$ 449.58  486.94  4.86

«Нағыз қанішердің ұсталғанына сенбеймін»: Қылмыскердің қолынан қаза тапқан қостанайлық қыздың анасы

Дарья Махартованың анасы қылмысқа қатысты полицейлердің оған ешқандай ақпарат бермей отырғанын айтады деп жазады BNews.kz.

«Қызымның өліміне қатысты ақпаратты басылымдар мен интернет арқылы біліп отырмын. Болған жайттан барлығы хабардар, бірақ мен білмеймін. Тіпті қылмыскерді ұстағанын жаңалықтардан көрдім. Маған Дашаның қаза болған уақытын әлі күнге дейін айтпады. Қылмыс 20 маусым, не 21 маусым күні болған. Менде күдік басым. Нағыз қанішердің ұсталғанына сенбеймін»,  – дейді Ольга Покатаева.

Айтуынша, қылмыскер қызы Дашаны аса қатыгездікпен өлтірген.

«Мұндай қатыгездікке есі дұрыс адам бармайды. Менің ойымша, қылмыскер бұрын да істі болған не болмаса біреулер оның еркектік намысын таптаған сияқты. Полицейлерден қылмыскер қызымды өлтіруге жоспарлы түрде барғанын сұрағанымызда, олар жоқ деп жауап берді. Бұл қалай болғаны? Ол қаруды қайдан алды? Менің ойымша, ол жоспарлы түрде өлтірген», – дейді қайғыдан қан жұтқан ана.

Тіпті қызының сол күні киген киімі әлі де табылмағанын айтады.

«Дашинаның киімі қайда? Қылмыскердің де сол күні киген шорты мен футболкасы жоқ. Ол Дашаның киімін қайда тығып қойғанын көрсете алмаған. Полицейлердің айтуынша, бес жерді көрсетіпті. Менің ойымша, ол адам тіптен Дашаның киімі қайда екенін де білмейтін сияқты. Ал куәгерлердің айтуынша, қылмыскердің үстінде футболка, шорты, аяғында сланцы, қолында рюкзак болған. Олар мүлдем басқа адамды бейнелейді. Көршілерім де ұсталған адамның мұндай қатыгездікке бармайтынын айтып отыр. Ол спирттік ішімдікке құмар адам екен. Ешкім оның жас қыздарға көз қырын салғанын көрмепті», – дейді қыздың анасы.

Ольга құқық қорғау органдарының тексеру жұмыстарын әділетті жүргізулерін қалайды. Сондай-ақ, қызын өлтірген қанішерге ең ауыр жаза берілгенін талап етеді.

«Мен қуыршақтай қызымның өмірін жалмаған қылмыскердің өмір бойына бас бостандығынан айрылғанын қалаймын. Өйткені мұндай қайғыны басқа аналардың басынан кешіргенін қаламаймын», – дейді Ольга.

Айта кетсек, 18 жастағы Дарья Махартова 20 шілде күні сағат 22:00 шамасында үйінен шығып, қайтып оралмаған. Із-түзсіз жоғалып кеткен Затобол ауылы тұрғынының мәйіті Қостанай қаласының іргесіндегі орман алқабынан табылды.

 

 

 

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары