайды ҚазАқпарат.

«Әрине, алдымен бәрін қарап шығу қажет. Осы жұмыстың негізінде алдағы жоспарлар да жасалады. Сөз жоқ, балалар құқықтарын қорғау мәселесіне баса назар аударылады. Мен өзі бір күннің ішінде миллиондаған баланың анасы болып шықтым. Бұл – үлкен жауапкершілік, үлкен сенім. Ал жауапкершілік бар жерде жұмыс та көп. Мен өзім бір нәрсені алдын ала айтпаймын, нақты фактімен сөйлегенді жақсы көремін», – деді С.Айтпаева журналистерге берген сұxбатында.

Оның айтуынша, балалар құқықтарын қорғау үшін алдымен ана мен әке институтын күшейту керек. Мұғалімдер де баланың көңіліне баса назар аударуы қажет.

«Біріншіден, ата-аналар өз баласының көңілін түсінуі керек. Оны қандай мәселелер мазалап жүр? Көңілі неге алаңдайды? Соның бәрін білуі тиіс. Екіншіден, мұғалімдер де баланың көңілін бақылуы қажет. Әлі есімде, біздің кезімізде мұғалімдер анамыз сияқты болды. Отбасының жағдайын, баланың қандай мәселеге алаңдап жүргенін – бәрін-бәрін біліп отыратын. Меніңше, қазіргі сынып сағаттарын мұғалім мен бала арасындағы байланысты орнатуға арнау қажет. Негізі, мұғалімге, анаға, әкеге деген сенім болса, баланың өз-өзіне деген сенімі де мықты болады. Дәл осы сенімді күшейтуіміз керек. Әке кодексі, ана кодексі сияқты бір құжат болу керек сияқты. Сонда нақты ақыл-кеңестерді көрсетуге болады», – деп атап көрсетті  Айтпаева.

Айта кетейік, күні кеше ҚР Парламент Сенатының депутаты Сәуле Айтпаева ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне тағайындады. Сәуле Мұханбедианқызы - Қазақстанның тұңғыш әйел генералы. Осынау жоғары шенді 2013 жылы Отан Қорғаушылар күні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі табыс еткен болатын. Сәуле Мұханбедианқызы 1960 жылдың 22 мамырында Торғай облысы Жақсы кентінде өмір есігін ашқан. Оның өмірлік жолы қазақстандық әйелдің ең биік мақсатты бағындыра алатынын, дарын мен еңбек сүйгіштік табысқа жетудің басты шарты болатынын дәлелдейді. Свердлов заңгерлік институтын бітіргеннен кейін Сәуле Мұханбедианқызы прокуратура  саласының барлық баспалдағын басып өткен. Оның еңбек жолы Ақмола облысы Целиноград қаласы Ленин ауданының прокуратурасында басталған. Одан кейін ол Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқықтық статистика және ақпарат орталығында қызмет етеді. 2003 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының арнайы есеп және құқықтық статистика бойынша Комитет төрағасының бірінші орынбасарлығына тағайындалады. 2017 жылдың шілдесінен – ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Сенатының конституциялық заңдылық, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі.


Telegram-каналға жазылып, бәрінен хабардар болыңыз!

SN туралы      Жарнама

      info.skifnews@gmail.com

«SN.kz» ақпараттық порталына гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.

   

Skifnews жаңалықтарын Facebook-те
оқу үшін "Нравится" белгісін басыңыз

  

 

©2016-2018 Skifnews.kz. Авторлық және жарнама құқықтар толығымен сақталады.