$ 443.85  474.3  4.8

Алматыда Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салды (ФОТО)

Бүгін Қазақстан жұртшылығы танымал спортшы, осыдан екі күн бұрын Алматының орталығында қылмыскер пышағынан мерт болған Денис Тенмен қоштасты деп жазады Азаттық.

Марқұммен қоштасу рәсімі өтетін Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына таңертеңнен бастап адам толассыз келіп жатты. Азалы жиын өтетін жерге спорт және өнер адамдары, марқұмның дос-жарандары, қарапайым адамдар жиналды. Олар 25 жасында қапыда қаза тапқан өнерлі жігіттің туған-туыстарына көңіл айтып, табыт алдына гүл қойып, марқұмға соңғы рет құрмет көрсетті.

Денис Тенмен қоштасуға жиналған адамдар. Алматы, 21 шілде 2018 жыл.

Астана қаласында "Барыс-Арена" спорт кешенінде өтетін азалы шараға жиналған жүздеген адамның арасында қазақстандық танымал спортшылар, мәдениет пен өнер қайраткерлері, депутаттар мен шенеуніктер, қарапайым азаматтар бар.

Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, екі мәрте әлем чемпионатының жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы Денис Тен шілденің 19-ы күні Алматының орталығында пышақпен жасалған шабуыл салдарынан қаза болған.

Алматы прокуратурасының мәлімдеуінше, Денис Тен оның көлігінің айнасын ұрлап жатқан екі адамның үстінен түсіп, олар спортшыға пышақ салған. Ауыр жарақатымен Алматыдағы №12 ауруханаға жеткізіліп, операция жасалғанымен спортшыны ажалдан арашалау мүмкін болмады деп хабарлады дәрігерлер.

Құқық органдары Қылмыстық кодекстің "пайдакүнемдік ниетпен топ болып кісі өлтіру" бабы бойынша іс қозғаған. Алматы полициясы жұма күні Денис Теннің өліміне күдікті екі адамның ұсталғаны туралы хабарлаған.

Қылмыскер пышағынан болған қаза Қазақстан қоғамында резонанс туғызды. Әлеуметтік желілерде қолданушылардың көбі ішкі істер органдарының жұмысын сынады. Шілденің 20-сы күні Қазақстан президентінің әкімшілігі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бас прокурор Қайрат Қожамжаров пен ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа спортшы Денис Теннің қазасына қатысты істі "ерекше бақылауға" алуды тапсырғаны туралы хабарлады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары