$ 443.85  474.3  4.8

Алматы соты жүкті әйелді кішкентай баласымен бірге далада қалдырып, үйлерін сүріп тастады

Алматыда бүтін бір отбасы далада қалды. Көршілері сыйыстырмаған 72 жастағы зейнеткердің өзі, қызы, немересі және шөбересі бір айдан бері далада түнеп жүр. Көрші-қолаңның арызынан кейін сот олардың үйлерін сүргізіп тастаған деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Қазір Сара Баярқанованың үйінен тек үйінді ғана қалған. Өздері сол маңайда ашық аспан астында түнеп жүр. Қайда барарларын білмейді.

"Біз бәріміз осы үйде тіркеуде тұрғанбыз. Тіпті, не айтарымды да білмей тұрмын, жылай-жылай жасымыз да таусылды. Бізді адам екен деген жоқ, келді де сүріп тастады бәрін. Ешкімнің жерін басып алған жоқпын, қолымда қажетті құжаттың барлығы бар, бірақ оған қарамады", - дейді зейнеткер Сара Байрқанова.

Баярқановтар отбасы үйдегі жиһаз атаулыны туыстарының үйіне тасып үлгеріпті. Бір диванды алып қалып, төртеуі соның үстіне түнеп жүр. Ал, әжейдің немересі Амина Баярқанованың аяғы ауыр, қолында кішкентай қызы да бар.

"Үйімізден не қалғанын көріп тұрсыздар. Мен екінші баламды күтіп отырмын. Қай жерде босанамын, оған қалай қараймын, ол жағы белгісіз. Қазір бәріміз далада түнеп жатырмыз. Тамақты да осында жейміз. Жауын жауса туыстардың үйіне барамыз, қызымды ауыртып алғым келмейді", - дейді Амина Баярқанова.

Зейнеткердің айтуынша, проблема осыдан бірнеше жыл бұрын басталған. Көршілері оның үстінен жерді заңсыз басып алып, үй салды деп арызданған екен. Алайда, құжат бойынша бұл жер телімі баршаға ортақ, ал шекарасы шартты түрде ғана белгіленген көрінеді. Яғни, заң жүзінде мен ешкімнің жерін басып алған жоқпын дейді әжей.

"5 жылдан бері мені соттан сотқа сүйреп келеді, өз мүлкімді еркін пайдалануыма мүмкіндік бермеді. Мен қолымда құжаттарым түгел болғандықтан уайымсыз өмір сүріп келген едім, сөйтсем бәрі де бекер екен", - дейді Сара Баярқанова.

Зейнеткер соттардың бәрінде жеңіліпті. Қазір өзіне уақытша тұратын баспана іздеп жүр. Алайда, оған да ақшасы жоқ. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары