$ 448.89  477.93  4.76

Үшінші секторға артылар сенім зор

Азаматтық қоғам институттары елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін артыруға үлкен үлес қосуда. Сол себепті үшінші секторға деген көпшіліктің сенімі зор.

Бұл туралы Оралдағы «Шаңырақ» әлеуметтік кәсіпорының директоры Геннадий Франк жергілікті ҮЕҰ өкілдерімен кездесуі кезінде мәлімдеді.

Айта кетейік, «Шаңырақ» әлеуметтік кәсіпорыны жетімдер үйі мен арнаулы мектеп-интернаттарынан шыққан жастарды жұмыспен қамтып отыр. Мұнда оларды оқытып, одан әрі кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетеді. Жастар кәсіпорын қабырғасында еңбекке тәрбиеленіп, ұжыммен жұмыс істеуге дағдыланып, тәртіп пен жауапкершілік қасиеттерін шыңдауда. «2015 жылдан бастап біз «Балалар kids» сауда маркісімен жұмсақ модульдік жиынтықтар, жұмсақ жиһаздар секілді балаларға арналған түрлі тауарлар тігетін цех аштық,-дейді Геннадий Франк.-Тауарлар еліміздегі заңнама талаптарына сай. Бүгінде өнімдеріміз еліміздің тоғыз аймағына жеткізіледі. Сол аймақтардағы бірнеше білім беру мекемесімен өзара байланыста жұмыс жасаймыз. Электронды дүкеніміз де бар. 2016 жылы Қазақстандағы үздік әлеуметтік кәсіпкерлер каталогына енгендік. Алайда облысымызда біздің жұмысымызға қызығушылық танытып, қолдау білдіріп жатқандар аз. Мәселен, білім беру ұйымдары, балабақшалар қажетті заттарды Ресейден сатып алады. Ал сондай өнімді біз де жасап шығарамыз ғой. Осы бағытта тиісті құрылымдар «Шаңырақты» ұмытпаса екен дейміз. Көп жерлерге біздің сөзіміз жетпей жатады. Сол себепті ҮЕҰ-лар өз тарапынан бізге осы жағынан жәрдем берсе дейміз».

Аталмыш кәсіпорын жұмысымен танысуға барған «БҚО Азаматтық альянсы» ЗТБ президенті Мерует Санкаева бұл орынды ұсыныс екенін айтып, әлеуметтік кәсіпкердің өтініш-тілегі ескерусіз қалмайтыны, құзырлы құрылымдарға жеткізілетіні, әрі тиісті іс-шаралардың қолға алынуына ұйытқы болатындарын да жеткізді.

-БҚО Азаматтық альянсы облысымыздағы 26 заңды тұлғаны біріктіріп отыр. Біз биылдан бастап өңірдегі әрбір әлеуметтік ұйымның қызметтерімен жете танысып, оларда шешімін таппай келе жатқан қандай мәселелер бар екенін біліп жатырмыз. Ол мәселелердің шешу жолдарының бәрі мемқұрылымдарға қатысты емес. Өзара бірігіп әрекет етіп, шешуге болатындары да бар. Сол себепті біз қоғамдық ұйым өкілдерімен бірге аралып, түсіндіріп жүрген жайымыз бар. Бұған дейін «Бәйтерек» мүгедек балалар қоғамдық бірлестігінде, «Арба» тірек-қозғалыс аппаратының қызметі бұзылған мүгедек азаматтарды қолдау қоғамында кездесулер өткіздік. Жалпы алғанда мұндай

шаралар қоғамдық ұйымдардың да жұмысында кездесетін қиындықтарды шешуге, өзара тәжірибе алмасуға септігін тигізері сөзсіз, - дейді «БҚО Азаматтық альянсы» ЗТБ президенті Мерует Санкаева.

Ернар ХАЙДАР,
Батыс Қазақстан облысы

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары