$ 444.32  473.33  4.76

Алматыда халықаралық «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» фестивалі өтті

Алатаудың көркем етегіндегі «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркінде екі күн бойы халықаралық «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» этнофестивалі өтті. Оған Қазақстанның, Венгрияның, Монғолияның, Украинаның, Башқұрстанның, Тывы мен Дағыстанның, Якутияның, Алтайдың, Қалмыкия мен Бурятияның, Қырғызстанның және басқаларының өкілдері қатысты.

Екі күн бойына фестиваль қонақтары кәсіби бүркітшілердің, шабандоз жігіттер мен көкпаршылардың, садақ атушылардың, палуандардың жекпе-жегін, ат үстінде тұрып жерден тиын алатын жігіттердің шеберлігін тамашалап, ұлттық ойындарға қатысып, ұлттық тағамдардан дәм татты. «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» фестивалі ниет білдірушілердің барлығына қазақтар мен түркі елдерінің бай мұрасымен танысуға мүмкіндік береді.

«Ұлы дала – көшпенділер әлемі» этнофестивалі ұлттық мәдениетті насихаттаудың тиімді әдісі. Біздің қонақтар, әсіресе шетелдіктер қазақтардың мәдениетін тез ұғынып, әдет-ғұрыптардың мәніне, декоративті- қолданбалы өнердің эстетикасына, номадтардың жыраулық қасиетіне, көшпенділердің көне дәстүрі мен тұрмысына «терең бойлап», ұлттық ат ойындарын тамашалап,даланың киесі мен рухын сезінетін болады», - деп түсінік берді қаланың Мәдениет басқрмасының басшысы Ханзада Есенова.

Аталған шараға қызығушылық білдіргендердің барлығының түрлі сайыстар мен викториналарға қатысуына, бағалы сыйлықтар алуына, ұсталық жұмыс пен зегерлік бұйымдар жасаудың әдісін үйренуге, ұлттық ас мәзірінің рецептерін алуға, көшпелі елдер өнерінің терең сырына үңілуіне, шағын киіз үйді құрып, қайта жинауға мүмкіндіктері мол болды. Кішкентай көрермендер үшін танымдық көңілді шаралар ұйымдастырылған. Фестиваль қонақтарына этникалық музыканың әлемдік жұлдыздарының, соның ішінде «Сазген сазы» этно-фольклорлық ансамблінің, «Ұлытау», «Алашұлы», «Самрад» топтары мен басқаларының концерті ұсынылды.

 

 
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары