$ 447.4  477.55  4.76

Астанадағы балабақшада бүлдіршіндерді ұрған бала күтушісі жұмысынан қуылды

Астанадағы балабақшалардың бірінде күтушінің ұйқыда жатқан балаларды бірінен-соң бірін ұрып жатқаны түсіп қалған видеоны бұған дейін жариялаған болатынбыз. Әлгі мекеме басшылығы күтуші әйелді эұмыстан қуып тынды. Десе де, ата-аналар балаларын аталған балабақшаға жіберуден қорқып қалған деп мәлімдеді КТК телеарнасы.

Таяқ жеген балалар қатарында кішкентай Нәби де бар. Тілі енді шыққан балақай тәрбиешіден қалай таяқ жегенін ымдап қана көрсетеді.

Балабақшада не жағдай болып жатқаны бақылау камерасына түсіп қалған. Тәрбиеші болса, төбеден түсіріп тұр-ау деп шімірікпейді. Түскі астан кейін ұйықтап жатқан балақайлардың бірін жолай ұрып, екіншісін түрткілеп, шапалақтың көмегімен қатаң тәртіп орнатып жүр. Камила оны баласынан біліпті.

"Сағат түскі 12 жарым кезінде баламды үйге алып кетейін деп бардым. Өйткені, тәрбиешіміз еңбек демалысына шығып кеткен. Жаңа тәрбиешіні жатырқап жүрер деп. Балабақшаға барсам, ұлым жылай береді. Үйге келгеннен кейін қалай ұрғанын, құлағынан жұлқылағанын сұрап білдім", - дейді Нәбидің анасы Камила Серғалиева.

Видеоның басты кейіпкері Жадыра Ермекбаева өткен желтоқсан айында тәрбиешінің көмекшісі болып қабылданған екен. Шілде айында тәрбиеші штатына өткен. Қазір ол қан қысымы көтеріліп, үйінде жатыр. Кінәсін мойындамайды.

Дау болған №84 балабақша – осыдан 3 жыл бұрын «ақылды үй» жобасымен салынған Астанадағы ерекше ғимараттардың бірі. Содан бері ата-аналардан бірде-бірінен шағым болмапты.

Деесе де, басшылық шу шыққан соң Жадыра Ермекбаеваны жұмыстан шығарды. Сондай-ақ, оны жұмысқа қабылдаған балабақша әдіскеріне қатаң сөгіс жарияланып, меңгерушіге қалалық білім басқармасы ескерту жасаған. Ал үш жасар Нәбидің анасы тәрбиешінің үстінен полицияға арыз түсіріпті. Полиция бүгінде тәрбиешіден жауап алып, тексеру жүргізіп жатыр. Соңғы сөз енді сотта айтылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары